Берлиндегі Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған Ільяс Екібаев жайлы сыр

Ұлы Жеңіс — халқымыздың ғасырлар бойы ұмытылмас тарихи жеңісі. Сол жеңісті жақындатқан майдангерлердің қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Бірақ олардың ерліктері мен жанкешті жолы —  мәңгілік жадымызда. Сол ардагерлердің бірі — қостанайлық Ільяс Екібаев.

Ол небәрі он сегіз жасында қан майданға аттанып, Берлинге дейін жетіп, Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған қаһарман. Оның естелігі —  тұтас ұрпақ үшін ерліктің, төзім мен отансүйгіштіктің үлгісі.

Жас жүрек, ауыр жүк

Ільяс Аманұлы Екібаев 1925 жылы Қостанай облысы, Таранов ауданына қарасты Қаратомар ауылында дүниеге келген. 1943 жылы үш бозбаланы колхоздан соғысқа шақырады. Бірі — механизаторлық оқуға кетсе, екеуі жаяу әскерге аттанады. Ильяс Чебаркуль әскери лагерінде үш ай бойы дайындықтан өтеді.

– Кешке қарай әскери машық үйретсе, күндіз әскери зауыт құрылысында жұмыс істедік. Ашық аспан астында палатка тігіп, снарядтар мен оқ-дәрілерге арналған кірпіш тасыдық. Ал үш айдан соң бізді майданға жіберді, – деп еске алады ардагер.

Алғашқы аялдама — Харьков. Бұл қала небәрі үш күн бұрын ғана жаудан азат етілген. Қала —  тас-талқан, бірде-бір бүтін үй жоқ. Халық жертөледе тұрып жатыр. Сол жерден Ильяс пен мыңдаған сарбаз Батыс Украинаға қарай жаяулап сап түзейді.

Соғыстың нағыз жүзі

Үш ай жаяу жүріп, ақыры алдарынан 500 неміс солдатының шегініп бара жатқаны туралы хабар естиді. Үш күннен кейін тұтқиылдан артиллериялық соққы беріледі.

– Біздің артиллерия таңға дейін төпеді. 520 неміс сарбазы болды. Бізге дәрігерлерден басқа ешкімді аямау туралы бұйрық берілді. Олар бізге оқ жаудырды, біз де қарап қалмадық, – дейді ардагер.

Сол ұрыстан кейін Молдавияға өтеді. Онда да шегініп бара жатқан жаумен жолығады. Бірақ бұл жолы шабуыл жасауға рұқсат берілмейді. Жау колоннасы арттарынан еріп бара жатқанда, алда келе жатқан артиллеристер от ашып, шайқас басталады. Бұл — Ільяс Екібаевтың екінші шайқасы. Минометші ретінде отқа түседі. Бірақ бұл жолы да жараланып, иығына снаряд жарықшағы қадалады.

– Госпиталь Днепр жағасында болды. Бір жарым ай сонда жаттым. Кейін қайтадан сапқа қосылдым, – дейді ол.

Варшавадан Берлинге дейін

1944 жылдың басында 5-ші екпінді армия құрылып, алдағы үлкен міндет — Берлинді алу деп белгіленеді. Ільяс осы армияның құрамында болады. Артиллерия мен қару-жарақ малға жүктеледі, ал оқ-дәрілерді солдаттар арқалап жүрді.

– Варшаваға дейін алты ай жүрдік. Жолда бізді ешкім тоқтатпады. Жуковтың бұйрығымен Варшаваға кіріп, он күн бойы жаумен шайқастық. Нағыз қантөгіс сонда болды. Қан арықтармен ағып жатты. Бұл -мен үшін соғыстың ең ауыр сәті еді, – деп күрсінеді ардагер.

Осы кезде Ільяс байланысшы болып қызмет етеді. Взвод, рота, батальон арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, майданның жүйкесін ұстап тұрған салада еңбек етеді.

Варшавадан кейін Одерге дейін жетіп, артынан Берлинге бағыт алады. 1945 жылдың сәуірінде Берлинге аяқ басып, Гитлердің, Гиммлер мен Геббельстің мүсіндерін көреді. Бұл сәт тарихпен бетпе-бет келген сәт еді.

Жеңістің салтанатты сәті

30 сәуірден бастап Ільяс пен тағы бір сержант Рейхстаг маңындағы байланыс штабына жіберіледі. Мұндағы міндет — Жеңіс жалауын күзету. Жуковтың бұйрығы қатал: «Ертең, 8 мамырда, Германияның тізе бүгуі рәсімі өтеді. Ешқандай дыбыс, қозғалыс болмауы керек».

– Түнде біз күзетте тұрдық. Сөйлесуге тыйым салынды. Тек қағаз бен қарындаш арқылы қарым-қатынас жасадық. Таңертең Жуков келді. Біз рәсімді терезеден бақыладық. Алдымен немістер, кейін одақтастар, соңында Жуков қол қойды. Осы сәтте ғимараттың қабырғасы дір етіп, сыртта совет артиллериясы салют атты. Жеңіс осылай келді, – дейді Ільяс ата көзіне жас алып.

Соғыстан кейінгі еңбек

Соғыстан соң Ільяс Аманұлы тағы төрт жыл Германияда шекара күзетінде қызмет атқарады. 1949 жылы ғана туған жерге оралып, тың игеруге белсене араласады. Ауыл шаруашылығы саласында түрлі техниканың тізгінін ұстап, мотор жөндеуші болып еңбек етеді.

– Қай трактор болса да, оталдырып әкететін едім. Шаршауды білмейтінбіз, өйткені еңбек етудің қадірін білдік, – дейді ол.

Өмір жалғасады

Бүгінде Ільяс Екібаев Рудный қаласында қызы Нагиманың қолында тұрады. Қарттық жеңіл тимеген. Ұйқысыздық мазалайды, есту қабілеті жоғалған. Отбасымен және қонақтармен кішкене тақта мен маркер арқылы сөйлеседі: жазылғанды оқып, жауап береді.

– Екі рет отбасын құрдым. Алты балам бар. Құдайға шүкір, тіршілігім жақсы. Соғысты көрген адамға бейбіт өмір – нағыз бақыт, – дейді ардагер.

Жастарға аманат

– Соғысты Құдай ешкімге көрсетпесін. Ең ауыр нәрсе – қорқыныш. Қорыққан адам ұзақ өмір сүрмейді. Жастардан бір ғана нәрсе сұраймын: бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қараңдар. Тек сол кезде ғана өмір мәнді болады. Ештеңе өздігінен келмейді, бәрін еңбекпен табу керек, – дейді Ільяс Аманұлы.

Марапаттары

Ільяс Екібаев – Отан соғысы ордені ІІ дәрежесі, Қызыл Жұлдыз ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

Назар МАДЖИДИ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *