Тобыл өзенінде мұз қату үдерісі басталды. Мұздың қалыңдығы әлі де жеткіліксіз болғанына қарамастан, балықшылар мен балалар өзенге шығып, мұз үстінде жүруде. Бірақ бұл іс-әрекеттер олардың өміріне үлкен қауіп төндіруде.
Мұздың қалыңдығы тұрақты аяздардың болмауынан қауіпсіз деңгейге – 10 сантиметрге әзер жетеді. Сонымен қатар, мұз теңдей қатпайды: ағысы қатты, өсімдігі қалың, құрылыстар орналасқан жерлерде мұздың қалыңдығы тіпті аз болады. Мұндай жерлерде мұз үстіне шығу өте қауіпті.
– 16 қарашадан бастап республика көлемінде «Жұқа мұз» атты акция басталды. Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар және полиция өкілдерімен бірге Тобыл өзенінде профилактикалық жұмыс жүргізуде. Біз МЖК ауданы, православ шіркеуі және 50 жылдықтың өзенге түсетін аумағын қамтимыз. Бұл акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу, – дейді Рудный қалалық ТЖБ аға инженері Ермахан Қабыкен.
Оның айтуынша, биылғы жылы облыста құтқарушылардың арқасында бір адам құтқарылып, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болған. Алайда су айдындарында аңшылық және балық аулау маусымы кезінде үш қайғылы оқиға тіркелді. Қарабалық ауданында кәмелетке толмаған бала ересектердің қарауынсыз, құтқару жилетсіз балық аулап, суға кетіп қайтыс болған. Ал Рудный қаласында көбінесе ересек балықшылар аулайды. Өткен жылы қыс мезгілінде Рудныйдағы су айдындарында қайғылы оқиғалар тіркелмеді, сондай-ақ айыппұл салынбаған.
Аға инженердің айтуынша, көптеген балықшылар құтқару жилетін өздерімен бірге алып жүргенімен, оны кимейді. Бұл үшін айыппұл қарастырылған. ТЖБ қызметкерлері адамдарды өзеннен шығарып, келесі жолы құтқару құралдарын пайдаланбаса, айыппұл салынатынын ескертеді.
– Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарында қауіпсіздік ережелеріне» сәйкес, мұз астынан балық аулауға тек жеке құтқару құралдары болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай құралдарға: ысқырық, құтқару шойындары, құтқару жилеті, диаметрі кемінде 11 мм, ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өтпейтін қаптағы мобильді телефон жатады.
Сонымен қатар, мұз үстінде екіден көп ойық жасауға, от жағуға тыйым салынады. Осы ережелерді бұзу жеке тұлғаларға жеті айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне он АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеледі, – деп түсіндірді Ермахан Қабыкен.
Балықшылардың кейбірі мұздың жұқалығына қарамастан, қауіпті жерлерге барып, мұздың шетіндегі ойықтарға жетуге тырысады. Кейбірі қайықпен жүзіп, мұзға жақындайды. Бірақ бұл әрекеттер олардың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Балалардың су айдындары маңында ойнауы да қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Әсіресе, ересектердің қарауынсыз қалған балалар мұздың шетіне шығып, мұздың беріктігін тексеру үшін секіреді немесе таяқпен ұрады. Мұндай әрекеттер олардың өмірін қауіпке тігеді. Сондықтан ата-аналар балаларымен алдын ала қауіпсіздік туралы әңгімелесіп, мұздағы ойындардың қандай қауіпке әкелетінін түсіндіруі қажет. Ата-аналар мен ересектер өздері де су айдындары маңында қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс.
Есіңізде болсын: өзен сағалары мен салаларында мұздың беріктігі төмен болады. Мұз ағысы қатты жерлерде, қайнар бұлақтар мен ағатын сулар бар аймақтарда, су өсімдіктері, ағаштар мен қамыс өскен аумақтарда әлсіз болып келеді. Егер ауа температурасы +0 градустан жоғары үш күн бойы сақталса, мұздың беріктігі 25%-ға дейін төмендейді. Мұзды көзбен қарап анықтауға болады: егер мұз мөлдір көкшіл немесе жасыл түсті болса – ол берік, ал ақ түсті мұздың беріктігі екі есе аз. Сұр, күңгірт ақ немесе сары түсті мұз ең қауіпті болып саналады. Түнгі уақытта немесе нашар көрінетін жағдайда (тұман, қар, жаңбыр) мұзға шығуға болмайды. Мұздың беріктігін аяқпен ұрып тексеру қауіпті. Егер жұқа, сықырлаған мұзда қалсаңыз, абайлап кері бұрылып, сырғанай отырып, жүрген жолыңызбен жағаға қайтуыңыз керек.
Егер мұз астына түсіп кетсеңіз, мұздай суда адам 10-15 минут ішінде үсіп қалуы мүмкін, ал 20 минуттан кейін есінен танады. Сондықтан зардап шеккен адамға шұғыл көмек көрсету оның өмірін құтқаруда шешуші рөл атқарады. Ең қауіпті әрекеттерге алкогольдік мас күйінде мұзға шығу, мұз үстінде секіру, жүгіру және бір жерде көп адамның жиналуы жатады. Қайғылы жағдай орын алған кезде дереу «101» немесе «112» телефондарына хабарласыңыз.
Неліктен жұқа мұз қауіпті?
► Біркелкі емес қалыңдық: мұз кейбір жерлерде жұқа, ал басқа жерлерде
қалың болуы мүмкін.
► Мұздың беріктігі көптеген факторларға байланысты: ауа температурасы, резервуардың тереңдігі, ағын, су астындағы жылу көздерінің болуы.
► Беріктіктің жалған белгілері: мұз қатты болып көрінсе де, қармен жабылған болса да, ол жұқа әрі сынғыш болуы мүмкін
► Ауа-райының өзгеруі: ауа температурасының жоғарылауы, жаңбыр, жел мұзды әлсіретіп, оны қауіпті етуі мүмкін.
Жұқа мұздағы қауіпсіздік ережелері:
► Мұздың беріктігін тексеріңіз. Мұны істеу үшін мұзды таяқша арқылы тексеріп абайлап басу қажет.
► Мұзға жалғыз шықпаңыз. Қауіп төнген жағдайда көмек қажет болуы мүмкін.
► Жылдам ағысы бар жерлерде мұзға шықпаңыз. Бұл жерлерде мұз әрқашан жұқа болады.
► Мұзда үлкен топтармен жиналмаңыз. Бұл мұзға артық жүктеме әкеледі және оның жаруылуын тудырады.
Егер сіз мұздың астына түсіп кетсеңіз:
► Дүрбелеңдемеңіз. Бұл күшті сақтауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.
► Көмек шақыру. Адамдардың назарын аудару үшін қатты айқайлаңыз.
► Ауыр заттарды тастауға тырысыңыз. Бұл сіздің өміріңізді құтқаруға көбірек мүмкіндік береді.
► Мұзға шығуға тырысыңыз. Қолдарыңызды екі жаққа қойып, арқаңызға жатып, мұздың шетіне ілінуге тырысыңыз.
► Жағаға қарай жорғалауға тырысыңыз. Салмақты біркелкі бөлуге тырысып, келген бағытқа қарай жорғалаңыз.
► Аяғыңызға тік туруға талпынбаңыз. Бұл тереңірек жерге түсіп кетуге әкелуі мүмкін.
Гүлім МҰРАТ,
суретті ұсынған Рудный қалалық ТЖБ бөлімі