Жүрек саулығына жүре қарауға болмайды

Рудныйда жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққандардың саны артып келеді

Соңғы жылдары Рудный қаласында созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігіне (СЖЖ) шалдыққан науқастар саны күрт өскені байқалады. Бұған бірнеше себеп бар: дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, қант диабеті мен жоғары қан қысымы сияқты созылмалы аурулардың көбеюі.

Мәселенің маңыздылығына байланысты біз Рудный қалалық ауруханасында СЖЖ бойынша үйлестіруші медбике Радмира Сағындықовамен әңгімелесіп, дерттің сипаты мен алдын алу жолдары туралы кеңірек сұрап білдік.

Мамандардың айтуынша, жүрек жеткіліксіздігі — жүректің ағзаға қажетті мөлшерде қанды айдап шығара алмауы. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды мүшелер мен тіндер оттегі мен қоректік заттарды жеткілікті мөлшерде ала алмайды. Бұл дерттің алғашқы белгілері: ентігу, жүрек соғысының жиілеуі, аяқ-қолдың ісінуі, шаршағыштық, тыныс алудың қиындауы болып табылады.

«Жүрек қызметінің жеткіліксіздігі жүректе туындайтын құрылымдық немесе функционалдық өзгерістерден пайда болады. Бұл өзгерістер жүректің туа біткен немесе жүре пайда болған ақауларымен, миокард инфарктісімен, қант диабетімен немесе гипертониямен байланысты болуы мүмкін. Ауру, әдетте, біртіндеп дамиды және науқас алғашқы белгілерге көп мән бермей, дәрігерге кеш жүгінеді. Бұл — дерттің асқынуына себеп болады»,- дейді Радмира Сағындықова.

Рудныйда осы диагнозбен диспансерлік есепте тұрған науқастар саны жыл сайын өсуде. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш 1150 адамға жеткен. Бұрын бұл сан 800-ге жуық болған.

«Бір жыл ішінде 150-ге жуық жаңа науқас тіркелді. Бұл — аурудың қарқын алып бара жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары жүрек жеткіліксіздігі «жасарып» барады. Бұрын бұл диагноз көбінесе 50-60 жастағы адамдарға қойылса, бүгінде 40 жастағы азаматтар арасында да жиі кездесіп жүр»,- деп атап өтті Радмира Сағындықова.

Жүрек жеткіліксіздігіне әкелетін негізгі себептер қатарында инфаркт, ишемиялық жүрек ауруы, жоғары қан қысымы, жүрек бұлшықетінің зақымдануы (кардиомиопатия), артық салмақ, семіздік, қант диабеті және тыныс алу аурулары сияқты қосымша сырқаттар бар.

«Жүрекке ауырлық түсіретін кез келген жағдай оның қызметіне кері әсер етеді. Артериялық гипертония жүректі күштеп жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Қант диабеті қан тамырларын зақымдайды, ал семіздік жүрекке қосымша салмақ түсіреді. Бұл факторлар біріге келе, жүрек жеткіліксіздігіне алып келеді»,- дейді маман.

Ауруды ерте кезеңде анықтау – оны басқарудағы басты қадамдардың бірі. Уақытылы тексеруден өтіп, нақты диагноз қою – өмір сапасын жақсартып, асқынулардың алдын алады.

«Жылына кемінде бір рет скринингтен өтіп тұру қажет. Бұл электрокардиограмма (ЭКГ), кеуде қуысының рентгені және қан талдауы болуы мүмкін. Қандағы қант пен холестерин деңгейін тексеру де маңызды. Егер сіз жоғары қан қысымымен ауыратын болсаңыз немесе жүрек аурулары бойынша тәуекел тобына жатсаңыз, бұл тексерулерді жиі жасаған жөн»,- деп тоқталды Радмира Сағындықова.

Көп жағдайда адамдар жүрек аурулары мен жүйке жүйесі арасындағы байланысты елемейді. Алайда созылмалы күйзеліс жүрек-қан тамырлар жүйесіне айтарлықтай әсер етеді.

Жүрек жеткіліксіздігін толық емдеп жазу көп жағдайда мүмкін емес. Бірақ аурудың дамуын тоқтатып, науқастың өмір сапасын жақсартуға болады.

«Дәрігер ұсынған емді уақытылы қабылдау, дұрыс тамақтану, алкоголь мен темекіден бас тарту – бұл ең маңызды шаралар. Сонымен қатар тұзды, майлы, қуырылған тағамдарды тұтынуды азайту қажет. Орташа деңгейде дене белсенділігін сақтау, әсіресе жаяу жүру мен тыныс алу жаттығулары жүрекке пайдалы. Иммундау тұмау, пневмония және COVID-19 сияқты инфекциялық аурулардан қорғайды. Бұл аурулар жүрекке қосымша салмақ түсіріп, қауіпті асқынуларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан вакциналауды өткізіп алмау керек. Алайда кез келген екпеден бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңесу қажет»,- деп қорытындылады маман.

Рудный қалалық емханасында жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи құрылғылар бар. Атап айтқанда, жүректің ультрадыбыстық зерттеуі (УДЗ), электрокардиография (ЭКГ) сынды қызметтер тегін көрсетіледі. Бұл тұрғындарға дер кезінде диагностикадан өтіп, қажетті емді бастауға жол ашады.

 

Айбар БЕРІК,

суретті түсірген

Дәулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *