Біреу білсе, біреу білмес, Шәкен Аймановтың әйгілі «Тақиялы періште» фильмін түсірген кинокамерасы бүгінде Рудный тарихи-өлкетану мұражайының алтын қорында сақтаулы.
Құнды жәдігердің Алматы немесе Нұр-Сұлтанда емес, сонау кеншілер қаласынан табылуына Рудныйдың алғашқы хроникашысы Алексей Червонный себеп.
– Алексей Червонный қала мен комбинат туралы лентаға түсірілген фильмдерді өңдеу үшін «Қазақфильм» киностудиясына жиі баратын. Күндердің бірінде кең форматты «КонВас» камерасы өзінің мерзімін өтеп, шаң басып жатқандығына көзі түседі. Сөйтіп ол 1958 жылы шығарылған камераны киностудияның басшылығымен келісіп, 18 мың рубльге сатып алады.
Кейін Алексей Никифорович осы камераны 20 жылдай пайдаланып, кеншілер қаласы мен кәсіпорынның тыныс-тіршілігі туралы документальді фильмдер түсіреді. Зейнетке шыққан кейін ол атақты құрылғыны мұражайымызға табыстады, – дейді Рудный қалалық тарихи-өлкетану мұражайының әдіскері Мансұр Ибрагимов.
«КонВас» кинокамерасы 1954-1992 жылы аралығында түрлі модификациялар бойынша шығарылған кеңестік кезеңдегі ең танымал кинокамера.
«Тақиялы періште» – кеңес уақытында түсірілген қазақ комедиясы. Режиссёрі – Шәкен Айманов. Фильм 1968 жылы Алматы қаласында түсіріліп, қалың көрерменге 1969 жылы жол тартты.
Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»