Қаладағы су тасқыны қаупі жоғары учаскелер анықталды
Өткен жылы су тасқыны 3 сәуірде басталып, қарқынды өтті. Қауіпті аймақтар қатарына Панфилов, Фролов, Парковая көшелерінің оңтүстік бөліктері, Перцевка ауылы, сондай-ақ Качар кентіндегі Хлебозаводская және Степная көшелері кірді. Осы тәжірибені ескере отырып, биыл қалада су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары ертерек басталды.
Өткен аптада қала әкімдігінде өткен брифингте тасқын судың алдын алу шаралары талқыланды. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Ермахан Қабыкен атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, тұрғындарға бірқатар кеңес берді. Оның айтуынша, ТЖ басқармасы өткен жылғы жағдайды мұқият талдап, биылғы су тасқынының алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауда. Қалада жалпы 169 орынға есептелген бес эвакуациялық пункт дайындалған.
Өткен жылы су тасқыны кезінде 577 адам эвакуацияланды, оның ішінде 520-сы Перцевка ауылынан, 53-і бау-бақша қоғамдарынан, тағы 4 адам басқа аудандардан көшірілді. Сондай-ақ, 357 бас үй жануары қауіпсіз жерге шығарылды. Тасқын судың зардаптарын жою үшін 30-дан астам арнайы техника мен 400-ден астам адам жұмылдырылды.
– Эвакуацияланғандардың бір бөлігі Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі мен Рудный индустриалды университетінде орналасқан уақытша пункттерге жайғастырылды. Бірақ көпшілігі туыстарының үйлеріне баруды жөн көрді. Биыл жағдай күрделенген жағдайда қосымша эвакуациялық орындар дайындалды, – деді Ермахан Қабыкен.
Қазіргі уақытта Рудный қаласында төрт қауіпті аймақ анықталды. Олар: Парковая көшесінің оңтүстік бөлігі, ФЗО кентіндегі Котельная көшесі, Горняцкий кентіндегі Дощанова көшесі және Перцевка ауылындағы Речная көшесі.
– 5 наурызда «Қазсушар» РМК қызметкерлерімен бірге Сергеев су қоймасы тексерілді. Комиссиялық тексеріс нәтижесінде оның қанағаттанарлық жағдайда екені анықталды. Сонымен қатар, Рудный қаласында ұзындығы 370 метр болатын үш арық жүйесі және ұзындығы 10 шақырым болатын нөсерлік кәріз жүйесі бар. Біз еріген қар суларының көп жиналатын ең қауіпті аймақтарды анықтадық. Оларға Парковая көшесі (Горький көшесінен Комсомольский даңғылына дейін, Горняков және Фрунзе көшелерімен қиылысатын жерлер), Ольховая, Балыктинская және Фролов көшелері жатады. Сондай-ақ, Сандригайло көшесіндегі су өткізгіш құрылысы орналасқан сай қауіпті аймақтар қатарына енді. Тасқын сулардың жиналатын басқа да орындары: Ленин көшесі мен Комсомольский даңғылының қиылысы, Свердлов және Дзержинский көшелерінің қиылысы, Горняцкий кентіндегі Дощанов көшесі, Перцевка ауылындағы Омаров және Юбилейная көшелері, – деп түсіндірді Ермахан Қабыкен.
Қала қызметтері су тасқынының салдарын барынша азайту үшін барлық мүмкін шараларды атқаруда. Дегенмен, тұрғындардың жауапкершілігі де маңызды рөл атқарады.
– Қала тұрғындарынан үйлерінің жанында қар қалдырмай, оны арнайы белгіленген жерлерге шығаруды сұраймыз. Бұл коммуналдық қызметтердің уақытылы қар шығаруына және су тасқынын болдырмауға көмектеседі. Әсіресе, ФЗО кенті сияқты қар суы көп жиналатын аудандардың тұрғындарына ерекше назар аударған жөн, – деп атап өтті Ермахан Қабыкен.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ