Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады, сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз деп атап өтті.

Республикалық жоспардың мақсаты – балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани, имандылық дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау жолымен олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынды. Солардың бірі, Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде қазіргі уақытта балалардың құқықтарын қорғауға, оларға қысым, зорлық-зомбылық көрсетілуі мүмкін өмірлік қиын жағдайдағы балаларды анықтауға бағытталған «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылуда.

Өз кезегінде, Рудный қаласы прокуратурасы бір апта ішінде қаланың барлық оқу орындарында  аталған тақырыпта түрлі іс-шаралар өткізуді көздейтін «Бақытты балалық шақ – бақыт ұсақ-түйектен басталады!» марафоны туралы ережені әзірледі.

Марафонның атауынан көрініп тұрғандай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде қателіктер болмауы тиіс және бұл жұмысқа барлық мемлекеттік органдар, қоғам, азаматтар қатысты. Іс-шаралар апта бойы 5-9 ақпан аралығында тиісті тақырыпта өткізілді.

«Рудный қаласының мемлекеттік органдары мен мекемелерінің кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі 2024 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Статистика бойынша 2022 жылы кәмелетке толмағандар 9 құқық бұзушылық жасады, өткен жылы 5, 2022 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 28, 2023 жылы 20 құқық бұзушылық жасалды. Байқағанымыздай, қалада бұл қылмыстарды азайту үрдісі бар, біз оларды жою үшін барлық шараларды бірге өткізуіміз керек. Өткен аптаның іс-шараларына келсек, 6 ақпан күні мемлекеттік органдар мен жоғары сынып оқушыларының командалары арасында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» ұранымен спорттық жарыстар, түрлі ойындар, билер, флешмобтар өткізілді. 7 ақпан «Твои права на безоблачное детство» тақырыбына арнадық. Түрлі викториналар, квесттер ұйымдастырылды, негізінен психологтар жұмыс істеді. Бейсенбі, 8 ақпанда жоғары сынып оқушылары үшін полиция және төтенше жағдайлар басқармаларында Ашық есік күнін ұйымдастырдық. Жас жеткеншектер жұмыс процессі қалай өтетінің байқап, жаңа ақпарат алды. Сол күні түстен кейін жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті, онда біз өзекті де өткір мәселелерді талқыладық. Ал 9 ақпан күні, марафонды қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттадық»,- деді Рудный қаласының прокуроры Ақбар Әбділдин .

Балаларға ұйымдастырылған додалардың бірінде біздің редакция да қатысты. Ол Би-аға мектебінде өткен, зият пен дәстүрді тоғыстырған тоғызқұмалақ ойынының қалалалық жарысы.  Қазақ халқының қайталанбас мұрасына айналған тоғызқұмалақ ойынына қатысқан оқушылардың  саны 80- ге жуық болды. Бұл қаламыздың мектеп секциясына қатысатын 5-9 сынып оқушылары арасында өткізілді. Олардың ішінен жас болса да біраз жетістіктерге жеткендері, сонымен қатар өзге ұлттың балалары да болды

«Үйірмеге жақында 1 ай бұрын келдім. Ұлттық ойындарға қазығушылық танытып, ойын ережесімен таныскым келді. Сондай-ақ, ойлау қабілетін дамтады, пайдасы өте зор. Бүгін № 1  жалпы білім беретін мектептің намысын қорғауға 4 оқушы келдік.  Секцияны жүргізетін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Михаил Генадийвич. Дайындық аптасына 2 рет 2-3 сағаттан өтеді. Секцияға шамамен 12 адам қатысады»,- деп 8 сынып оқушысы Никита бізбен бөлісті.

Бүгінгі күні мектеп қабырғасында оқушылармен жұмыс жасауға ұмтылған жас мамандар жетерлік. Соның бірі  Ғасыр Бекен 20-дан астам шәкірт тәрбиелеп отыр.

«Өзім 3 жыл қатарынан мектепте жұмыс істеп келемін. Басында тоғызқұмалақ секциясы жоқ екенін байқап, ұлттық ойынды насихаттауды өз қолыма алдым. Әзірге 20-дан астам бала қатысып келеді. Болашақта өзге ұлттың жас жеткеншектерін үйірмеге шақырамын. Бүгінгі сайысқа көп дайындалдық, өзіммен ерген 8 оқушым келді. Бірінші турда жеңіске жетіп жатырмыз. Жалпы ұлттық ойындар – біздің байлығымыз, олардың кез келген түрі тарихымыз бен мәдениетімізді тануға, елжандылық, батылдық пен спортқа деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге бағытталған,- деді Ғасыр Бекен № 13 жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жарыс барысында.

Әрине, мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек. Алдағы уақытта, Рудный қаласының прокуроры Ақбар Әбділдиннің айтуынша көптеген жоспарлар, бастамалар мен ұсыныстар бар және оларды іске асыру оң нәтиже беретініне сенімді. Жалпы статистикалық мәліметтерге сәйкесінше, көбіне бала тәрбиесін нашарлатқаны үшін ата-анаға айыппұл салынады. Өйткені, жеткіншек үйде ұйықтамай, қаңғып жүрсе, сабақтан қалса, ата-анасы іздемесе, оның қорғалуына, денсаулығына, білім алуына мүлде алаңдамайды деген сөз. Егер 2018 жылы ҚР-да ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша 4,1 мың әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, 2023 жылдың қаңтар-қарашасында олардың саны 2,8 есе өсіп, 11,4 мыңға жетті. Түнгі уақытта клубтағы балаларды анықтау фактілері екі есе өсті: 2018 жылғы 935 жағдаймен салыстырғанда соңғы бір жылда — 1,8 мың. Бұл баптар бойынша айыппұлдар отбасы бюджетіне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін: нашар тәрбие алғаны немесе түнде клубта болғаны үшін ата-анаға 10-20 АЕК көлемінде (2023 жылы 34,5 мыңнан 69 мың теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін.

Сондай-ақ, Қала прокуратурасында прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатарынан мобильді топ құрылды. Енді әр мектепте «Бала қорғау» сайтына жіберілетін QR-кодтар бар. Мобильді топ кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында тұрмыстық жағдайы төмен, мұқтаж отбасылардың үйлерін аралап, психологиялық тұрғыдан, моральдық және материалдық тұрғыдан көмек көрсетуді жалғастырамақ. Сондықтан, егер сіз кез-келген баланың қиын жағдайға тап болғанын байқасаңыз, мектеп психологына, сынып жетекшісіне немесе қала прокуратурасына хабарлаңыз. Себебі, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз.

Сания САКТАГАН

Фотосурет түсірген: Алексей ФРОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *