«SMART USTAZ»: МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ӘЛ-АУҚАТЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Рудный қаласының мектептерінде мұғалімдердің кәсіби күйіп кетуінің алдын алу мақсатында арнайы тренингтер өтті. Бұл шаралар «Smart Ustaz» білім беру платформасының бастамасымен ұйымдастырылды.

Жоба аясында мұғалімдер эмоционалдық интеллект құралдарын меңгеріп, кәсіби қиындықтарды еңсеру мен психологиялық тепе-теңдікті сақтау жолдарын үйренді. Іс-шараның басты мақсаты – педагогтарға шаршау белгілерін тануға, өзін-өзі реттеуге және күнделікті тәжірибеде эмоцияны басқару дағдыларын тиімді қолдануға көмектесу.

Тренингтер №1 және №11 жалпы білім беретін мектептің базасында өтті. Бағдарлама мектеп өміріндегі нақты жағдайларға негізделіп, педагогика мен психологияның заманауи тәсілдерін қамтыды. Жиынға 30-ға жуық білім беру саласының мамандары қатысты.

– «Smart Ustaz» жобасы – мұғалімдерді қолдау үшін құрылған маңызды жоба. Бұл – педагогтың жеке дамуына, ата-аналармен, оқушылармен және әріптестермен қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған. Мұғалім дамыса – бала да дамиды», – дейді жобаның әдіскері Жанна Добылбаева.

Ал №1 мектеп директоры Шынар Валиева бұл тренингтің өзектілігін атап өтіп, мұғалімдердің эмоционалдық күйіп кетуі білім сапасына тікелей әсер ететінін айтты:

– Егер мұғалім шабыттанып, ішкі ресурсымен жұмыс істей білсе, ол кәсіби тұрғыда әлдеқайда нәтижелі болады, – деді ол.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 31 жылдық тәжірибесі бар Наталья Чуманина да шараның маңыздылығына тоқталды:

– Мұндай тренингтер мұғалімдердің өз жағдайына үңіліп, күйіп кетудің алдын алу жолдарын іздеуіне сеп болады. Интерактивті формат педагогке өз күйін түсініп, шешім қабылдауға жол ашады, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, педагогтың психологиялық денсаулығына қолдау көрсету – бүкіл білім беру жүйесінің сапасына салынған инвестиция.

Smart Ustaz платформасы мұғалімдерге 21 ғасыр дағдыларын – сыни және креативті ойлау, икемділік, тиімді коммуникация және өзгерістерге бейімделу қабілетін дамытуға көмектеседі. Платформада ұсынылған курстардан Қазақстан бойынша 6500-ден астам педагог білім алған.

Жоба «El Úmiti» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Қосымша ақпаратты www.smartustaz.kz сайтынан немесе +7 777 551 1642 нөмірінен алуға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *