Қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан мобильді технологиялар ұялы телефон пайдаланушының кез-келген қажеттілігін қамтамасыз етеді. Бұған мысал, жақында шаһарымызда бірнеше нысанда пайда болған шағын QR-код тілашары. Мұндай мүмкіндікті қаламыздағы тілдерді оқыту орталығы іске асырды. Мамандардың айтуынша, тіл үйренем деушілерге барлық ақпарат қолжетімді болуы керек.
Қаламыздағы тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлеріне, сонымен қатар тілді үйренуге тілек білдірген қала тұрғындарына мемлекеттік тілді, ағылшын тілін және этникалық топ өкілдеріне өз ана тілдерін оқытуды ұйымдастырып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, былтыр 860 тыңдаушы мемлекеттік тілді меңгерсе, 217 тыңдаушы ағылшын тілін, 15 адам орыс тіл, 15 тыңдаушы неміс тілін үйренген екен.
«Жалпы оқыту үдерісі жыл бойы жүргізіледі. Қазіргі таңда орталықтың әдіскер-оқытушылары мемлекеттік тілді насихаттау, тегін тіл үйрету курстарына шақыру мақсатында қаладағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдарға барып, «Ашық есік» күнін өткізіп жатырмыз. Бұл жұмыс жыл бойы жалғасатын болады», – дейді орталық әдіскері Ардақ Жаббарова.
Енді орталық жаңа оқу жылында тыңдаушыларды қамту үшін әртүрлі мекемелерге, жоғарғы оқу орындарына, ЖШС, тіпті жеке кәсіпкерлерге арнайы барып, ашық есік күнін өткізуде. Қазіргі таңда көптеген қала тұрғындары, мекемелер мен кәсіпорындар тіл үйренуге қызығушылықтарын білдіріп, орталыққа телефон шалып, электронды пошталарға хаттарын жолдайды.
«Мен құнды ақпарат үшін зор алғысымды білдіргім келеді және біздің қызметкерлеріміз үшін акт залында қазақ тілінің базалық курстарын өткізсеңіз керемет болар еді»,- деп ұсынысын №1 Рудный арнайы мектеп-интернаты кадрлар бөлімінің инспекторы Елена Констанденкова білдірді.
Кездесулерде буклеттер мен брошюралардан бөлек күнделікті ауызекі сөйлеу барысында қолданылатын сөзорамдары қамтылған шағын QR-код тілашар құралдары таратылған еді. Енді тіл үйренем деп тілек білдірушілерге барлығы қолжетімді. Бар болғаны қолыңызда байланыс құралы болса, сол да жетіп жатыр. Ол үшін камера арқылы кодты сканерлейсіз де қазақша-орысша сөздік жазылған бетке өтесіз. Процесс жеңіл, әрі қарапайым. Гүлнар Маратқызының айтуынша, мұндай жұмыстар қазақ тілінің дамуына септігін тигізеді.
«Қазіргі таңда цифрлық ақпараттың дамыған заманы, сондықтан біздің әдіскерлер күнделікті ауыз екі сөйлеу барысында қолданылатын тұрақты тіркестер, сөз орамдарын қолдануға тиімді QR-код құралдарын әзірлеп шығарды. QR-кодтарды тақырып бойынша ойластырдық, мәселен, «Сауда орталығында, кинотеатрда, театрда, кітапханада, мұражайда, дәріханада, білім саласында» деген секілді әртүрлі тақырыпқа сай атау беріп, ұсынып жатырмыз. Және бұл қызмет көрсету саласындағы барлық мекемелерге кіреберістегі ақпарат деп аталатын тақтайшаға, яғни қабырға стендіне ілінді. Осылайша, қазақ тілін үйренуге сәл де болса үлесімізді қоссақ деген тілегіміз бар. Қазіргі таңда нәтижесі жаман емес», — дейді орталық басшысы Гүлнар Талапова.
Айта кету керек, тілдік курстардың барлығы тегін, аптасына 2 мәрте жүргізіледі. Сабақтардың өту уақыты 1 сағатқа шақталған. Бүгінгі таңда олар 18 жастан бастап зейнет жасындағы тұрғындарды оқытуға әзір. Оқыту курстары: деңгейлік курстар, қысқа мерзімді курстар және биылдан бастап ресми іс-қағаздарды жүргізу курстары болып бөлінеді. Сонымен қоса, 2021 жылы қазақ тілін еркін форматта үйрететін «Сөйлетайм» курсы ашылған еді. Биылғы жылы бұл жоба жалғасатын болады.
Жалпы орталық Рудны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес, мемлекеттік тілді насихаттауға және қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды іс-шараларды атқарады. Мәселен, көшеде ілініп тұрған көрнекі ақпараттың заңға сәйкестігі, оның дұрыс стилистикалық, грамматикалық қатесіз жазылуы және т.б. Сонымен қоса, көпшілік тілді меңгерудің арқасында қандай нәтиже көре алады деген сауалға жауап беретін семиналар, дөңгелек үстел, ашық есік күндерін жыл бойы ұйымдастырады.
Арай Марат