«Бір ел – бір тағдыр»

Осындай атаумен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығы тыңдаушылар арасындағы мерекелік іс-шара өткізді. Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Балтақызы өз сөзінде «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған еліміз үшін бұл мейрамның орны ерекше екенін атап өтті.

– Қазақстан халқына бірлік пен татулық идеясын насихаттау мақсатында өткізіліп отырған шараның мақсаты — орталық тыңдаушыларына, тіл жанашырларына мерекелік көңіл-күй сыйлау, әртүрлі ойындар арқылы қатысушылардың тұлғалық қабілетін дамыту, Қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге және халқын құрметтеуге тәрбиелеу, басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, әдет — ғұрпын сыйлауға үйрету. Қатысушылар өздерінің білімдерін, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Ойын барысында достық, өз ара сыйластық сезімдерін көрсете білді. Бұл қуантарлық жағдай. Біздің тыңдаушыларымыз осындай шараларға белсенді қатысып отырады. Бейбіт күніміз, бейбітшілігіміз мәңгілік болсын! Барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтаймын! Еліміздегі ұлттардың достастығы мәңгілік болсын!, – деді орталық басшысы Жанат Балтақызы өз сөзінде.

Қатысушылар Қазақстан, Үндістан, АҚШ және Ресей мемлекеті өкілдері ретінде топ болып бақ сынасты. Байқау «Таныстыру», «Сырлы әлем», «Қызық екен» және «Достық пирамидасы» атты 4 кезеңнен тұрды. Ойын қатысушыларының бірі Людмила Нугманова тілдер орталығына 2 жылдан бері қатысады.

– Біз жеребе арқылы Үндістан мемлекеті ретінде ойынға қатыстық. Мереке қарсаңында өте жақсы шара ұйымдастырылды. Барлық қатысушылар жақсы дайындықпен, әртүрлі ұлт өкілдерінің киім үлгісімен келген. Әнде айтылды, биде биленді. Көпұлтты Қазақстанның бірлігі жарасқан достастығы нығая берсін! Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін! Мереке құтты болсын!, – деп өз ойын білдірді қатысушы.

Сонымен қатар, Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы қызметкерлері «Қазақстан» елі ретінде қатысты. Топ мүшесі Елена Шишкинаның айтуынша, осындай жиындар тілді үйренуге көмектеседі.

– Мерекелік шара жайлы естіген уақытта, бірден келістік. Неге өзіміздің қабілетімізді шыңдап, қатысып көрмеске дедік. Біздің қолымыздан келді деген ойдамын. Орталыққа келіп жүргеніме көп болмады. Бірақ, осындай шаралар дағдыларымызды дамытуға көмектесері анық. Байқауға әртүрлі, қызықты деген елдер таңдалған. Ел тарихи, мәдениеті жайында да біршама хабардар болып қалдық. Көктем мерекесімен құттықтаймын! Бірлігіміз жарасып, бейбіт күнде өмір сүре берейік, – деп ізгі ниетін білдірді.

Шара соңында үздіксіз қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылар орталық басшысының атынан алғыс хаттармен марапатталды. Барша көрермен жақсы көңіл күйде тартасты.

Гүлім МҰРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *