Қазіргі таңда қоғамда адалдық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аса өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы бағытта Рудный қаласында жастармен түрлі кездесулер мен іс-шаралар белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Осындай маңызды жиындардың бірі Рудный политехникалық колледжінде өтті.
Колледжде өткен дөңгелек үстелге үшінші курс студенттері, құқық қорғау органдарының өкілдері, заңгерлер мен сала мамандары қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және ашық қоғам құрудағы олардың рөлін күшейту болды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Рудный қаласы әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы Эльвира Жұртанбаева қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып, жастарды заңды сақтауға және кез келген заңбұзушылыққа бейжай қарамауға шақырды.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бойынша, егер пара беру немесе алу әрекеті орын алса, бұл туралы міндетті түрде хабарлау қажет. Өткен жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа тұжырымдама бекітіліп, оның аясында базалық бағыттың үлгілік жобасы іске қосылды. Бұл тұжырымдама лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, қоғамдағы ашықтық пен әділдікті арттыруға бағытталған. Алайда, біз заңгер ретінде бұл мәселенің кейбір қиындықтарына да тап болып жатамыз. Өйткені заңнамалық тұрғыдан әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар. Кейбір заңдарда олқылықтар кездеседі, сондықтан олардың тиімділігін арттыру үшін үнемі жұмыс жүргізу қажет. Сіздер, жастар, осы үдеріске атсалысып, өз азаматтық ұстанымдарыңызды көрсетсеңіздер, қоғамда әділдік орнатуға үлес қоса аласыздар», – деп атап өтті ол.
Жастар ресурстық орталығының заңгері Бекжан Үмбетов жастарды заңды сақтауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға шақырып, нақты мысалдар келтірді:
«Әр жас маман өз жұмысын адал атқаруы керек. Мемлекетке қызмет ету дегеніміз – халыққа адал қызмет ету. Егер біз болашақта ашық әрі әділ қоғамда өмір сүргіміз келсе, онда параға «Жоқ» деп айтуға дайын болуымыз керек. Өмірде түрлі жағдайлар кездесуі мүмкін. Біреу сізден заңсыз түрде ақша талап етсе немесе сізге пара ұсынса, не істеу керек? Ең алдымен, әрине, бас тарту қажет. Бірақ кейбір жағдайларда адам қысымға ұшырап, қалай әрекет ету керектігін білмей қалуы мүмкін. Мұндайда мен сіздерге заңды әдістерді қолдануға кеңес беремін: пара беру немесе алу фактісін жазып алып, құқық қорғау органдарына хабарлау керек. Өйткені, заң бәріне ортақ және оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ».
Қатысушылар мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары туралы да ақпарат алды.
«Қазақстан Республикасының әрбір азаматы кез келген пара беру әрекеті заңмен қудаланатынын түсінуі тиіс. Кейде адамдар ұсақ-түйек нәрсе деп ойлап, мемлекеттік қызметкерге сыйлық беруге тырысады. Бірақ бұл да заң бұзушылық болып саналады. Мысалы, сіз белгілі бір құжатты тезірек алу үшін мемлекеттік орган қызметкеріне сыйлық ұсындыңыз делік. Бұл – сыбайлас жемқорлық. Немесе емханаға барған кезде дәрігерге алғысыңызды білдіру үшін конвертке ақша салып бердіңіз. Бұл да заңсыз әрекет. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге кез келген материалдық сыйақы беруге қатаң тыйым салынған. Сондықтан, біз сыбайлас жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруды қаласақ, осындай заң бұзушылықтарға жол бермеуіміз керек. Себебі, пара берген адам да, оны алған адам да бірдей жауапқа тартылады. Сондықтан әрбіріңіз осыны есте сақтап, заңды қатаң сақтауға міндеттісіздер», – деді заң консультанты, «Альянс» заң консультанттары палатасының мүшесі Валентина Наумова.
Дөңгелек үстел барысында студенттер қоғамдағы адалдық пен ашықтықтың маңыздылығын түсініп, өз пікірлерімен бөлісті. Олар сыбайлас жемқорлықсыз ел құрудың негізі жастардың жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымында екенін атап өтті.
Бұл кездесуде айтылған пікірлер, берілген кеңестер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың заң талаптарын бұлжытпай орындауына және кез келген заңсыздыққа қарсы тұруына серпін берді.
Жастар – ел болашағы. Олардың саналы азамат болып қалыптасуы – мемлекетіміздің дамуының кепілі. Сондықтан мұндай кездесулер мен іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ