Енді ауызсу халық үшін өзекті мәселе емес

Рудныйда су инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда

Рудный қаласында ауызсу мен кәріз жүйелерін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай жергілікті БАҚ өкілдері үшін «Рудный су арнасы» ЖШС-нің өндірістік нысандарына баспасөз туры ұйымдастырылды.

Үш сағатқа созылған іс-шара аясында сүзгі станциясы, кәріздік тазарту ғимараттары, басты кәріз сорғы станциясы және Қашар су құбырының жаңарту жұмыстары көрсетілді. Журналистерге нысандарды «Рудный су арнасы» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Ринат Молдахметов таныстырды.

СҮЗГІ СТАНЦИЯСЫН ТОЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ БАСТАЛДЫ

Пресс-тур сүзгі станциясынан басталды. Қазіргі уақытта мұнда №2 станцияның сүзгі және тұндыру жүйелерін, сондай-ақ жабу құрылғыларын жаңғырту жүріп жатыр. Екі жылға жоспарланған жобаның жалпы құны 5,9 млрд теңге. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.

Құрылыс жұмыстарын «Промстрой-Энерго» ЖШС жүргізсе, жобалаушы «Промстройпроект» ЖШС. Техникалық бақылау «М50 Consulting Group» ЖШС-не жүктелген.

«Құрылыс аумағы қоршалып, бейнебақылау жүйесі орнатылды. Жаңғырту барысында ғимарат толығымен қайта салынып, жаңа құрылғылар орнатылады. Барлық жұмыс үдерісі хлорлау, реагент қосу, тұндыру және сүзу автоматтандырылады. Биыл станцияның жарты бөлігін жаңғыртуды жоспарлап отырмыз», – деді Ринат Молдахметов.

Аталған станция 1966 жылы, ал №2 бөлімшесі 1980 жылы іске қосылған. Бірінші станция сағатына 50, ал екіншісі 80 текше метр су тазартады. Жалпы тәуліктік қуаттылық 54 мың литр.

Станцияны толық тоқтатпай жөндеу үшін оны екі бөлікке бөліп жұмыс істеу қарастырылған. Жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, бір түнге су беру уақытша тоқтатылады. Бұл туралы тұрғындарға алдын ала хабарланатын болады.

Сүзгі станциясы учаскесінің басшысы Алексей Жиляевтың айтуынша, №2 станциядағы бес сүзгі уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар, №1 станцияда да бір сүзгіге күрделі жөндеу жүргізілуде. Сүзгі бірнеше қабаттан тұрады: үш түрлі қиыршық тас, кварц құмы және негізгі сүзгі элементі антрацит. Бір сүзгінің бағасы 45 млн теңге. Мұндай сүзгілердің әрқайсысы тәулігіне 8000 текше метр су тазарта алады. Қызмет ету мерзімі 4 жылдан 7 жылға дейін.

КӘРІЗ СУЛАРЫ ҚАЛАЙ ТАЗАРТЫЛАДЫ?

Журналистер кәріздік су тазарту ғимаратындағы жұмыстармен де танысты. Мұнда жаңа тұндырғыш іске қосылған. Ол лас судың құрамындағы ауыр бөлшектерді су түбіне шөктіріп, оларды арнайы тұнбаны тазалайтын құралдармен жинап, арнайы шұңқырға бағыттайды. Кейін бұл тұнбалар арнайы кептіру және сақтау алаңдарына жіберіледі.

«Бұл тұнбаны жинау алаңдары бірнеше сатымен жасалған, артық су қайта сүзгілерге жіберіліп, айналымға түседі. Барлығы бір жүйеге біріктірілген», – дейді тазарту жүйесінің механигі Виктор Костин.

Қазіргі таңда тазарту кешенінде төрт тұндырғыш бар. Үшеуі жаңа, біреуі ескірген және ауыстыруды қажет етеді. Сондай-ақ, тазарту кешенінде биологиялық тазарту жүргізілетін арнайы резервуар  аэротенкте жұмыс істеп тұр.

КАНАЛИЗАЦИЯ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРУДА

Басты кәріз сорғы станциясында жаңа қондырғылар орнатылуда. Қазіргі таңда екі сорғы ауыстырылып, үшіншісі монтажға дайындалған. Әр сорғының құны 50 млн теңге.

«Жыл соңына дейін басты және орталық сорғы станцияларындағы барлық он сорғыны ауыстыру жоспарланған. Бұл жүйенің үздіксіз жұмыс істеуіне және энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмсақ іске қосу құрылғылары орнатылып, қысымдық соққының алдын алуға жағдай жасалды», – деді Ринат Молдахметов.

Кәріз жүйесіне түсетін ірі қалдықтарды сүзу үшін арнайы тот баспайтын болаттан жасалған торлар орнатылған. Үш күн ішінде осындай қалдықтардан жарты тоннаға дейін жиналады.

Биыл 700 метр болатын қысымды кәріз құбыры да ауыстырылады. Құбырлар дайын, барлық техникалық рұқсаттар алынған соң жұмыстар басталады. Жөндеу кезінде тұрғындарға қолайсыздық тумайды, себебі қосалқы құбырлар пайдаланылады.

ҚАШАР АУЫЛЫНЫҢ СУ ҚҰБЫРЫ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР

Пресс-турдың соңында журналистер Қашар елді мекеніндегі су құбырының жаңарту жұмыстарына куә болды. Диаметрі 800 мм болатын полиэтилен құбыры тартылып жатыр. Жоба бойынша 15 шақырымдық учаске жаңартылады.

«Қаржыландырудың кешігуіне байланысты жұмыс біраз уақытқа тоқтаған болатын. Дегенмен, биыл толығымен аяқтаймыз деп үміттенеміз. 2024 жылы 7 шақырым құбыр төселді, биыл тағы 4 шақырым жасалды. Қалған 4 шақырым мен өз күшімізбен ауыстырылып жатқан 1,7 шақырымдық учаске бар. Соның 800 метрі орындалды», – деді Ринат Молдахметов.

Қашар су құбыры – ауылдың жалғыз су көзі. 1978 жылы салынған бұл құбыр бүгінде әбден тозған. Дегенмен, қазіргі уақытта ескі құбыр арқылы су беріліп жатыр, ауылда су тапшылығы жоқ. Себебі ауылда қажетті мөлшерде су сақталған арнайы резервуарлар бар.

Рудный қаласында ауызсу мен кәріз жүйелерін жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сала мамандары инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, жаңғырту шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *