Қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны

Тоғызқұмалақ — әлемге әйгілі логикалық ойындармен тең келіп, ұрпақтан ұрпаққа қалған нағыз математикалық ойын. ЮНЕСКО-ның 2020 жылғы шешімі бойынша бұл ойын адамзаттың мәдени мұрасы тізіміне енгізілді. Бұл қазақ ұлтының атынан әлемдік мәдени мұраға қосылған ең үлкен үлес.

21-24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты өтті.

Сайысқа әлемнің Түркия, Колумбия, Бангладеш, Қырғызстан, Венгрия, Испания, Польша, Моңғолия, Пәкістан, Латвия, Чехия және т.б. 17 елінен 200-ден астам ойыншылар қатысты. Чемпионаттың ресми ашылуы 21 қыркүйек күні болды. Салтанатты ашылуын еліміздің «Кешью», «Музарт» тобының әншісі бастады. Әлем чемпионаты рапид және блиц жүйесі бойынша өтті. Бұл додада  біздің өңірімізден 4 тоғызқұмалақшы өздерін сынап көрді. Солардың бірі  Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының мақтанышы, спорт майталманы Айдын Жакиев. Ол 9 турдан өтіп, оның жетеуін жеңді. Осылайша Айдын әлем чемпионатынан 2 орын иеленіп Рудный қаласының мерейін үстем етті. Оның айтуынша бұл ұлттық дәстүрлі ойынға сынып жетекшісі баулыған. Тоғызқұмалақ ойынап ж.ргеніне 6 жыл болыпты.

— Бұл ақыл-ой спортының орны мен үшін ерекше. Осыған дейін Семей, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына барып жүлделі орындарды иелендім. Оның нәтижесінде 2018 жылы Ақтөбе қаласында спорт шеберінің үміткері атағын алдым. Өткен әлем чемпионаты туралы сөз етсем, қарсыластарым менен мықты деп айта алмаймын, барлық турда жеңіп келе жаттым. Соңғы екі ойынның біреуінде жеңіліп, екіншісінде қарсыласпен тең келдік. Егер, сәл уақыт болғанда 1 орын алатын едім, бірақ бұйырмай күміс ұттым. Өзім үшін өте қызық, әрі әсерлі чемпионаттарының бірі болды. Басқа елден келген өзіммен жасты оқушылармен танысып, тәжірибе алмастық. Өзіміздің ұлттық ойнымыз осындай дәрежеге жеткеніне қуанамын. Бұл мен үшін ең алдымен хобби және болашақта мамандықпен өзімді байланыстырғым келеді,- дейді жас спортшы.   

№ 7 мектеп-гимназиясы ұжымы білім алушылардың жан-жақты дамуына өз үлестерін қосып келеді. Тоғыз құмалақ үйірмесі 2010 жылдан, яғни мектеп ашылғанынан бастап тұрақты түрде жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін оқушылар көптеген облыстық, қалалық сайыстарға қатысып, жүлделі болуда.

— Бүгінде үйірмеге 2-6 сынып аралығындағы 45 оқушы қатысады. Жетекші Рауан Мыңайдаров ойын қыр-сырларымен бөлісіп, оқушылары жақсы нәтиже көрсетуде. 3 сыныптан бастап бұл үстел спорт түрін жетік меңгеріп келе жатқан Айдын әлем чемпионатында еліміздің абыройын көкке көтерді. Қазір оның жетістігін үлгі етіп, електеп көптеген оқушылар үйірмеге жазылуда. Жақын арада кіші буынға Айдынның жеке шеберлік сағатын өткіземіз,- дейді мектеп директорының тәрбие-іс жөніндегі орынбасары Ақсымбат Сқақ.

Өзіндік ерекшелігі, тәлім-тәрбиелік мәні интелектуалды ойынды  оқу орындарында дене шынықтыру бағдарламасына қосуы бекерге емес. Адам бұл ойынның тақтасына құмалақ тастай отырып, бірнеше әдістерді қолданады, тактикалық ойлау қабілетін жетілдіріп, арифметиканы терең меңгере алады. Қаламыздың оқушылары мектеп қабырғасында тек білім алып қоймай, өз қабілеттерін шыңдап, дәрежелі орындар иеленіп жүргені қуантады.

Сания Сактаган

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *