Жат діни ағымдардың зардабы

Бүгінгі таңда дін мәселесі елімізде өте өткір тақырыптардың біріне айналды. Себебі, қазіргі уақытта қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдар көбейіп, тіпті ағымдардың әртүрлі болуына байланысты азаматтардың діни және рухани бөлінуі көрініс тауып, түсініспеушіліктер орын алуда.

Өз кезегінде сәләфия ағымы ақида немесе саяси мәселелерге байланысты әртүрлі ағымдарға бөлініп, бүгінде түрлі атаулармен әрекет етуде. Қазақстанда сәләфилік бағытындағы  «мадхалия», «сурурия»,  «тәкфир» және «хаддадия» ағымдарының жақтастарын кездестіруге болады. Бұл ағымдардың негізінде ұстанымдары бір, бірақ әрқайсысының саяси ойлары бөлек. Бірі елді құрметтеп, заңға бағынамыз десе, басқасы мүлдем кері ойлайды.

Ел ішінде теріс пиғылдағы діни ағымдардың сыналап кіріп алғаны жасырын емес. Өзге ұстанымды уағыздайтын олар ұлттық құндылықтарымызға қарсы әрекет етуге тырысады. Кейбірі салт-дәстүрді адасқан ата-бабаның сарқыншағы деп, ырымға қырымен қарайды. Ал домбыраны шайтанның құралына балап, ұлттық болмыстан айыруды көздейді. Бұл індеттің қауіп-қатері соңшалық уыздай ұйған әулеттерді іркіттей ірітіп, баласы шешесінің қолынан ас ішпейтін отбасылар пайда болды. Жат ағымның жетегінде жүргендер қоғам үшін қай кезде де қауіпті. Теріс ағымда кетудің бірнеше себебі бар екенін, оның басында білімсіздік тұрады. Қазіргі заманның зарына айналған теріс ағым зардабы қандай және оның арбауына түсіп қалмау үшін не істеу керек деген сұрақтарға қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин жауап берді.

– Біріншіден, діни деструктивты ағымға қосылған кісілер қазақ халқымыздың дәстүрін дұрыс емес деп есептейді. Мәселен, біздің ғұрыпта дүниеден өткен адамға құран бағыштау бар, одан жаназа шығарылғаннан кейін ас беру, қырқы, жылы және әр бейсенбі шай беріп құран оқыту үрдістері бар. Діни деструктивты ағымға өткендер осының бәрін теріске шығарады. Некелесу мәселесінде беташар кезінде сәлем салу ғұрыпын жоққа шығарып, күнә деп оны Алла Тағалаға серік қосу деп айтады. Мінеки, осындай діни мәселелерге жат қарайды.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бұл мәселемен қалай күреседі деп сұрастырдық.

– Қазіргі таңда «Оңалту» атты бағыт бойынша Қазақстан аумағындағы бүкіл мешіттер жұмыс жасайды. Ол діни деструктивты ағымға өтіп кеткен жастарды қолдап, көмек көрсетеді. Уағыз-насихат айтылады, бетін қайтармай түсіндіруге тырысамыз. Жоба 2 бөлімге бөлінген: бірі бейбіт азаматтарды қарастырса, екіншісі бас бостандығынан айырылғандармен сөйлесу. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерде, әлеуметтік желілерде дініміздің насихатын жүргізу арқылы жүзеге асып жатыр. Басқа діни ағымға өтіп кеткен кісілермен жеке өзіміз анонимді түрде кездесеміз. Қазақта айтпақшы, «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», көбісі білместіктен кіріп кетіп жатады. Не болмаса дінге жақын боламын деп ақпаратты ғаламтор беттерінен алады да, қателіктер жібереді.

Көп азаматтарымыздың діннен хабары жоқ, бірақ білуге құштарлығы болады. Осы кезде адаспай қалмау үшін неден бастауы қажет?

– Жалпы ішкі түйсігінде мұсылман екенін түсінсе, дінді қызықтаса ең бірінші және дұрысы ол мешітке келіп сөйлесу. Бізде балалардан бастап, әйел кісілерге және ер адамдарға дәрістер жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, әр жұма күні намаз уақытынан жарты сағат бұрын түрлі тақырыпта уағыз оқылады. Ал кейбірі мешітке келуге қорқады немесе қолы тимейді. Бұндай жағдайда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Muftyat.kz ресми сайты қарауды ұсынамын.

Мұсылман басқа дінің әдеп-ғұрыпын жасаса не болады?

– Пайғамбарымыздың сөзі бойынша бұл күнә деп есептеледі. Енді жалпы айтсам мұзды ойып суға түсу ислам дінінде тыйым салынбайды. Ол мысалы күнделікті адам өз денесін шынықтыру үшін жасайтын істердің бірі деп есептейік. Бірақ, арнайы басқа дін өкілдерінің шомылатын күні, олардың діни рәсімдеріне қатысып, оған сеніммен қараса онда ол адам күнәһар болып есептеледі, тіпті діннен шығып та кетуі әбден мүмкін. Бірақ, ислам діні бейбітшілкті қалайды. Басқа діндердің рәсімдерін жоққа шығарып, оны қате деп санамаймыз. Барлығына құрмет көрсетіп, кедергі келтірмейміз.

«Дүмше молда дін бұзар» дегендей, бүгінде елді шатастырып, тура жолдан тайдырып жүргендер баршылық. Сондықтан да жұрттың дін ұстанатын кісінің өзіне күмәнмен қарай бастағаны шын. Білімсіздік, көзсіз фанатизм, жалған діндарлық – осының барлығы халқымыздың рухани әлеміне қауіп төндіріп тұр. Ішкі сенімдеріңізбен дінге деген құрметтеріңізді басқа жат бағыттармен алмастырып алмаңыздар.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *