Перцевка ауылындағы фельдшерлік акушерлік пункт 500-ге жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Осы пункттің негізгі қызметкері – фельдшер Марина Коврижных, ол өз міндеттерін кәсіби және жауапкершілікпен орындап келеді. Ол өзіне жүктелген міндеттермен сәтті күресіп, жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін бар күш-жігерін салады.
Марина Коврижных үш жыл бойы Перцевка ауылында фельдшерлік акушерлік пунктте қызмет атқарып келеді. Ол Рудный қаласында тұрады, бірақ қызметке қажеттілікке байланысты ауылға көшу туралы шешім қабылдаған. Жергілікті тұрғындарға көмектесу үшін бұл жерді таңдапты.
«Мен бұл жұмысымды жақсы көремін. Менің міндетім – диспансерлік есепте тұрған науқастарды бақылау, профилактикалық тексерулер жүргізу. Барлық мұқтаж тұрғындарға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз», – дейді Марина.
Фельдшерлік акушерлік пункт қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда электрокардиограф, оттегі баллоны, дене салмағы мен бойын өлшеу үшін өлшеу құралдары бар. Бұл жабдықтар диспансерлік есепте тұрған науқастарға қызмет көрсету үшін қолданылады.
Марина Коврижных сондай-ақ емдеу процедураларын, алғашқы медициналық көмек көрсету, инъекциялар жасау секілді қызметтерді де жүзеге асырады.
«Барлық құрал-жабдықтарым жаңадан, менің жұмысымда ешқандай қиындық жоқ. Бізде алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық жабдық бар. Мен өз жұмысымнан өте ризамын. Әр ай сайын фельдшерлік пунктке 30-ға жуық адам келеді, олардың көбісі созылмалы аурулары бар науқастар мен суық тиген жастар. Жұмыс істейтін тұрғындар өте сирек медициналық көмекке жүгінеді. Ауыл тұрғындары үшін бұл пункттің маңызы зор», – дейді фельдшер.
Перцевкада төтенше жағдайлар орын алғанда, Марина әрқашан әріптестерінен көмек сұрап, олардың қолдауына ие болады. Ал егер аса маңызды жағдай орын алса, онда ауыл тұрғындары 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем қызметін шақыра алады.
«Мен әрқашан өз әріптестеріммен кеңесіп, көмек сұрай аламын. Егер жағдай тым ауыр болса, әрқашан жедел жәрдемге хабарласамыз», – деп түсіндіреді ол.
Пункт жұмысының тағы бір маңызды аспектісі – жатақтағы науқастарға көрсетілетін көмек. Ауылда емделу үшін үйлерінде жатып қалған науқастар да бар. Оларға ай сайын көмек көрсетіледі. Марина Коврижных және оның әріптестері ай сайын үйлеріне барып, жағдайларын бақылап, қажетті көмек көрсетеді.
«Қазір бізде 10-нан астам жатақтағы науқас бар, олар үшін біз үнемі қадағалау жүргіземіз. Біз оларды ай сайын тексеріп, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеміз», – деп айтып берді фельдшер.
Марина Коврижных жұмысында үнемі өз әріптестерінен көмек алады және жергілікті тұрғындардан да қолдау табады. Бұл жерде әрбір адамның денсаулығына қамқорлық жасау маңызды.
«Мен өз жұмысымда әріптестерімнің көмегіне сенемін. Біз бір команда болып жұмыс істейміз, әрі бұл жұмыс өте маңызды», – деп сөзін аяқтады Марина.
Айжан САЙЛАУБЕКҚЫЗЫ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК