«Рудный құрамасы» жоғары лиганың финал ойындарында жеңіске жетті

Жайдарман – еліміздегі ең алғашқы жастар арасындағы әзілден құралған ойын түрі. Астары бар әзіл, саясаттың қыр-сырын күлкі арқылы жеткізу, әрбір адамның қолынан келе бермейді

Осындай таланттар қоғамға үлестерін қосып және жалпы жастар саясатындағы қозғалысты дамытып, еліміздің рухани байлығын кеңейтуде атсалысып жүр. Олардың бірі 2016 жылы «РИИ жастары» атымен шыққан «Рудный құрамасы» барша жайдарман сүйер қауымға белгілі.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Топ 2019 жылы алғашқы рет республикалық фестивальге барып, бірден премьер лиганың телевизиялық жобасына жолдама алады.

Осы кезеңнен бастап «Рудный құрамасының» шарықтау шегі басталды. Басы қосылған достардың басты мақсаты қала атын шығару, өз мүмкіндіктерін елге көрсету және сүйікті істерімен айналысу болды.Өткен аптада команда 2023 жылғы жайдарман ойындарының 3 жүлделі орын иелері атанды. Командамен жақынырақ танысу үшін Қазыбек және Дулат есімді ойыншылармен сұхбат жүргіздік.

«5 жыл қатарынан Рудный қаласының атынан ойнап келеміз. Бірақ, Береке және Абзал есімді команда мүшелері Шымкент қаласында тұрады. Өзім де сол аймақтан боламын. Бәріміз институттың қабырғасында жиналған студенттер едік, ал қазіргі күні қалыптасқан, бәріне белгілі командаға айналдық. Не болсада, Рудный қаласы бізге ыстық. Әрі қарайда осы атаумен ойындарға шығамыз. Жалпы команданың атауын өзгертпеген жөн, біліуімізше кейбір командалар басқа бағытта ойнаса немесе атауын өзгертсе сәтсіздікке ұшырайды»,- дейді команда мүшесі Дулат.

Команда қатысушыларының айтуынша танымалдық жоғарғы лигада келді. 2020 жылы 3 орын алса, 2021 жылы 2 орынға ие болады. Ол кездері қазіргі «Жездуха» сериалының актерлары мен сценарийсттері «Миллион» деген атаумен ойнап, қарсылас болған.

 «Олар кино, сериал арқасында жақсы көтерілді. Көп жастарға ұнады, үзбей сериалдарын қарап жүрді және олардың имидждері қалыптасты. Біздің команда өзінің ойнымен және біліктілігімен лайықты қарсыласқа айналды. Сондықтан болар, бізге бір саты төмен 2 орын берілді. Халық болса, ойын әділетсіз өтті деп, шу көтерді. Бізді сол кезден бастап «Халық чемпиондары» деп атай бастады. 2022 жылы қайтып ойынға оралдық. Ол кезде жақсы дайындықпен, мықты әзілдермен ойнадық. Бізге қарсы «Қазалы» командасы да жоғары дәрежеде ойын көрсетті. Біздің ойымызша біз бір-бірімізге тең болып келдік. Жалпы жайдарман ойындарындағы барша қарсыластарымыз жақсы деңгейдегі ойыншылар»,-дейді команда капитаны Қазыбек.

 Команда әрі қарай жобаларға қатысып, сценарийлерді жазуды тоқтатпауды жөн көрді. Рудный құрамасының өзінің қалыптасқан стилі бар. Халықтың көңілінен шыққаны ол өмірде болған жағдайларды мысалмен, күлкімен жеткізу. Ойын әрқашан Абзал мен Береке команда қатысушыларының сөз сөйлеуінен бастау алады. Олардың диалогын «тандем» деп те атауға болады. Әркімнің өзіне жүктелген тапсырмалары да бар екен. Бірі ұйымдастырушылық сәттерді қадағаласа, қалғаны сценарий жазумен айналысады.

«Біздің команда әзіл жазуға жақсы. Кейбір команадалар би билейді, актерлік шеберліктерін көрсетеді. Бізде тек сөзбен жеткізу, ол да бір өнер.Сонымен қатар, Қасиет Кәрім есімді жетекшіміз бар. Ол кісі Орал қаласынан, жайдарманда көп жылдар бойы ойнап, чемпион атанған. Ағамыз серіктес болып, бізге бағыт-бағдар беруге келісімін берді. Көп жағдайда ол әзілдерге жаңа тыныс береді немесе дұрыс жолға жеткізеді деп айтсақ болады. Оның бізге беріп жатқан көмегіне алғысымыз шексіз,-дейді команда мүшесі Дулат.

ЖОҒАРЫ ЛИГАНЫҢ ФИНАЛ ОЙЫНДАРЫ

4 жыл қатарынан финалист атанған «Рудный құрамасы» Астана қаласы, «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен финалдық ойында 3 орынға ие болды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жастардың басын бір арнаға тоғыстыратын Жайдарман — 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашында «Қазақша КВН» атауымен халыққа жол тартқан ойынның бүгінгі атауы – JCI. Маусымашар фестивалінің қорытындысы бойынша 18 команда топтық ойындарға жолдама алды. Олар 6/6 командаларға бөлініп, 3 топта өнер көрсетті. Оның қорытындысы бойынша 10 команда жартылай финалда және ойының нүктесін қояр ойында 5 команда бақ сынасты. Сайысқа түскен командалар: «Эверест» Алматы, «Ақпен бірге» Астана, «Жуалы» Жамбыл, «Рудный құрамасы» Қостанай және соңғы топ «Қыздар емес» Семей. Олардың өнерін бағалаған қазылар алқасы қатарында Марат Қамбарұлы, Нұрсұлтан Құрманұлы, Жұмабек Жанықұлов, Нұрболхан Шарапов және Еркебұлан Мырзабек сынды жайдарман ойындарының үздіктері, қоғам белсенділері болды.

Жалпы ойын классикалық үлгіде өтті. 3 кезең ұсынылды: бірінші сәлемдесу, екінші капитандар сайысы және соңғы топтық көрініс. Бұл финалда өзекті тақырыптардағы әзілдер көрермен көңілінен шықты. Екі ел арасындағы шекара, қыздардың құқығын қорғау, феминистік көзқарас, ЛРТ, орамал сынды қоғамда қызу талқыда жүрген мәселелерді жайдарманшылар әзілмен астарлай жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан футбол құрамасының Словенияға қарсы матчы да әзілге сеп болды. Рудныйлық команда өзіне тәң стилімен сахнаға шығып көрерменге риясыз күлкі сыйлап, өмірдегі келеңсіз жағдайлардың майын тамызды. Келесі кезең бәрін таң қалдырды. Үздік ойыншылардың бірі Абзал соло ретінде жалғыз сахнада өнер көрсетті. Монолог өзінің орындауында атақты комик Нұрлан Сабуровқа пародия ретінде Абзал Сабыров деп таныстырғанынан басталды. Жалпы Абзалдың түр-әлпеті, бойы атақты әзілкешке келеді. Басқа командалар болса өлең айтып, тіпті бірі тірі жылқыны сахнаға алып шығып өнер көрсетті. Бұл сайыста «Рудный құрамасы» жоғарғы балл иеленді. Соңғы кезең- топтық көрініс. Команда капитанының айтуынша дайындық кезі қиындыққа соққан.

«Бізде дайындыққа 10 күн болды. Уақыт тығыз болғандықтан күні-түні жұмыс жасауға тура келді. Жалпы біздің команда реквизиттермен, массовкамен ойнауға үйренбеген. Ал бұл сайысты есте қаларлық масштабты түрде өткізгіміз келді. Сахнаға 40 адамды шығардық. Біздің көріністің тақырыбы «Жұлдызды күтіп алу» және адам көп керек болды. Бұл жай әзілден құрылған қойылым болған жоқ, біз «Халық қаһармандарын» көрсеткіміз келді. Ол ой жетекшімізге келді, ал біз қолдап барынша күш салдық. Басты ой күнделікті өмірде халық арасында жүрген жұлдыздарды көрсету. Мысалы: Астана қаласында 9 қабаттан құлай жаздаған сәбиді құтқарып алған Сәбит Шоңтақтаев, жақында суға батып кете жаздаған балаға көмек көрсеткен Мереке Идрисов және Семей мен Қостанай облысындағы орман өртінде болған өрт сөндіруші азаматтарымызды көрсеттік. Бұл ұтымды тақырып болды.Өзіме қатты ұнады, ойымыздағыдай өтті. Жайдарман көрерменге лық толы, сарайда ине шаншыр орын болмады. Барлық көреремендерде бұл финалдық ойында тағатсыздана күткендей», — дейді команда капитаны.

Ойын қорытындысы бойынша «Қыздар емес» Семей құрамасы 1 орынды иеленіп және 50 млн теңгелік қаражат табысталды. 2 орын және 15 млн теңге ақсалай сыйлыққа «Жуалы» Жамбыл құрамасы ие болды. «Рудный құрамасы» 3 жүлделі орынмен 5 млн теңгені жеңіп алды. Команда мүшелерінің айтуынша, ойынға дейін өзара «егер орын алсақ, ақшаны өзімізден кейінгі командаға табыстаймыз» деп келіскен. Сол келісім бойынша «Ақпен бірге» командасына бес миллион теңгені табыстаған екен.

Ойын соңында команда ойыншысы Береке «Жайдарман-ол кітап сияқты, әр команда өз үлесін жазып қалдырады, кезінде Марат Достаев ағаларымыз блакнот қылып жазып бастаған «Жайдарман», бүгінде үлкен энциклопедия» деп сөзін аяқтады. Осы айтылған сөздерімен команда өздерінің жоғарғы лигадағы ойынын тәмәмдағанын білдіртті. Сонымен қатар, құрама команда Рудный қалалық әкімдігіне қолдау білдіргендері үшін өз алғыстарын білдірді. Алдағы уақытта тәлімгер болу, түрлі жайдарман ойындарын ойнау өз жалғасын табады. Мүмкін, кино әлеміне де бет бұрулары мүмкін. Капитандар сайысында жоғары дәрежеде ойнаған Абзал, өзін StandUP сахнасында сынамақшы. Барлығы уақыт еңшісінде. Бастысы жігіттер әрқашан көңілді, қоғамға өз үлесін қосар азаматтар болып қала береді.

Сания САҚТАҒАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *