Жырға арқау болған жан

«Осы дәуірдің кейіпкері» Жангелді ұстаз жайлы

«Рудныйда Сүндет Молдашев деген інім бар. Өмірбаянымды әңгіме қылып айтып едім, кітапқа жыр қылып шығарды. Мына кітаптың беттерінде маған арнаған өлеңі де бар…». Қарттар күні мен Ұстаздар күні қарсаңында әңгімелескен кейіпкеріміз талай шәкірттің қанаттануына жол ашқан, қазақ мектебінің қалыптасуына атсалысып, бес бала тәрбиелеп, өмір жолы жырға айналған жан. Басылымымызға берген сұхбатында қария еңбек жылдарын еске алып, өмірден түйген ойларымен бөлісті.

«Қалай ғана өмір сүрдім дей алам, бір ауыз сөз қалмаған соң артымда» деген Шынболат Ділдебаевтың толғауындағы жолдар адам ғұмырының мәні мен артында қалдырған ізінің маңызы туралы ойға жетелейді. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін сепкен Якупов Жангелді Мұқашұлы – еңбегімен ел есінде қалар сондай тұлғалардың бірі. Қазақ мектебінің қалыптасып, дамуына үлес қосқан қарияның өмір жолы – бізге өнеге.

Жангелді Мұқашұлы 1959 жылы Қостанайдағы интернатқа қабылданып, білім ала бастайды. Кейін әкесінің қолына көшіп, оқуын жалғастырады. 1969 жылы мектепті тәмамдаған соң, сол жылдың күзінде әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін туған өңіріне оралып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Ұстаздық қызметін бастаған сәттен-ақ білім мен тәрбие ісіне ден қойған ол кейін мектеп басшысы ретінде де еңбек етті. Әсіресе қазақ мектебінің қалыптасуына атсалысқан жылдары қарияның жадында ерекше сақталған.

Еңбек жолындағы маңызды кезеңнің бірі – Затоболдағы қазақ мектебінің дамуына қосқан үлесі. 1995 жылы мектеп-балабақша ретінде жұмысын бастаған білім ордасына алғашқы 16 тәрбиеленуші қабылданды. Екі жылдан кейін оқушылар саны 140-қа жетіп, мекеме Затобольск негізгі мектебіне айналды. Уақыт өте келе мектеп кеңейіп, кейін Нұржан Наушабаев атындағы мектеп-интернат мәртебесін алды. Сол кезеңде жарық көрген газет мақаласында білім ордасының тыныс-тіршілігі мен жетістіктері баяндалған. Басылым дерегіне сүйенсек, мектепте 530 оқушы білім алып, 50 мұғалім еңбек еткен. Оқушылар Қамысты, Науырзым, Таран және Әулиекөл аудандарынан да келіп оқыған. Қарияның естелігінде мектепте ұйымдастырылған ұлттық ойындар мен мерекелік шаралар да айрықша орын алады. Наурыз мерекесінде асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындар өткізіліп, оқушылар салт-дәстүрмен жақынырақ танысқан. Мектептің кең сахнасы мен мәжіліс залы түрлі мәдени шараларды өткізуге мүмкіндік берген. Ұжым аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған.

Ардагер-ұстаз жұбайымен бірге төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірген. Балаларының өмірден өз жолдарын тапқанына қуанады. Қарияның қолындағы суреттерде жақындарымен бірге өткізген қуанышты сәттері мен отбасылық басқосулар бейнеленген. Әр сурет өткен күндерден сыр шертіп, өміріндегі қымбат жандарды еске салады.

Жазушы Сүндет Молдашевтің «Осы дәуірдің кейіпкері» атты кітабы да осы естеліктер мен өмірлік тәжірибенің негізінде дүниеге келген. Автор қарияның әңгімесін тыңдап, оның тағдырын жырға қосқан. Жангелді ата үшін бұл кітап – жүріп өткен жолын кейінгі ұрпаққа жеткізетін рухани мұра.

«Сүндет ініме мың да бір рақмет. Осылай әңгімелесіп отырып шығарған кітабы», – дейді қария ризашылығын білдіріп.

Жангелді Мұқашұлының өмірлік ұстанымдарының бірі – бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау. Ол ұстаздық қызметінде де, отбасында да осы қағиданы басшылыққа алған. Балалардың білім алуына жағдай жасау, оларды жаман әдеттен аулақ ұстау, еңбекке баулу – ата-ана мен ұстазға ортақ міндет екенін айтады. Қазір де қария жастармен араласып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді. Мектептегі және қоғамдық шараларға қатысып, кейінгі буынмен байланысын үзбеген. Әңгіме соңында ол өткен өміріне көз жүгіртіп, елдің амандығы мен ұрпақтың болашағына қатысты тілегін жеткізді:

«Осылай, мінеки, балам, өмір дегеннің қалай өтіп кеткенін білмедік. Ешкімге өтірік айтқымыз келмеді. Балаларға тәрбие беріп, олардың жамандық көрмеуін тілеп, осындай өмір сүріп келдік. Жас келгенімен, әлі күнге дейін жиыннан, ойыннан, мектептен, ата-ана дәстүріне қатысты шаралардан қалмай, өмірімді жалғастырып жүрмін. Елімізде тыныштық, амандық болсын. Алла Тағала сіздерге, барша оқырманға күш-қуат берсін!»

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО