Олар теңге ілудің «Бес белес», «Жеті құт» және «Қос құлаш» стильдері бойынша жүлдеге таласады.
Теңге ілуден Қазақстанның ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын үш үздік спортшыны анықтады, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі. Олар: «Бес белес» стилі бойынша Бекнұр Серіков, «Жеті құт» стилі бойынша Бақыт Төлтай және «Қос құлаш» стилі бойынша Рахат Қамбаров.
«Іріктеу сайыстарының нәтижесінде 3 стиль бойынша 3 үздік спортшыны анықтадық. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сайыстың барлық түрінен алтын иеленеміз деген сенім бар. Ол үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланамыз», – деді Ұлттық және ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын келесі спортшылар қорғайды:
Бекнұр Серіков – Батыс Қазақстан облысының тумасы. 2018 жылы жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2020 жылы жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, 2023 жылы І Азия кубогінің 1-орын иегері.
Бақыт Төлтай – 1998 жылдың 12 тамызында Шымкент қаласы, Арыс ауданы, Монтайтас ауылында дүниеге келген. 2021 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2023 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионатында алтын және күміс медалінің иегері, 2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалінің иегері.
Рахат Қамбаров – 2001 жылы Түркістан облысында туған. 2022 жылы Теңге ілу федерациясының бас жүлдесін, 2023 жылы өткен VI ҚР Ұлттық спорт фестивалінің бас жүлдесін, 2024 жылы Азия кубогын иеленіп, 2024 жылы өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері атанды.
Теңге ілуден V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанада болады. Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілу бойынша жарыстар 11-13 қыркүйек аралығында Этноауыл аумағында өтеді.