Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 112 жыл

Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күні.

Тау алыстаған сайын биіктей береді. Жылдар жылжып, ғасыр ауысып, белгілі бір кезеңдер тарих түкпіріне ене түскенімен, халық жадында қадірлі есімі сақталған тұлғалардың беделі асқақтап, санамызда саралана түседі.   Сондай ерекше жандардың бірі —  Дінмұхамед Қонаев.

Дінмұхамед Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ұзақ жыл қазақ елінің тізгінін ұстаған белгілі қоғам қайраткері, ірі мемлекет басшысы Ақтөбе облысының экономикасы мен әлеуметтік саласының дамуына да қамқорлығын аяған жоқ. Ол билік басында болған уақыт күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Дінмұхамед Ахметұлы 1993 жылы тамыздың 22-де 82 жасқа қараған шағында дүние салды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.

Дінмұхамед Ахметұлы 1936 жылы Мәскеудің Түсті металл институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған. 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры қызметтерін атқарады. 1939 жылдан «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1986 жылы 16 желтоқсан күні Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалды. Бұған наразы болған қазақ жастарының көтерілісі Желтоқсан оқиғасына ұласты. Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне Д.А.Қонаев ерекше үлес қосты. Сондықтан Димаш Ахметұлы Қонаевты тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаушы бір саясаткер ретінде оқулықтарда лайықты орын алуға тиіс, өнегелі өмірі жастарға нас­ихатталуы қажет-ақ.

Гүлім Мұрат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *