Бүгінгі таңда діни экстремизм бүкіл адамзат қауымының басты мәселесіне айналып отыр. Бұл жат ағымның жетегінде кетушілердің басым көпшілігі – жастар. Ал жастарымыз ел болашағы саналатындықтан олардың тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес.
Рудный қаласы әкімдігінің ақпараттық-үгіт насихат тобының мүшелері қараша айының басынан бері бірнеше колледждер мен мектептерде болып, оқушылармен деструктивті діни ағымдардан сақтану тақырыбында дәрістер өткізді.
Мәселен, Қашар кентіндегі мемлекеттік тілде білім беретін №2 орта мектепте ұйымдастырылған келелі жиынға «Нұр» мешітінің бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев қатысты. «Діни экстремизм және терроризм» тақырыбында өрбіген келелі жиында дін өкілі жастарға ислам жөнінде жалпы түсінік беріп, ілімсіздік, діни экстремизмнің бүгінгі бет-бейнесі туралы, өмірімізде белең алған лаңкестік әрекеттер жөнінде әңгімеледі. Бектұрсын қажы Торғайбайұлының айтуынша, қазіргі кезде дәстүрлі діндердің атын жамылып, ел арасына іріткі салып жүрген теріс діни ағымдар адамзат қоғамына қауіп төндіруде.
Жастардың осы жолға бой алдыруының негізгі себебі – діни сауатсыздық, ақпараттың жетіспеушілігі және көп нәрсеге немқұрайлы қарауы. Сондықтан жаһандану жағдайында оларға ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсіндіріп, жол көрсетіп, жөн сілтеу – қоғамның ең маңызды міндеті, — дей келе өзге елдердегі саяси жағдайларға, діни экстемизммен күрестің тиімді тетіктеріне тереңірек тоқталып, рухани әңгіменің түймесін ағытты. Жастар да уағызға шөліркеп қалса керек, бас имамның сөзін ұйып тыңдады. Көкейін дүдәмәл ойлар мазалағандар аз емес екен. Сұрақ-жауап бөлімінде студенттердің дін мәселесіне қатысты қойылған сауалдарында бас имам байыппен, тұщымды жауап берді.
– Діни-саяси экстремизм – діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда – терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады. Қауіпті жағдайға айналған осындай әрекеттерді іске асыру, көбіне қарулы топтар құрып, өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы дін және ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқын жаппай бұзумен қатар жүреді.
Мұндай шектен шыққан экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Экстремистер қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Саяси экстремизм тек саяси мүддені ғана көздейді. Олар адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады, – деді Бектұрсын Уәлиев.
Әлеуметтік желілерде экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламалары толассыз өрбіп барады. Сол себепті кездесуде діни ағымдардың насихаты үшін таптырмас алаңға айналып отырған әлеуметтік желілер туралы да айтылды.
Жиында отбасылық құндылықтар, ата-ананы құрметтеу, ұстазды қадірлеу мақсатында тағылымды әңгімелер де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар жастар тәрбиесі, білім алудың маңызы және мектепішілік ереже туралы мол мағлұмат берілді.
– Кездесуде көкейдегі барлық сұрақтарыма жауап алдым. Шынымен де, замандастарымның көбі бос уақытын әлеуметтік желілерге телміріп өткізетіндіктен, қауып көп. Имам дін атын жамылған жат ағымдардан қалай сақтану керектігін, нені назарға алып, неден аулақ болу керектігін жіпке тізіп берді. Сондай-ақ оқушылар арасындағы қарым-қатынас, ата-ана мен ұстазды құрметтеу, қадірлеу керектігі де сөз болды. Намаз оқу, ораза тұту, садақа берудің пайдасы туралы да білімдеріміз кеңейе түсті. Барлығымыз қонақты ұйып тыңдадық және өзімізге қажетті сабақ алдық деп есептеймін, – дейді 10 сынып оқушысы Аружан Мұқантай.
Бас имам Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, Рудный көлік және құрылыс колледжі, Музыкалық колледж, Рудный технология және сервис колледжінің студенттерімен де кездесулер өткізіп, тәрбиелік мәні терең, жастарымызға өнеге болатын уағыз-насихатттарды үзбей жүргізіп келеді.
– Мемлекет тапсырыс аясында Рудный жұртшылығына дін атын жамылған деструктивті ағымдардың алдын алу бойынша жыл басынан бері 85 кездесу өткізілді. Оған үлкені бар, кішісі бар 3000-нан астам тұрғын қатысты. Еңбек ұжымдары мен білім ошақтарындағы ақпараттық-үгіт насихат жұмыстарына «Нұр» мешітінің имамы мен қызметкерлері, қоғам белсенділері, халық қалаулылары тартылған, – дейді әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Саби Дуанов.
Қорыта айтсақ, теріс ағымдағы ұйымдардың басты құралы – халықтың сеніміне кіру. Көп жағдайда олар жастарға «сенімді дос» болуға тырысады. «Жастарға қолдау көрсетеміз» деген ұранмен жас өспірімдерге арналған спорттық жарыстар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Қамқорлықтың астарында деструктивтік бағыттағы уағыздар мен сананы улау жатады. Сол себепті оқушылар мен жастарды жақсы мен жаманның аражігін ажыратуға үйретуде осындай іс-шаралардың маңызы зор.
Айзат ИБРАГИМОВА