31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
Аталмыш күн ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай, 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы шығып, соған сәйкес 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні болып жарияланды. Бұл күні бүкіл ел саяси қуғын-сүргін құрбандары болған біздің отандастарымызды еске алады.
Қазақстандағы тұнғыш репрессия 1928 жылдан басталды. 1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Ғылым, мәдениет және саясаттағы бетке ұстар азаматтар, зиялы қауым өкілдері атылды. Мәселен, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ілияс Жансүгіров, Абдулла Розыбакиев, Санжар Асфендияров және тағы басқалар. Қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасты.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корейлік отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Елімізге өз еріктерінен тыс Крым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері келді. Осы жылдар аралығында барлығы 1 млн. 500 мың адам жер аударылды. Жалпы, тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие. Адамзат баласы өз өткенін, тарихын ешқашан ұмытпауы керек. Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде.