Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді

Отбасылық зорлық-зомбылық ел аумағында соңғы жылдары күрт көбейіп кеткені бәріне де белгілі. Біздің мемлекетіміздегі басты құндылық — адам және оның өмірі мен бостандығы. Әлімжеттіктің ошағына айналған отбасыларға бейжай қарауға болмайтынын статистикалық мәліметтер көрсетіп отыр. Бүгінгі күні қылмыстар отбасындағы тәрбиенің осалдығынан, туыстар арасындағы жанашырлықтың төмендігінен және толық емес отбасылардың көбеюінен орын алып отыр. Өкініштісі, мұндай зорлық-зомбылықтан әйелдер мен балалар көп зардап шегуде. Ұлының анасына қол көтеруі, әкесінің күнделікті анасын ұрып-соққанын көріп өскен баланың да психологиясы бұзылатыны, мұндай әрекетті қалыпты жағдай деп санайтыны тағы шындық.

Айта кетейік, ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында қылмыстық кодекске енген өзгерістер 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енді.

«Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды», — деген болатын мемлекет басшысы.

1 шілдеден бастап полиция өтініш берушіден тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің анықтау сипатына көшті. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістерді Рудный қалалық полиция басқармасының өкілдері брифингте айтып берді.

«Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштің жазбалары жеткілікті. Соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталады. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласу үшін сотта тоқтатылған болатын. Бұл агрессордың немесе туыстарының сендіруі немесе қысымы нәтижесінде пайда болды. Жаңа өзгерістер қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жәбірленушілерді аса ауыр қылмыстардан, соның ішінде кісі өлтіруден қорғауға көмектеседі. Осыған байланысты, енді тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскенде полицейлер сол жерде болған оқиғаға құқықтық баға береді. Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды. Қолданыстағы заңнамада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 5, 10 немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарының көбеюі спирттік сусындар сусындар сататын дүкендердің көбеюімен де байланысты. Мәліметтерге сәйкес 2022 жылы 969 ұйғарым шығарылса, 2023 жылы 1111 болды»,- деп Рудный қаласы полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Виталий Цой толығырақ түсіндіріп өтті.

Сондай-ақ, Рудный қаласында әлеуметтік оңалту мен қолдау көрсететін Дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұнда заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіледі. Баспанада көп балалы және жалғызбасты аналар ғана емес, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған егде жастағы әйелдер де уақытша тұрақтана алады. Виталий Цой орталықтың жұмысын жоғары бағалап, қоғамдық қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Қазір орталықта 20 төсекке қарастырылған орын бар. Бұл жерде жәбірленушіге 6 айға дейін болуға рұқсат беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 13 әйел мен 13 бала орталықта көмек алды. Кейбірі жұмыс тапса, кейбірін туыстары өз үйлеріне алып кеткен.

Егер сіз отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, қолдау көрсететін және көмектесетін орындар бар екенін ұмытпаңыз. Сіз дағдарыс орталығының 3-34-31 сенім нөміріне қоңырау шала аласыз. Сондай-ақ, шұғыл көмек қажет болған жағдайда 102 нөмірі бойынша полиция қызметкерлерін шақыруға болады.

Жадыра ЕРТАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *