Сөзге жан бітірген «Сартай» орталығының жұмысы жайында
Рудный қаласында ұлттық құндылыққа сүйеніп, логопедияны жаңаша бағытта дамытып жүрген ерекше маман бар. Ол — «Сартай» оқу орталығының негізін қалаған Қасиет Нарымбетова.
Қасиет Нарымбетова — Жамбыл облысынан Рудный қаласына қоныс аударған. 1989 жылы оның отбасы Өзбекстаннан тарихи отаны Қазақстанға оралғанда, ол екі жасқа жаңа толған бүлдіршін еді. Ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен ол мұғалім мамандығын таңдап, бала тәрбиесі мен білім беру саласына белсенді араласты. Ол бүгінде қазақ тілін насихаттап, балалардың сөйлеу дағдыларын қалпына келтірумен айналысып келеді. Қазақы таныммен жұмыс істейтін осындай ұйымдар арқылы балалар тек дыбыс айтуға машықтанып қоймайды, сонымен бірге ұлттық дүниетаныммен сусындайды. Бұл — жаһандану дәуірінде тіл мен ділін жоғалтпаудың ең тиімді жолы. Ұлттық логопедия — тек емдеу әдісі емес, бұл — ұрпақ санасына ұлттық кодты сіңірудің бір тетігі. Сондықтан Қасиет Нарымбетова сынды мамандардың бастамасы — ел болашағына жасалған стратегиялық инвестиция деп білеміз.
«Мен 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Байзақ ауданының Шахан ауылындағы үлгілі отбасылардың біріне 7-ші келін болып түстім», — деп есіне алады. «Енем — 14 құрсақ көтерген, үлкен әулеттің анасы. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім. Отбасы, ошақ қасы, үлкен-кішіге деген құрмет — бәрі осы шаңырақта берік тәрбие ретінде қалыптасты. Бұл құндылықтар менің өмірлік ұстанымыма айналды. Бір қарағанда ауыл тіршілігі бірқалыпты, жайлы көрінеді. Бірақ менің жан дүнием үнемі ізденісте жүрді. Қарапайым ғана өмір сүріп қоймай, өмірге, қоғамға, ұрпақ тәрбиесіне деген көзқарасымды кеңейтіп, жаңаша ойлауға талпындым», — дейді Қасиет Нарымбетова өткенін есіне алып .
Ол ауылда жүргенде де тек үй шаруасымен шектелмей, балалармен жұмыс істеуді армандап жүрген. Уақыт өте арманы мен ізденісі түйісіп, Рудный қаласына жол тартты. Рудный қаласына келген алғашқы күндерден бастап, Қасиеттің алдына қойған мақсаты — қазақы құндылықтарды негізге ала отырып, балалармен жұмыс жүргізу болды. Алғашында үйде отырып-ақ, балаларды қабылдап, тегін сабақ өткізген. Бала саны көбейген сайын ата-аналардың алғысы мен сұранысы да артты.
«Рудныйға келгеннен кейін мұғалімдік мамандығым бойынша жұмыс іздей бастадым, бірақ мардымды ұсыныстар болмады. Осы аз ғана уақыттың ішінде жұрт менің логопед-диагност маман екенімді ести бастады. Ата-аналар мені үйлеріне, шағын орталықтарына шақырып, балаларын көрсете бастады. Уақыт өте келе көптеген балалардың тілін жаттықтырып, диагностика жасап, дыбыстарды дұрыс айту, сауатты сөйлеу сияқты мәселелерін түзетумен айналыстым. Расында, бұл жұмысты ата-аналардың өтінішімен, жеке шақыртулар арқылы атқарып жүрдім. Ол кезде қазіргі орталық әлі ашылмаған болатын. Сол кезде жергілікті балалармен жұмыс істей отырып, олардың қазақ тілінде сөйлеу деңгейінің өте төмен екенін, дыбыстарды шатастырып айтатынын байқадым. Бұл жағдай менің жаныма қатты батты — балалардың тілі орысша «сынған» еді. Осы сәтте ойға келді: «Неге мен қазақ тілін насихаттайтын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін арнайы орталық ашпасқа?» деген сұрақ туды. Бар мақсатым — қазақылықты дәріптеу, ұлттық рухты ояту болды. Осылайша, идеяны іске асыруға кірістім, жобасын жасадым. Кезек орталыққа атау беруге келді. Көп ойландым. Атауы бірден көзге түсіп, мақсатымды айқын білдірсе екен дедім. Ақыры елін қорғаған батырларымыздың есімін беруді жөн көрдім. Бұл арқылы өткенді ұмытпай, бүгінге сабақ болсын дедім. Сөйтіп, «Сартай» Қазақтандыру және оқу орталығы дүниеге келді», — дейді ол.
Маманның айтуынша, бүгінде балалардың көбі қазақ тілін шала меңгерген. Ана тіліндегі дыбыстарды дұрыс айта алмайды, сөйлем құрау қабілеті төмен. Әсіресе, орыс тілінің ықпалы күшті аймақтарда бұл мәселе ушығып барады. Осындай жағдайды көріп, ол ұлттық болмысқа негізделген логопедиялық орталық ашуға бел буған. Бүгінгі таңда орталықтың мақсаты — тілді түзету емес, болмысты қалыптастыру. Қасиет Нарымбетова логопед ретінде дәстүрлі емес тәсілдермен жұмыс істейді. Сабақтар кілем үстінде, жерге отырып өтеді. Бұл балалардың ойын ашуға, өзін еркін сезінуге жағдай жасайды.
«Әуел бастында курстарды тегін жүргізе бастадық. Мысалы, менде екі бағыт болды: олардың бірі қазақылық, екіншісі қолөнер. Өйткені мен руханилықты оятудан бастағым келді. Маған ата-аналар хабарласа бастады. «Сіздің одан бөлек логопед және диагност екеніңізді білеміз, баламды қабылдаңызшы» деген өтініштер көбейді. Рудныйға келген кезде мені ерекше жақын тартқан адам болды, оны мен Жанат апа деп атаймын. Сол кісі ақыл-кеңесін берді. «Ақыры курс өткізіп жатырсың, мүмкін логопед ретінде тағы бір курс қосарсың» деген кеңес айтты. Сөйтіп менің «Сартай» атты қазақтандыру орталығына қосымша бағыт ретінде, өзіме етене жақын логопедтік курсты енгіздім. Көп адамдар маған: «Неліктен сабақтарды жерде отырғызып өткізесіз?» деп сұрайды. Енді былай қарайық: қазақтар жалпы молдас құрып отырған ғой, мұның қасиеті өте көп, адамның денесінің өсуіне үлкен үлес қосады. Айта берсек, ғибраты да, адам денсаулығына да пайдасы бар. Бел омыртқа жақсы жұмыс жасайды, нәтижесінде миымыздың жұмысы жақсарады. Сондықтан балаларды осылай жерде оқытатынымды түсіндірдім. Бұл бастама барлығына ұнады, бір жағынан қызық болып та көрінді. Қазір балалар келіп жатыр, білім алып жатыр, тілін және дыбыстауын дұрыстап жатыр. Қазір балалар қазақ пен орыс тілін араластырып сөйлейді. Төл дыбыстарды шатастыру жиілеп кетті. Мысалы, «Жайлау» сөзін «Шайлау» деп айтып жүргендерін жиі байқаймын. Сондықтан логопедиялық жұмысқа ерекше көңіл бөлдім», — дейді ол.
Сабақ кезінде балалармен ата-аналар бірге қатысады. Әкесі не шешесі баламен бірге отырады, мәтін оқиды, жазуын қадағалайды, дыбыстарды бірге айтады. Бұл — Қасиеттің басты қағидасы. Ол бірде ата-анасы мен баланың бірге үйреніп жатқан сәтіне куә болғанын ерекше тебіреніспен еске алады.
«Сол кезде менің еңбегім зая кетпегенін ұқтым. Себебі бала ата-анасына «былай айту керек, сабақта үйрендік» деп жөн айтып отырды. Бұл — жеңіс», — дейді маман. «Расын айтсам, өзім кітап оқуды қатты жақсы көремін. Бұл идеяны іске асыру барысында мен «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітабынан шабыт алдым. Ол жерде бастауыш сыныптарға арналған білім беру жүйесі теңдестіріліп берілген. Соған қарап, мен отбасылық сабақты да қосып отырдым. Бұл жерде балалар кітабымен қоса дәптерін де алып жүреді. Яғни, сабақ барысында әкесі мәліметті дауыстап оқып берсе, баласы сол ақпаратты көкейіне тоқып, миына сіңіріп, дәптеріне жазады. Осы арқылы біз отбасылық құндылықты дәріптейміз. Ал логопедияға келер болсақ, бүгінде оны көпшілігі «Логопед» курсы деп атайды. Бірақ бұл — бұрыннан келе жатқан дүние. Мысалы, ол — шешендік өнер. Бұрынғы заманда адамдар осы арқылы өз-өздерін емдейтін болған: қиынын қиыстырып, сөздерді ұйқастырып, мақалдап, жаңылтпаш айтып, тақпақтап сөйлеудің өзі — бір терапия. Бұл — бұрынғылар қолданған тәсілдер. Ол біздің бабаларымыздың өмір салтында, сөйлеу дағдысында болған. Алайда, қазіргі таңда соның бәрінен ажырап қалдық. Енді осыны қайта жандандыру мақсатында логопедияға ұлттық балама жасап, жаңаша түрде енгізіп жатырмыз. Өзімнің ойымша, әрбір бала бесік жырын, батырлар жырын, эпостарды жаттап өсуі керек. Өйткені, адамның қадір-қасиеті, рухани дүниесі — бәрі сонда жатыр»,- деп атап өтті «Сартай» орталығының басшысы.
Логопед — сөйлеу қабілетінде бұзылысы бар балалармен және ересектермен жұмыс істейтін маман. Ол адамдардың дұрыс сөйлеуіне, дыбыстарды анық айтуына көмектеседі. Логопед баланың тіл мүкістігін анықтап, арнайы жаттығулар арқылы дыбыстарды дұрыс қоюға үйретеді. Мысалы, «р, «л», «ш», «с» сияқты дыбыстарды айтуда қиындық көретін балалармен жеке жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар, логопед сөйлеу арқылы ойды анық жеткізуге, байланыстырып сөйлеуге және сөздік қорын дамытуға көмектеседі. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де — осы саланың үздігі. Ол тек тіл түзетумен ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттаумен де айналысып, логопедияны қазақы таныммен ұштастырып жүрген маман.
«Мен осы жобамның алға басып, өркендеп кетуін армандаймын әрі соны нақты мақсат етіп отырмын. Өйткені біз қазақ болмысынан, ұлттық негізден айрылмауымыз керек. Қазіргі өскелең ұрпақ арасында тіл мүкістігі жиілеп бара жатыр. Менің ойымша, бұл көбіне қазақ және орыс тілін қатар қолданудың, яғни араластырудың салдарынан туындап отыр. Негізінде баланың тілі алдымен ана тілінде шығуы керек. Содан кейін барып басқа тілді меңгеруге болады. Қарапайым мысал келтірейін: «Қ» дыбысын айта алмайтын балалар оны көбіне «К» дыбысымен шатастырып жатады. Сол сияқты төл дыбыстарды дұрыс айта алмай, оның орнына басқа дыбысты айтып, сөзді бұзып сөйлейді. Міне, мен осындай жағдайға тап болған балалармен жұмыс істеймін. Оларға дыбыстарды шатастырмай, дұрыс айтуға үйретемін. Шықпай жүрген, айту қиын дыбыстарды қоямын. Мысалы, «Р» дыбысын алайық. Егер бала бұл дыбысты айта алмаса, оның орнына көбіне «Л» дыбысын қолданады. Бірақ ол мен «қара» десем, сөзді дұрыс естиді. Бірақ дәптерге жаз десе, «қара» сөзінің орнына «қала» деп жазып қоюы мүмкін. Өйткені ол өз тілінде солай естіп, сөйтіп қабылдайды. Нәтижесінде дыбыстауы дұрыс болмағандықтан, жазуы да қате болады. Сондықтан балаларды ерте жастан бастап логопедке көрсетіп, дыбыстарды дұрыс айтуын қадағалау өте маңызды. Себебі сөйлеу — баланың ойлау, есту, жазу қабілеттерінің негізі. Ал оны қалыптастыру — біздің қолымызда», — дейді маман.
Қасиет логопедияны жаңаша бағытта дамытумен қатар, тіл мен ұлттық болмысты бір арнаға тоғыстырып отыр. Оның жұмысы — ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты. «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабы, шешендік өнерге негізделген жаттығулар, ою-өрнектерге қатысты танымдық түсіндірулер — бәрі де балаға ана тілін жақындата түсудің жолдары. Бүгінде «Сартай» орталығында тұрақты түрде білім алушылар саны артуда. Көпшілігі сөйлеу қабілеті мүлде жоқ күйде келіп, бірнеше айда айтарлықтай жетістікке жеткен. Қасиет алдағы уақытта орталықты кеңейтіп, филиалдарын Қостанай облысының басқа қалаларында ашқысы келеді. Және ұлттық логопедиялық әдістемені әдістемелік құрал ретінде ресми бекітуге жұмыс жасауда.
«Мен оқушыларды өз баламдай көремін. Кезінде қазақта «бишеше» деген ұғым болған. Олар — қоғамдағы рухани тәрбиеші аналар. Мен де сол жолды жалғап, балаларға ұлттық құндылықты бойына сіңіре отырып, білім бергім келеді,» — дейді ол.
Нарымбетова Қасиеттің «Сартай» оқу орталығы — ұлттық болмысты сақтап қалудың, ана тілін дамыту арқылы ұрпақтың ойы мен санасын жаңғыртудың нақты үлгісі. Бұл — бүгінгі қоғамға ауадай қажет бастама. Ана тілінде еркін сөйлейтін, ұлттық болмысын жоғалтпаған ұрпақ өсіру жолындағы атқарылып жатқан еңбек өз нәтижесін берері анық. Орталыққа sartai_rydny парақшасы арқылы байлынысқа шығып, МАД, көркем жазу, жылдам оқу, логика-математика, логодиагноз, дыбыс қою сабақтарына жазылуға мүмкіндік бар.
Мұндай орталықтардың маңызы жыл санап артып келеді. Себебі тіл — тек қарым-қатынас құралы емес, ол — ұлттың ойлау жүйесі, дүниетанымы мен рухани діңгегі. Баланың сөйлеу қабілетін ерте жастан қалыптастыру — оның болашақта өз ойын еркін жеткізіп, сауатты жазып, қоғамда өз орнын табуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан логопедиялық орталықтар — білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Биахмет ҚУАНЫШ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ