«Jaidarman junior»: іріктеу ойындары өтті

Рудный индустриалды университетінде мектеп командалары арасында «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жайдарман джуниор» облыстық лигасының іріктеу ойындары өтті.

Бүгінде жалынды жастардың басын қосқан «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысы жастардың сүйіп көретін және сүйсіне ойнайтын әзіл алаңына айналды. Облысымыздың түкпір-түкпірінен келген ең көңілді және тапқыр командалар көрермендерге жағымды эмоциялар сыйлау үшін бір сахнаға жиналды. Фестивальге 13 команда тіркелген. «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының басшысы Марғұлан Бәкір Рудный қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсыры ойынша өтіп жатқандығын айта кетті.

—  Осыған дейін тек рудныйлықтар қатысатын. Осы жылы көршілес аймақтардың командаларының сұрауымен облыстық деңгейде ашық лига ретінде өткізудеміз. Қостанай, Рудный, Лисаковск қалалары және Денисов, Қарабалық, Әулиекөл, Қостанай, Амангелді аудандарының топтары қатысуда. Жастар тарапынан осындай қызығушылықты былтырғы маусымның сәтті өтуімен, ойын-сауық қазақ тіліндегі контент деңгейін арттыратын жаңа жобалардың басталуымен байланыстыруға болады.

Brand командасы өткен жылғы «Дода» ойынының жеңімпазы. Жас қатысушы Жадыра Өтегенова «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының басшысы Марғұлан Бәкірге осы ойынға шақырғаны үшін және осындай мүмкіндіктер сыйлағанына ерекше алғысын білдірді:

— «Дода» ойынынан кейін Марғұлан ағай бізді жеке шақырды. «Жайдарман джуниор» облыстық лигасына көп дайындалдық. Қатты қобалжып тұрмыз. Барлық уақытымызды тиімді пайдаландық. Өзекті тақырыптарды қозғаймыз. Жеңіске деген үмітпен келдік.

Жайдарман ойындарына Қарабалық қаласынан екі команда қатысты. Феникс командасының қатысушы Нұрай Дәуренқызы өз командасының ерекшелігі – тыңғылықты жасалған дайындықта дейді.

— Біздің қойылымда ән де бар, би де бар. Барлық әзілдер жақсы деңгейде жазылған.  Әділқазы алқаларынан тек жақсы шешімді күтеміз. Үлкен үмітпен келдік. Барлық командаларға және өзімізге сәттілік тілейміз!,- дейді ойыншы.

«Жайдарман» — бұл ерекше атмосфера, командалық қойылымдар мен күнделікті ойын-сауық іс-шараларының үздіксіз араласуы, шығармашылық жастарды алдағы маусымға қуат беретін әзіл мен көңіл көтерудің үздіксіз ағыны. Басты мақсат-рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау және жастардың шығармашылық дамуы.  Іріктеу ойындарына келген барлық 13 топ ½ кезеңге жолдама алды. Ал финал ойындары күзде өтеді.

 Төрешілердің шешімімен «Үздік ойыншы» номинациясын ең жас қатысушы, «Бір үйдің балалары» командасыныің мүшесі Батыржанова Даяна иеленді. Ал Әулиекөл ауданы Первомай ауылынан келген «Бренд» командасы «Үздік команда» атанды.

 

Гүлім МҰРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *