Грант конкурсының нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады.
13 шілдеде мемлекеттік грант конкурсына өтініш қабылдау басталады. Биыл бакалавриатқа 79 мыңға жуық білім беру гранты бөлініп отыр. Әртүрлі санаттағы талапкерлерге арнайы квоталар бекітілген. Квота мөлшері дегеніміз – бөлінген грант санының пайыздық үлесі. Мысалы, биыл су басқан өңірлер түлектеріне барлық гранттың 20 пайызы (12 528 грант) бөлініп отыр.
Осы орайда Информбюро порталы Ұлттық тестілеу орталығының ақпаратына сүйене биыл квотамен кімдер грантқа оқуға түсе алатынын және «Серпін» бағдарламасы мен сараланған гранттардың қалай үлестірілетінін түсіндіреді.
Квота түрлері
Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 15 тамыздағы № 261 бұйрығына сәйкес, мынадай квота түрлері бар:
- I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;
- басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5%;
- ауыл квотасы – 35%;
- Қандас квотасы – 4%;
- жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар санатындағы азаматтар үшін – 1%;
- үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққандар үшін – 5%;
- кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5%;
- кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%;
- бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.
- сондай-ақ, биыл су басқан өңірлердің талапкерлеріне грант санының 20%-ы бөлінді.
Көпбалалы отбасы квотасы
Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балалар квотасы 5%-ды құрайды. Яғни, жалпы мамандыққа бөлінген гранттың 5%-ы осы квотамен беріледі. Мысалы, 2024 жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 13 735 грант бөлінген. Оның ішінде 687 грант немесе 5%-ы көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған.
Квота шарттары:
- талапкер 18 жасқа толмауы керек;
- отбасында кәмелетке толмаған төрт бала, оның ішінде 23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын ЖОО немесе колледж студенті болу керек.
Мысалы, талапкердің өзі (18 жасқа толмаған) + 1 бала (18 жасқа толмаған) + 1 бала (18 жасқа толмаған) + 1 бала (23 жасқа толмаған күндізгі бөлімде оқитын ЖОО немесе колледж студенті).
Ауыл квотасы
Ауыл квотасы 35%-ды құрайды. Яғни, жалпы мамандыққа бөлінген гранттың 35%-ы ауыл квотасымен беріледі. Ауыл квотасы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша беріледі. Мысалы, педагогикалық, IT, ауыл шаруашылық, ветеринария, медициналық және басқа да мамандықтарға бөлінеді.Ауыл квотасы үшін анықтама алудың қажеті жоқ. Ауылдық жерде орналасқан мектепті бітірсеңіз, ақпарат базада болады.
Қандас квотасы
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға арналған Қандас квотасы 4%-ды құрайды. Яғни, жалпы бөлінген гранттың 4%-ы қандастарға беріледі. Мысалы, 2024 жылы «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша 13 735 грант бөлінген, оның ішінде 549 грант немесе 4%-ы қандастарға арналған. Бұл квота бойынша грант конкурсына қатысу үшін қандастар ұлты (қазақ) көрсетілген шетел төлқұжатын ұсынады.
Атап өтсек, қандастар үшін грант конкурсына қатысуға ҰБТ-ның шекті балдары бекітілмеген.
Су басқан өңір түлектері
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің, яғни Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының түлектеріне негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. Осылайша, төрт тестілеудегі ең үздік ҰБТ нәтижесімен грант конкурсына қатыса аласды.
Сондай-ақ, 2024 жылы жалпы грант санының 20%-ы, яғни 12 528 грант су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді. Еске сала кетсек, бұл аймақтан шыққан талапкерлер грант конкурсына құжаттарды 13-24 шілде аралығында тапсырады.
Сараланған гранттар
2024 жылы алғаш рет сараланған гранттар енгізілді. Сараланған гранттар – бұл 50% оқу ақысы төленетін гранттар. 300 сараланған грант екі бағыт бойынша бөлінген:
- «Педагогикалық ғылымдар» – 150 грант;
- «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» – 150 грант.
Бұл грант конкурстық негізде беріледі, яғни, талапкерлер грант конкурсына қатысу қажет. Ешқандай қосымша құжат қажет емес. Толық грант ұтып алмаған кезекте келесі болып тұрған талапкерлер сараланған грантты иелене алады.
«Серпін» бағдарламасы
«Серпін» жобасының басты мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, білікті мамандар даярлау. Бағдарламаға мына аймақтардағы ауыл мектептерін бітірген түлектер қатыса алады:
- Түркістан;
- Қызылорда;
- Жамбыл;
- Алматы;
- Жетісу облыстары.
Гранттар мынадай облыстарда орналасқан ЖОО-ларға бөлінді:
- Солтүстік Қазақстан;
- Ақмола;
- Шығыс Қазақстан;
- Абай;
- Павлодар;
- Ұлытау;
- Қарағанды;
- Қостанай облыстары.
Гранттар тек педагогикалық, IT және техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына беріледі. Биыл «Серпін» бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлініп отыр:
- 2500-ден астамы – педагогикалық бағытта;
- 700-ге жуығы – инженерия, өңдеу және құрылыс саласына;
- 300-ге жуығы – IT-ге;
- 70-ке жуық грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына бөлінген.
Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі. «Серпін» бағдарламасы түлектері үшін оқу аяқтаған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.
Конкурсқа қатысуға қажет құжаттар
Грант конкурсына құжаттар 13-20 шілде аралығында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында қабылданады. Ол үшін мынадай құжаттарды тапсыру керек:
- жеке куәлік;
- ҰБТ сертификаты;
- 3х4 фото;
- орта білім туралы аттестат (колледж түлектері үшін диплом);
- жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.
- жеңілдікпен түсетін талапкерлер қажет анықтамаларды құзыретті органдардан алады.
Құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн және eGov арқылы онлайн тапсыруға болады. Грант конкурсының нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады.