Қазақстанда әрбір үшінші жасөспірім құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады
Бүгінгі күні жан-жағымыздан жылулық сезілмей, адамдардың бір-біріне мейріммен қарауы азайып барады. Жас балалардың өзінде жұдырық ала жүгіруіне, бопсалауға, әлсіздерге қысым көрсету жағдайлары көбейді. «Мектептегі буллинг» тақырыбында Астана қаласының № 4 емханасының психологы Мөлдір Баетпен сөз қозғаймыз.
– Мөлдір ханым, қазір буллинг жағдайлары жиелеп кетті, оған не себеп?
– Ең бірінші себеп ол баланың ішкі ойлары, ата-ананың тәрбиесіндегі жіберген қателіктерінен бастау алады. Нақтырақ айтсақ, қазіргі ата-аналар күнделікті тіршілік қамығын алдыға салып, балаға көңіл бөлінбейді. Үйінде зорлық-зомбылық көріп, мектепте, немесе басқа да жерлерде өздерінен әлсіз қарсылас тауып, “мықтылығын” көрсету мақсатында қате әрекеттер жасауда. Бір оқушының қателіктері басқа білім алушылардың қайталауға немесе кек қайтаруға итермелеуі мүмкін.
– Буллинг зардабына кім ұшырайды, бұл қалай байқалады?
– Буллинг зардабына кез келген оқушы ұшырауы мүмкін. Бірақ, әсіресе өзгеше киінетін, не болмаса киім үлгісіне мән бермей, алақ жұлақ жүретін оқушылар, толық келген немесе тым арық оқушылар және аз қамтылған отбасы тәрбиеленушілері ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар, өте сезімтал, ұстаздардың қолдауына ие, үлкендердің сөздерін сөйлейтін оқушылар да буллингтен жәбір көруде. Баланың жабылуы, көңіл-күінің төмендеуі, оқуға деген зейінінің төмендеуі – қорқыту немесе кемсіту әрекеттерінің бастапқы белгісі. Сондай-ақ, ұйқы бұзылуы, тәбеттiң болмауы, өзi жайлы жаман ойлау, cабақ үлгерiмдерiнiң нашарлауы, өзiн жалғыз cезiну, уайымға берiлу, не ашулану сияқты өзгерістерді байқай аламыз.
– Буллингтің түрлері барма және оның салдары қандай?
– Буллингтің сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, реляцион түрі және кибернетикалық буллинг түрлері бар. Қазір кибербуллинг көбейіп бара жатыр. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Өкінішке орай, буллингтің салдары психологиялық жарақат, ересек жастағы қарым-қатынастағы проблемалар, ауру немесе тіпті өлім болып табылады.
– Осы орайда, ата-аналарға қандай ақыл-кеңес бере аласыз?
– Балаларды агрессиясыз, конструктивті мәселелерді шешуге үйретіп,жетістікке жеткенде мадақтаңыз. Естеріңізде болсын, мақтау өзін-өзі бағалауды арттырады. Олардың мектептегі күндерін қалай өткенін сұраңыздар, олардың мектеп ортасы, сыныптастары мен проблемалары туралы айтқан сөздерін мұқият тыңдаңыздар. Буллинг көрінісіне тап болсаңыздар, алдымен мектеп психологі және инспектор көмегіне жүгінген жөн.
Гүлім Мұрат