«Оян, қазақ!» деген бір ауыз сөзімен-ақ тек қазақты ғана емес, бүтін түрік халықтарын рухтандырған Міржақып Дулатұлы да абақтыға қамалды. Сосновецтағы еңбекпен қатаң жазалау лагерінде отырғанда камерадағы түбі бір туысқан ұлыс тумаларынан сұрай отырып, төрт дәптерден тұратын «Қазақша-орысша сөздік» жазған. Міне, түрмеде отырған қайсар жанның ерлікке бара-бар ісі.
Міржақыпты алдыңғы толқын ағалар «Жақаң» деп айрықша лепеспен құрмет тұтқан. Сол Жақаң Соловки лагерінде жүргенде бухгалтерлік курсқа жазылып, есепші мамандығын игереді. Сол мамандықпен бір-екі жыл қызмет етіп, тұрмысы жақсарады.
Ақтеңіз ортасындағы Соловки аралының ауасы дымқыл, тұман басып тұрады екен. Күн көзі де көрінбейтін жер екен. Сол тағаны зәй тартып тұратын жерде Жақаңның денсаулығы нашарлап, демікпе дертіне ұшырайды. Лагер жанындағы ауруханада емделіп жатқанда Медвежья Гораға ауыстырылады. Осы жердегі лазеретте шаруашылық жұмыс істей жүріп, лекпом (лекарский помощник-фельдшер) оқуын оқығаны бар. Осы мамандықты игерген соң, түрмедегі бауырларын емдеп, оларға медициналық көмек көрсеткен. Айдауда жүріп те оқып, диплом алып шығуға болатынын көрсететін оқиға.
Міржақыпқа қатысты тағы бір дәйекті дерек – карцерге (жалғыз кісілік бөлме) қамалуы. Жалғыз адамға арналған шағын бөлмеге адамның рухын сындыру үшін және психологиялық жүйке күйзелісіне ұшырату үшін қамайды. Бұл 24/7 режиміне жападан жалғыз қамалған адамды азаптаудың ең сорақы түрі. Ал Жақаң болса мұның амалын тауыпты. Қатып қалған нан қиқымдарын жиып, шахмат ойнап, өзін-өзі дамытыпты. Қызы Гүлнар анамыздың жазғанына сүйенсек, карцерде отырып Алла Тағалаға ғана сеніп, Құран сүрелерін оқып, құлшылық еткен екен. Адам жалғыз қалғанда оны шайтан айналдырып, мазасын алады. Жақаңды ібілістің ілмегіне дұғасы іліндірмеген десек, еш қателеспейміз.
Ердос ТОҚТАРБАЙ
газета «Рудненский рабочий»