Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары белсенді қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Осы экоакция аясында Горняцк кентінің аумағын тазарту және абаттандыру бойынша кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке кент әкімдігі мен шағын орталық қызметкерлері және тұрғындар қатысты.
Мекеме қызметкерлеріне ауылдың аумағын қоқыстан тазарту үшін қосылған жастар ерекше белсенділік танытты. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ықпал етеді.
Горняцк кентінің әкімі Зейнелғабиден Әбілов кент аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Ол жергілікті тұрғындардың ортақ күш-жігерінің арқасында қоршаған ортаны жақсарту міндеті ойдағыдай жүзеге асырылатынына сенім білдірді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жұртшылықтың назарын аударуды жалғастыруда. Бұл жеті күндікте су объектілері мен өзендерді, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазартуға баса назар аударылды. Акцияның әр аптасы қоршаған ортаны жан-жақты жақсартуға ықпал ететін белгілі бір тақырыпқа арналған. Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын акцияны өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.
Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ