Қазақстанда алғаш рет 2024 жылы өңірлік кадрлық резервке іріктеу өткізілді. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған бұл жоба талантты жастарды, басқару қабілеті жоғары және инновациялық ойлау жүйесі бар жас мамандарды қалыптастыруды мақсат етті.
2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу өткізудің оң тәжірибесіне сүйене отырып, өңірлік жастар резервін құру туралы шешім қабылданды. Іріктеу бүкіл республика бойынша, барлық өңірлерде, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада жүргізілді. Іс-шараны ұйымдастырушылар – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен жергілікті атқарушы органдар. Іріктеу процесі 2024 жылдың ақпан айынан тамыз айына дейін өтті және бірнеше кезеңнен тұрды. 1-31 наурыз аралығында onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында құжаттарды қабылдау жүргізілді.
Өңірлік кадрлық резервтерді қалыптастыру процесі өңірлердің даму ерекшеліктерін және басым бағыттарын, соның ішінде индустрия мен өнеркәсіпті, экономика мен қаржыны, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, ауыл шаруашылығын және инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешен мен жер мәселелерін, цифрландыру мен экологияны ескере отырып жүргізілді.
– Құрылымдық сұхбат осы жерде облыс әкімі төрағалық ететін кадрлық комиссиямен өтті, – дейді Қостанай облыстық мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Алия Оспанова. – Бұл сұхбатқа 54 адам жіберілді. Іріктеудің қорытындысы бойынша резервке 30 адам кірді. Әр өңірден қатысушылар болды. Отыздыққа тек барлық кезеңдерден өткендер ғана енді. Құрылымдық сұхбатқа бес минуттық презентация көрсетілді. Барлық процесс ашық түрде өтті, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және салалық сарапшылар қатысумен өткізілді.
Өңірлік кадрлық резервке іріктеу нәтижесінде Костанай облысына 30 адам қабылданды. Тізімге Наурызым, Ұзынкөл, Майлин, Алтынсарин, Амангелді, Федоров және Қарасу аудандарының өкілдері, сондай-ақ Рудный, Арқалық және Костанай қалаларының тұрғындары енді. Рудный қаласынан резервке бес адам қабылданды: Рахманова Әсем Айтуғанқызы, Исмағұлов Мейірбек Райымбекұлы, Жетенов Мирас Абайұлы, Оңғарбай Нұрхан Давлатұлы және Жұртанбаева Эльвира Ермекқызы.
Іріктеуден өткен рудныйлық Әсем Рахманова мемлекеттік қызметкер жауапты, халыққа бағытталған және коммуникативті болуы керек деп есептейді. Ол 1991 жылы дүниеге келген. Қарағанды университетінің «Болашақ» мамандығы бойынша «құқықтану» факультетін тәмамдаған. 2013 жылдан бастап әртүрлі құжаттарды өңдеу бойынша инспектор ретінде еңбек жолын бастаған. 2018 жылдан мемлекеттік қызметке кіріп, көбінесе тұрғын үй қатынастары саласында жұмыс істеген. Қазіргі уақытта Рудный қаласының кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының бас маманы-хатшысы болып жұмыс істейді.
– Жұмыс жобасында мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инновацияларды таңдадым, – дейді Әсем. – Төртінші кезең – құрылымдық сұхбат, ол Қостанайда өткізілді. Әр кандидат өз жобасын ұсынды. Мен тұрғын үй қатынастары саласында жұмыс істегендіктен, мен мемлекеттік тұрғын үй қоры немесе жергілікті атқарушы орган жалға беретін тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу мәселелерін таңдадым. Мен бар мәселелерді талдап, оларды шешу жолдарын ұсындым. Қиын кезеңдердің бірі – Астанада Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен кезең болды. Комиссия мүшелері алдында сөйлеу мен үшін қиын болды, себебі менде көпшілік алдында сөйлеуге деген қорқыныш бар. Бірақ мен оны жеңдім. Маған менің ұсынысым ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша енгізілетіндігі айтылды. Болашақта мен заңнамаға толық емес отбасы ұғымын нақтылау бойынша өзгерістер енгізу үшін хат жазамын. Бұл менің жобамның мәні болды. Құқықта әрдайым қандай да бір келіспеушіліктер орын алады. Кейде дәлсіздіктер пайда болады, толық емес отбасы мәртебесін анықтау қиынға соғады. Себебі адамдар кейде жалған ажырасуға барады, тұрғын үй алу үшін. Сондықтан толық емес отбасы ұғымын нақтылау маңызды деп есептеймін. Мемлекеттік қызмет мен үшін ең алдымен халыққа қызмет көрсету дегенді білдіреді. Менде бастапқыда осындай миссия болды. Балалық шағымнан бері заңгер немесе адвокат болуды армандадым. Адамдарға көмек көрсету әрдайым қалағаным еді. Тұрғын үй беру саласындағы жұмыс мен үшін өте маңызды болды және мен адамдарға көмек көрсетіп жатқанымды сезіндім, өз жұмысымның нәтижесін көрдім. Адамдардың 10-15 жыл кезекте тұрғанын және тұрғын үй алған кезде рахмет айтқандарын көру маған қуаныш сыйлады. Бұл менің шақыруым деп санаймын, сондықтан осы салада өзімді одан әрі сынағым келеді. Менің жобам бар мәселелерді қамтиды. Ұсынылған шешімдерді енгізу тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға әділ және тиімді тұрғын үй қамтамасыз ету жүйесін құруға ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді Әсем Рахманова.
Қазіргі уақытта Әділет министрлігіне резервистердің конкурстан тыс тағайындалуы туралы жоба қаралып жатыр. Жоба бойынша, бос лауазымдар болған жағдайда резервистердің жұмысқа орналасуы уәкілетті органмен келісу арқылы жүзеге асырылады, содан кейін олар бос орындарға тағайындалады.
Өңірлік кадрлық резервтерге қабылданған тұлғалардың толық тізімі onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланған.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген Алексей ФРОЛОВ