Қазақтың көрнекті жазушысының 130 жылдығына орай «QC Read» жобасы аясында ұйымдастырылған байқау Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында өтті. Оған Бейімбет Майлин ауданы мен қала мектептерінен 170-тен астам оқушы қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Майлиннің өмірі мен шығармашылығына арналған тестілеуден өтті. Сұрақтар жазушының өмірі мен әдеби мұрасын қамтып, оқушылардың оның шығармашылығына деген білімін тексеруге мүмкіндік берді.
Екінші кезеңде қатысушылар «Түйебай» атты шығармасы туралы эссе жазды. Оқушылар шығарманың терең философиялық және моральдық мәселелерін талқылап, оның қазіргі өмірдегі мәнін өз пікірлері арқылы білдірді.
«Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған «Майлин оқулары» байқауының басты мақсаты – балаларды қазақ әдебиетіне жақындатып, ұлы тұлғалардың шығармашылығына қызығушылықтарын арттыру», — деді «QC Holding» компаниясының PR-бөлімінің басшысы Айза Аблаким. – «Майлиннің шығармалары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды. Біз осы байқау арқылы жас ұрпақты оның шығармашылығымен таныстырып, олардың өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік беріп отырмыз. Бұл байқау балалардың рухани дамуына зор үлес қосады деп сенеміз».
Байқау барысында Бейімбет Майлинге арналып мурал ашылды. Ол QC Holding» құрылыс компаниясының басшылығымен Ленин көшесі, 215 мекенжайында орналасқан ғимараттың қабырғасын безендірді. Мурал жазушының қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін еске алып, оның 130 жылдығына арналған маңызды белгісіне айналды.
Муралдың ашылуынан кейін байқаудың қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздар тек жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы терең білімдерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оның әдеби мұрасының маңыздылығын терең түсінетіндерін көрсетті. Бас жүлде – iPhone 15 Pro телефоны М.Дулатұлы атындағы мектебінің 9-сынып оқушысы Нәзкен Жарқынбаеваға табысталды.
«Мен дайындық кезінде көп күш жұмсадым. Әр шығарманы мұқият оқып, талдауға тырыстым. Байқау барысында ең басты нәрсе – әрқайсымыздың өз пікіріміз бен түсінігіміз бар екендігін байқадым. Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ол мені қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымды арттырды», – деп бөлісті жеңімпаз. – «Мен үшін Майлиннің шығармалары арасындағы ең ерекше шығарма — «Түйебай». Оның маңыздылығы – адам болмысының тереңдігін, адамгершілік қасиеттерін ашатын тұстарында жатыр. Майлиннің тілі қарапайым болғанымен, шығармаларының мағынасы терең әрі жүрекке жақын».
Басқа жеңімпаздар қатарында Бейімбет Майлин ауданынан екі оқушы және Рудный қаласынан екі оқушы болды. Барлық жеңімпаздар мадақтамалар мен заманауи гаджеттермен марапатталды.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Абылай Мауданов байқаудың маңыздылығын атап өтті:
«Осындай байқаулардың маңызы зор. Бұл — қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі Бейімбет Майлиннің шығармашылығын жастарға таныту, олардың әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру үшін өте маңызды қадам. Байқаудың басты мақсаты – жастардың қазақ әдебиеті туралы білімдерін тереңдету, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту», – деп мәлімдеді Абылай Мауданов.
«Майлин оқулары» байқауы Рудный үшін маңызды оқиғаға айналды, ол қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың ұлы жазушының шығармашылығына деген ынтасын оятты. Байқауды ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға күш-жігері үшін алғыстарын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтады. Іс-шара соңында болашаққа жоспарлар айтылды, соның ішінде осы сияқты байқауларды әрі қарай өткізу және қазақ әдебиетін жастар арасында сақтап, дамыту мақсатында мәдени бастамаларды кеңейту.
«Келесі жылы біз жаңа байқау өткіземіз, ол 2025 жылдың бас кезінде өтеді. Байқауға Қостанай облысының әртүрлі аймақтарынан мектеп оқушылары қатыса алады. Байқаудың негізгі шараларының бірі – белгілі жазушы Светқали Нұржанның шығармаларын жатқа айту. Қатысушыларға оның шығармаларынан үзінділерді көркем түрде орындап қана қоймай, оларды тереңірек талдап, маңызды тұстарын және бейнелерін саралау ұсынылады, – деді «QC Holding» компаниясының өкілі. – Сонымен қатар, біз қатысушыларға бағалы сыйлықтар, оның ішінде бас жүлде – 1 миллион теңге ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл қадам оқушылардың ұмтылысын арттыруға және олардың әдебиетке деген қызығушылығын одан әрі ынталандырады».
Асем БАЙКАНОВА,
Суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ