Бала – басты назарда

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деген болатын.

Ендеше бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсетуге кіріскен ҚР Оқу-ағарту министрлігі, оның ішіндегі Рудный қаласындағы мектептер тарапынан қандай шаралар қарастырылғанын жіпке тізіп берейік.

Бұл жыл шынында да балалар үшін берекелі жыл болмақ. Өйткені әлемдік білім бәсекесінде топ жарған жеңімпаздарға үлкен сый-сияпат көрсетіледі. Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы заңға қол қойған болатын. Ол заңға сәйкес алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі әрі ол оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де осындай ақылы сыйақы тағайындалған. Сондай-ақ халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің еліміздегі ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттарға ие болу мүмкіндігі бар. Бұл білім бәйгелерінде бақ сынайтын балалар үшін үлкен «базарлық» екені даусыз.

«Балалар жылына» қатысты шаралардан өңірлер де шет қалып жатқан жоқ. Жыл басынан бері еліміздің әр аймағында 6 000-нан аса өңірлік іс-шара өткен. Сол шаралар кезінде басты назар аз қамтылған отбасы балалары, көп балалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қарай бағытталған.

Сонымен қатар биыл «Балдәурен» базасындағы балалар лагерінде ЖОО, колледж педагогикалық бөлімшелерінің мүшелері қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» республикалық слеті өтсе, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жүздеген мектептің кітапханасы жаңғыртылып, коворкинг аймақтары ашылды.

Министрлік балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағытталған ауқымды іс-жоспар қабылдапты. Мақсат – балалардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Олар 7 бөлім бойынша 50 тармақтан тұрады.

Алғашқы бағыт – «Білімді бала». Оның мақсаты – балалардың сапалы білім алуға және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Оның шеңберінде сыныпта және мектептен тыс тәрбие жұмыстарында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы шаралар жүзеге асады.

Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты баланың білім алу құқықтарын жүзеге асыру мен отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды насихаттауды қамтиды.

Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жобасы. Оның мақсаты – балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту шараларын ұйымдастыру және олардың құқықтарын қорғау.

Төртінші «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім балалар мен ата-
анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша іс-ша­ралар қолға алынады.

Бесінші бағыт «Жайлы мекен» жобасы балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Ал келесі «Бала қорғау» жобасы балалардың қауіпсіз даму жағдайларында құқығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарында суицид тақырыбын жариялау мәселесі бойынша ұсынымдар әзірленеді.

Соңғы бөлімдегі BALA_TIME.KZ жобасында балалар мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бірақ «Балалар жылы» осы аталған шаралармен ғана шектеліп қалмайды, республикалық жоспардан бөлек, тағы да 17 өңірлік және 280 аудандық, қалалық білім ұйымдары мен мектептердің жоспарлары қабылданды.

Рудный қаласындағы №19 мектептің директоры Гүлжазира Смағұлованың айтуынша, білім ордасында «Балалар жылы» аясында көптеген игі шаралар ұйымдастырылмақ. Соның ішінде шоқтығы биігі – «Руханият» жобасы.

– Бұл жоба «Жасампаз жас ұстаз», «Жасыл планета», «Ұшқыр ой алаңы», «Үндестік», «Оқуға құштар мектеп», «Театр мен балалар» сияқты бағыттардан тұрады. Мысалы, «Ұшқыр ой алаңының» шеңберінде оқушылар арасында бала құқығы, мемелекеттік тіл, бейнеойындардың кері әсері туралы дебат турнирлерін өткізу жоспарланған. Дебат – баланың ой-өрісін, сөйлеу мәнерін шыңдап, ізденімпаз, көшбасшы болуға тәрбиелейтін таптырмас құрал екенін атап өткім келеді. Ал «Үндестік» жобасы бойынша түрлі тимбилдингтер, отбасылық кемпинг, кофемонинг өткізу ойда бар.

ХХІ ғасыр – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, жоғары технологияның заманы болғандықтан оқушыларымыздың білімге құштарлығын, ғылымға қызығушылығын ынталандыратын шаралар да күн тәртібінен түспейді, – дейді Гүлжазира Ғинятқызы.

ТҮЙІН: Байқап отырғаныңыздай «Балалар жылы» аясында мемлекет, мектеп тарапынан атқарылар шаралардың ауқымы кең. Ендігі жерде балаларға дұрыстап көңіл бөлу, бойындағы мүмкіндіктері мен дарынын дер кезінде анықтау, қолдау көрсету, бағыт-бағдар беру, қорғау – мемлекеттің, мектептің ғана емес, біз бен сіздің де қасиетті борышымға айналуы керек.

А.ИБРАГИМОВА

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *