Қазіргі таңда қазақтың қара домалақ ұлдары мен қаракөз қыздары мұхит асып, жат жерде оқығанды қалайды. Дей тұрғанмен, соңғы жылдары шетелге оқуға барып, сол жақта қалып қоятындардың қарасы көбейген. Жастардың «жайлы өмірді» аңсап, шетел асуына не себеп? Шетелдегі оқудың артықшылығы неде және нені қаперде ұстау керек? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында Түркия еліндегі Ақсарай университетінде білім алып жүрген жерлесіміз Салауат Бегалыевпен әңгімелестік.
– Салауат, Түркия елінің қай қаласында білім алып жүрсіз? Қандай мамандықта?
Мен 2016 жылы Рудный қаласында № 19 мектепті тәмамдадым. Одан кейін Ақтау қаласында колледжге оқуға түстім. Оны бітірген соң, бауырлас Түркия еліне арман қуып оқуға аттандым. Қазіргі таңда Анкара қаласының жанындағы Ақсарай шаһарында Ақсарай университетінде «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алудамын. Әзірге, бірінші жыл тіл үйреніп жатырмыз.
Ал, бұл университет жайлы қайдан естідің? Қандай құжаттарды дайындадың? Қорқыныш сезімі болмады ма?
– Бұл оқу орны жайлы инстаграм желісінде кездейсоқ көріп қалдым. Содан кейін қызығушылық оянды, іздене бастадым. Сол жақта білім алып жүрген қазақ жастарымен сөйлесіп, біртіндеп ақпарат жинадым. Құжат дайындау бойынша, ең маңыздыларына тоқталсам, шетелдік төлқұжат, диплом, елшіліктен деңгейлік белгі қажет, әрі барлығы түрікше, қазақша форматта болуы керек.
– Ал, ата-анаңның тарапынан қарсылықтар болмады ма?
– Алғашөы кезде ата-анам қарсылық білдірді. Кейін қорқуға негіз жоқ екеніне көздері жетті. Барлығы тексерілген екенін дәлелдеп, жақындарымды көндірдім. Содан соң рұқсаттарын берді. Ақ баталарын алып, дәмді тағамдар мен әсем табиғаттың Отанына айналған елде оқуға тапсырдым.
– Сонау Туркия елін таңдауға не себеп болды? Түрік халқының қазақ халқынан айырмашылығы бар ма?
– Біріншіден, егер Түркияда оқуды бітірсеңіз, қолыңызға халықаралық деңгейде мойындалған дипломды аласыз. Екіншіден, баға жағынан да, төлемақы жағынан да әлдеқайда арзанырақ, әрі Түркия елі — бауырлас мемлекет. Діни ұстанымымыз бір. Сонымен қоса, туризм жақсы дамыған елдердің бірі. Қазақ халқы секілді олар да өте қонақжай халық. Өзіме ұнайды.
– Шетелдегі және біздің елдегі оқудың айырмашылығы жайлы айтып өтсеңіз. Түркияда қазақ жастары көп пе екен?
– Қазақ жастары өте көп, әр қалада жүзге жуық қазақ студенттеріміз бар. Себебі. Түрік мемлекетінде оқу бағасы біздің еліміздегі оқу мекемелерімен салыстырғанда арзанырақ. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Шетелден келген жастарға жақсы көмек көрсетіледі. Жатақханада тамақтандырудың өзі қарастырылған.
– Шет елде қаражат жағынан қиыншылықтар болып тұратын шығар…
– Біз пәтер жалдап тұрамыз. Бағасы 1800 лира, біздікімен шаққанда шамамен 50 мың теңгені құрайды. Тамақ жағынан, түскі ас бағасы150 теңге, кешкі тамақ та шамамен 150-200 теңгедей болып қалады. Дегенмен, жат жерде жүрген соң, қаражат жағынан қиындықтар боп тұрады. Біздің университетте бұл жағынан жағдай жасалған. Яғни, студенттер үшін арнайы жұмыс бар. Біз аптасына 3 мәрте сабақ оқимыз, қалған бос уақытта жұмыс жасауға болады. Сонымен қатар, қазіргі таңда желіде де табыс табуға болады.
– Қазіргі таңда жастардың жаппай шет ел асуыңа не себеп деп ойлайсыз? Жалпы, жат жерге кетуге асығатын құрдастарыңыз жайлы көзқарасыңыз қандай?
– Менің ойымша, жастар ел аралап, жер көргісі келеді, өздерін дамытқысы келеді. Өз басым, шетелде білім алғанды құптаймын. Меніңше, шетелде білім беру деңгейі жоғары. Әрі қаржылай жағынан арзандау болуы мүмкін. Ал, жастар Еуропа жағына кететін болса, қаражат жағынан кедергілер кездеседі.
– Шетелге оқуға түскісі келетін жастарға қандай кеңес бересіз? Оқу бітірген соң, туған жеріңізге оралып жұмыс істегіңіз келеді ме?
– Ең алдымен, колледжде оқып жатқан жандар болса, бағаларың түзету керек. Өйткені, құжаттар тапсыратын кезде дипломдағы бағалар белгілі бір деңгейден жоғары болуы шарт. Қай елге барасыз, сол елдің тілің меңгеріп барған абзал. Егер де білім алып, дамығыңыз келсе, алған беттеріңізден қайтпаңыздар, ешкімнің сөзіңе құлақ аспаңыздар. Әрине, оқуды аяқтаған соң, өз еліме келіп жұмыс жасап, өз халқыма пайдамды тигізгім келеді.
Сұхбаттасқан Арай Марат