Рудный қаласында «Экологиялық тәрбие» құзыреттілік орталығы ашылды
Орталық Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының базасында ашылды. Бұл іс-шараға ЮНЕСКО-ның 10 мектеп-клубы мен төрт кандидаттың директорлары, сондай-ақ облыстағы мектептер мен балабақшалардың өкілдері шақырылды.
«Сапалы білім – әркімге қолжетімді» жол картасына сәйкес, облысымызда жыл сайын белгілі бағыттар бойынша құзыреттілік орталықтары ашылып келеді. Жалпы білім беру жүйесінде экологиялық тәрбие бойынша екінші құзыреттілік орталығы ашылды. Орталықтың ашылу аясында Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының тәжірибесі көрсетілді. Бұл мектеп кездейсоқ таңдалған жоқ.
2021 жылдан бастап мектептердің ЮНЕСКО клубына мүшелікке кіру бойынша белсенді қозғалысы басталды. Тұрақты даму шеңберінде барынша белсенділік танытқан мектептер таңдалды. Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында экологиялық тәрбие бойынша өзіндік жүйе құрылған. Бұл мектеп ЮНЕСКО клубының өңірлік өкілі болып табылады. Сондықтан «Экологиялық тәрбие» құзыреттілік орталығын дәл осы жерде ашу ұсынылды.
ЮНЕСКО клубының мүшелері – облыстың 10 мектебі. Олардың қатарында ауылдық және шағын жинақты мектептер де бар, бұл өте маңызды. Ал білім беру ұйымдары ЮНЕСКО клубына кандидат болып табылады. Келесі жылы клуб басқармасының отырысы өтеді, онда жартыжылдық нәтижелері бойынша жаңа қатысушылар мен кандидаттарды таңдау туралы шешім қабылданады.
– ЮНЕСКО клубы мектебі мәртебесі мектепке халықаралық ынтымақтастыққа жол ашады, – деп атап өтті облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Татьяна Набатникова. – Бұл тұрақты, мақсатты дамуды жүзеге асыру, халықаралық кеңістіктегі түрлі білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл, тұрақты даму мақсаттарына арналған халықаралық байқауларға қатысу мүмкіндігі. Тұрақты дамудың 17 мақсатының бірі – экологиялық тәрбие мен табиғатқа ұқыпты қарау. Жалпы, бұл – оқу-тәрбие процесіне интеграцияланған мақсатты жұмыс.
Экологиялық мәдениетке тереңірек мән беретін мектеп өз алдына басқа мектептерден үлкен міндеттер қояды. Бұл тек экологиялық тәрбие мен ағарту ғана емес, сондай-ақ жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.
Мұндай мектептің басты мақсаттарының бірі – оқушылардың кәсіби дайындығы. Оқу жылы бойы мектеп қабырғасында экологиялық тақырыптарға арналған түрлі іс-шаралар: байқаулар, ғылыми жобаларды қорғау, конференциялар, олимпиадалар, тренингтер өткізіледі. Мұның бәрі экология саласындағы білімді кеңейтіп қана қоймай, мектеп бітірушілердің экологиялық мамандықтарды таңдауына ынталандыру болып табылады.
– Тағы бір құзыреттілік орталығының ашылуында болу – мен үшін үлкен қуаныш, – деп атап өтті Қарасу ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинеті меңгерушісі Розия Тлемисова. – Бұл құзыреттілік орталығы экологиялық тәрбие бағытында ашылды. Біздің ауданымызда да мектептерде экологиялық тәрбие белсенді енгізілуде. Экологиялық тәрбие бойынша аудандық жобалар бар. 11 мектеп облыстық «Экологиялық мектеп» жобасына қатысты. Орталықтың қажеттілігі айқын. Біздің оқушылар экологияның бүгінгі таңдағы жай-күйі өте маңызды мәселе екенін түсіне бастады. Оларда экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін осындай құзыреттілік орталықтары қажет. Осындай іс-шараларға қатыса отырып, біз өзіміз үшін жаңа тәжірибе алуға тырысамыз. Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназиясы экологиялық бағытта ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Сондықтан біз өз мектептерімізге жаңа идеялар әкелгіміз келеді. Бізбен бірге Қарасу мектебінің директоры келді. Бұл мектеп облыстық экожобаның қатысушысы. Бір мектепте екі-үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Көбісі экологиялық бағытта. Бұл үшін арнайы қаржы немесе ерекше қаражат бөлінбейді. Барлығы экологиялық мәдениет және экологиялық тәрбие пәндерінің шеңберінде жүзеге асады. Экологиялық мәдениет пен тәрбие пәндік білімге интеграцияланады. Бұл – әр адам үшін қажетті білім. Себебі бұл табиғатты тану арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу, табиғатқа таза экологиялық із қалдыру. Болашақ – біздің оқушыларымыздың қолында.
Құзыреттілік орталығының ашылуымен қатар, практикалық сабақтар да өткізілді. Қатысушылар Бейімбет Майлин атындағы мектеп-гимназиясының тәжірибесін зерттеп қана қоймай, экологиялық тәрбие аясында өз білімдерімен және жетістіктерімен бөлісіп, практикалық сабақтарға қатысты.
Қазіргі әлемнің ұлттық және әлеуметтік қақтығыстар, экономикалық мәселелер, табиғи ресурстардың сарқылуы, экологиялық дағдарыс сияқты жаһандық проблемалары адамның құзыреттілігінің жеткіліксіздігінен туындап отыр. Осындай маңызды құзыреттіліктердің бірі – экологиялық құзыреттілік.
Экологиялық білім 1972 жылы алғашқы қоршаған орта конференциясынан кейін бірқатар елдерде бір уақытта пайда болды. Осы 50 жыл ішінде бұл білім факультативтік курстардан кешенді жүйеге дейінгі күрделі жолдан өтті. Қазіргі экологиялық білім тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларды алуды да қамтиды.
– Бүгінде білім беру жүйесінде зерттеулер кең ауқымды қамтиды, – деп атап өтті Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің биология, экология және химия кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Гүлнара Юнусова. – Бүгінгі күні зерттеулер тек ғалымдар мен ересектердің ісі ғана емес, мектеп пен жоғары оқу орындарының білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда білім беру ғылыми деректерді, теорияларды, дағдыларды пайдалануға негізделген. Біз эколог мамандарды дайындаймыз. Мектеп ортасында пікірлестердің көбеюі мені қуантады. ЮНЕСКО мектептері арқылы сіздерде көлденең байланыстар пайда болды. Баршаңызға осы күрделі, бірақ табысты жолдан өтуге тілектеспін. Бұл жол сіздер үшін шығармашылыққа, мазмұнды білімге және кәсіби дамуға толы болсын, – деп тіледі Гүлнара Юнусова өз кафедрасының және университеттің бағыттары туралы әңгімелеп. Алдағы уақытта оқушылар оның студенті атанып, туған өлкесі үшін көптеген игі істер атқаратынына сенім білдірді.
Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова экологиялық тәрбие беру бағытындағы жұмыстары туралы айтып берді.
– Біздің гимназияда экологиялық тәрбие барлық сыныптарды қамтиды. 1-4 сынып оқушылары үшін табиғатты бақылауға арналған арнайы бағдарламалар жасалған. Мысалы, бірінші сынып оқушылары табиғаттың экологиялық аспектілерін зерттеп, бақылау жүргізеді. 2-4 сынып оқушылары табиғат пен оның өзгерістерін зерттеуге арналған күрделі жобаларға қатысады. Ал 5-6 сынып оқушылары өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді зерттеп, макеттер әзірлейді. Жоғары сынып оқушылары ЮНЕСКО-ның 17 бағытты қамтитын халықаралық бағдарламаларына белсенді түрде қатысады. Мысалы, халықаралық сурет байқауы осындай жобалардың бірі болды. Біздің оқушылар осы байқауға қатысып, өз жұмыстарын әлемдік деңгейде ұсынып, жүлделі орындарға ие болды, – дейді Қымбат Бірманова.
– Бізде тиімді білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, оқушылар су құрамын талдай алатын зертханалар, макет жасауға арналған шеберханалар, табиғи материалдарды зерттейтін цифрлық микроскоптар бар. Бұған қоса, заманауи интерактивті панельдеріміз сабақтарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Біздің гимназия оқушылары республикалық және халықаралық байқауларға тұрақты түрде қатысып келеді. Жақында Алматыда ЮНЕСКО-ның экологиялық бастамасы аясында ірі конференция өтті. Онда біздің оқушылар өз жобаларын сәтті қорғап, жеңімпаздар қатарына енді.
Экологиялық білім берудің маңыздылығы тек қана табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастырумен шектелмейді. Бұл процесс оқушылардың жалпы мәдени деңгейін көтеріп, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да ықпал етеді. №7 мектеп-гимназиясы бір орында тоқтап қалмай, экологиялық тәрбие беру бойынша жаңа бағыттарды дамытуға ұмтылуда. Оның ішінде геологиялық зерттеулер және биоәртүрлілікті сақтау бойынша жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, оқушылар халықаралық экологиялық бастамаларға қатысып, өздерін танытады. Мектеп-гимназия оқушылары экологиялық білімдерін тек теориямен шектемей, оны күнделікті өмірде қолдана білуге үйренуде. Мысалы, гимназияда энергияны үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу және табиғатты қорғау бойынша түрлі акциялар мен практикалық сабақтар тұрақты түрде өткізіледі.
Мектеп басшылығы болашаққа нақты жоспар құрып, экологиялық білім беруді жаңа деңгейге көтеруді көздеуде. Алдағы уақытта гимназия жанынан шағын жылыжай ашу және мектеп маңындағы аумақта жасыл аймақ құру жоспарлануда. Бұл оқушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибе арқылы бекітуіне көмектеседі. Сондай-ақ, халықаралық серіктестік аясында шетелдік мектептермен тәжірибе алмасу және бірлескен экологиялық жобалар жүзеге асыру жұмыстары жүргізілмек. Мұның бәрі гимназия оқушыларының болашақта саналы, табиғатқа жанашыр азамат болып қалыптасуына жол ашады.
Мұндай жобаларға қатысу, әсіресе жеңіске жету, оқушылар үшін үлкен ынталандыру болып табылады. Себебі гимназияда ЮНЕСКО-ның критерийлеріне негізделген жобаларды бағалаудың баллдық жүйесі жұмыс істейді. Мысалы, әр жоба немесе жұмыс үшін оқушылар балл жинайды, бұл баллдар жыл қорытындысы кезінде есепке алынады.
2025 жылы орта білім беру саласында тағы екі құзыреттілік орталығын ашу жоспарланған. Соның бірі Қарасу ауданының Қарасу мектебінде музейлік педагогика бойынша құзыреттілік орталығы болмақ.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ