Елімізде заманның сұранысына сай цифрлық білім беруді дамыту маңызды міндет саналады. Бірақ сол міндетті жүзеге асыру, қолда бар мүмкіндікті толық пайдалану ұстаздардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Осы орайда Рудный қаласындағы №19 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі Мария Тишканбаева өз тәжірибесімен бөліскен болатын.
Қазіргі таңда еліміздің барлық мектептері интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген. Бірақ оның мүмкіндігін барлық ұстаз бірдей пайдалана бермейді. Соның кесірінен оқушыларымыз да өркениеттің осы игілігінен құр қалып жатады.
– Өз басым математика сабақтарында интерактивті тақтаны қолдану арқылы оқушылардың қызығушылығын, интеллектуалдық танымын, білім сапасын арттыруға тырысамын. Бір жағынан дайындалған арнайы тапсырмаларды тыңдап қана қоймай, көздерімен көріп, оны жетік түсінуге дағдыландырамын. Нәтижесінде тұйық оқушылар ойын айтып, сабаққа қызыға бермейтіндері белсенділік танытып жатады, – дейді Мария апай.
Жалпы ғаламторда білім ресурстарының түрлері өте көп. Оқу үдерісінде цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану үшін, алдымен оның топтамасымен танысып, өзіне қажетті ресурсты таңдайды екен кейіпкеріміз.
– Солардың ішінде Classtime бұл – оқушылардың жетістікке жетудің айқын жолы. Pollock Technologies әзірлеген Classtime Gamification, Kahoot және Real-Time Analytics сияқты функцияларды қамтамасыз етуге арналған. Classtime ақысыз (және шектеулі) және жабық бағдарламалық жасақтама, көптеген платформаларда, соның ішінде вебте жұмыс істейді. Жоғарыда айтылған цифрлық ресурстардың ішінде үнемі сабағымда Classtime, Kahoot, Learning Appc қолданамын.
Сабақ барысында тапсырмалардың түр-түрін құрастырамын: бір немесе бірнеше жауабы дұрыс тапсырма, жалған/шындық, мәтіндік; сәйкестендіру, ашық сұрақтар, сурет арқылы бейнелеу тағысын тағылар, – дейді ұстаз.
Мария апай Classtime-мен жұмыс істегенде оқушылардың жауаптарын, нәтижелері мен бағаларын PDF немесе Excel форматында көрсетіп отырады. Осылайша заман көшіне ілесіп отырған жайы бар.
Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Орта білім беру мазмұнын жаңарту бүгінгі күннің талабы болғандықтан, осы талап деңгейінде жұмыс атқару – әр ұстазға жүктелер үлкен міндет, үлкен сын.
Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ