«Горняк» мәдениет үйінде металлургтердің кәсіби мейрамы атап өтілді
Бұл күн – «ERG» құрамындағы кәсіпорындардың қызметкерлері үшін жай ғана мереке емес, көп жылғы еңбектің еленіп, маңдай тердің марапатқа айналған сәті. Мерейтой мен марапат, өнер мен алғыс, еңбек пен ілтипат, осының барлығы бір кештің аясында тоғысты.
Салтанатты кеш шымылдығын ашқан «Қайта өрлеу» биі көрерменге рух пен серпін сыйласа, артынан фанфаралар шырқалып, жүргізушілердің құттықтау сөздерімен кештің ресми бөлігі басталды. «ERG Service» компаниясының 10 жылдығына орайластырылған шарада еңбек үздіктері сахна төрінде марапатталды.
Ұйым директоры Сергей Перепечиннің құттықтау сөзінен соң еңбегімен ерекшеленген жұмысшыларға арнайы марапаттар табысталды. Соның ішінде Игорь Исаков есімі ерекше атап өтілді. Ол 1993 жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда теміржол учаскесінде вагондарды қамтамасыз етумен айналысады.
«Кәсіпорында 1993 жылдан бастап жұмыс істеймін. Қазір теміржолда жұмыс істеп, Қашар мен Рудный арасындағы думкарьларды қамтамасыз етумен айналысамын. Техникамен жұмыс істеу өзіме ұнайды, сол себепті 32 жыл осы ұйымда еңбек етіп келемін. Жұмыс жағдайы жақсы, әлеуметтік пакет, жалақы, балалар үшін түрлі спорттық, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Бүгінгі марапат мен үшін өте маңызды. Мемлекеттік деңгейде болмаса да, бұл құрмет менің еңбегімнің бағаланғанын көрсетеді»,– дейді Игорь Витальевич. Игорь әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, компанияның әрі қарай да дами беруіне тілектестік білдірді: «Металлургтер күні – біздің ортақ мерекеміз. Барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Денсаулық, сүйіспеншілік тілеймін!»
Тағы бір марапат иесі Александра Закусилова, «ERG Service» компаниясында авторемонттық цехта слесарь болып жұмыс істейді. Ол бұл қызметке бір жылдан аса уақыт бұрын келген. Қысқа ғана уақытта кәсібіне деген сүйіспеншілігімен, белсенділігімен көзге түсіп, «Жыл волонтёрі» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
«Бұл менің алғашқы марапатым, және ол мен үшін өте қымбат. Волонтёр болу бұл тек ерікті түрде көмектесу емес, бұл – адамдарға қолдау көрсету, айналаңды жақсартуға үлес қосу», – дейді Александра.
Ол Рудный индустриалдық институтының түлегі. Алғашқы жұмыс орны дәл қазіргі «ERG Service» ұжымы.
«Ұжым тамаша, жұмыс та қызықты. Әкем де ERG-Service компаниясында жұмыс істейді, ол кран машинисі. Ал мен авторемонттық цехта КамАЗ, КАТ, УАЗ секілді ауыр техникаларды жөндеумен айналысамын. Бұл нақты еңбек пен біліктілік талап ететін мамандық. Бір жылда көп нәрсе үйрендім. Қиындықтар да болды, бірақ қолдау бар жерде қиын нәрсе жоқ. Алдымызда әлі талай мүмкіндік бар деп сенемін»,- дейді ол.
Марапаттау сәттерін әсем өнермен әрлеген жастар мен өнерпаздар көрермен көңілін бір серпілтті. Қызметкерлердің балалары орындаған «Папа, хочу как ты» әні естен кетпес ерекше естелікке айналды. Бұл – әкеге деген махаббат пен мақтаныштың шынайы көрінісі, еңбекке құрметтің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының нышаны.
Одан кейінгі сахнада жарық шоу, дуэттер, әндер, барлығы металлургтердің еңбегін дәріптеуге арналды. Әсіресе, өндіріс жетекшілерінің қатысуымен түсірілген ерекше музыкалық бейнебаян көрерменді тәнті етті.
Кеш барысында түрлі аталымдар бойынша ондаған қызметкерге «Еңбек даңқы» белгісі, Қостанай облысы мен Рудный қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, «ERG Service-тің Құрметті қызметкері» атағы, «Кәсіподақ көшбасшысы» төсбелгісі, «ERG волонтері», «Салауатты өмір салтына қосқан үлесі үшін» және басқа да марапаттар табысталды.
Металлургтер күні салмақты саланың салтанаты. Бұл кеш тек шапалақ пен гүл шоқтары ғана емес, бұл ерен еңбектің, маңдай тердің, отбасылық дәстүр мен кәсіби адалдықтың көрінісі болды.
«ERG Service» ұжымы үшін бұл мереке тағы бір тарихи белеске айналды. Ал металлургтер – ел өндірісінің тірегі екенін тағы бір дәлелдеді. Бүгінгі қошемет ертеңгі іргелі істерге жаңа серпін берері анық.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ