Музыка сабағында тек ән айтады ма?

Тарих, әдебиет және театр… Рудныйлық ұстаз Гүлсая Тажинаның шығармашылық педагогикасы

Рудныйдағы Міржақып Дулатов атындағы мектептің қоңырау үнінде ерекше бір әуез бар. Бұл – мектеп табалдырығын аттаған әр баланың жан дүниесіне өнер арқылы жол тауып жүрген музыка пәнінің мұғалімі, «Педагог-сарапшы» санатындағы Гүлсая Тажинаның еңбегімен байланысты.

Ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, саналы ғұмырын мектеп қабырғасындағы өнерлі де дарынды ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Гүлсая Калмұханқызының еңбек өтілі жиырма жылдан асады. Еңбек жолын ұлт қайраткері Міржақып Дулатовтың есімін иеленген білім шаңырағынан (бұрынғы №15 орта мектеп) бастаған педагог осы жылдар ішінде адал қызметімен, ізденімпаздығымен талай шәкірттің бағын ашты.

«Педагогикалық еңбек жолым да, балалармен өткізген әрбір жемісті сәтім де осы қара шаңырақпен тығыз байланысты. Алғаш рет еңбек жолымды осы мектептен бастап едім, міне, жиырма жылдан астам уақыт бойы осы ортада талмай қызмет етіп келемін. Мақсатым – әрбір баланың бойынан бұғып жатқан шығармашылық дарынды іздеп табу, оны ұштап, өнер айдынына қанаттандыру», – дейді Гүлсая Калмұханқызы.

Музыка пәні мұғалімінің өнерге деген сүйіспеншілігі балалық шағынан бастау алған. Эстетикалық бағыттағы мектепте білім алған ол жас кезінен-ақ музыкалық аспаптардың сырын ұғып, ұлттық өнерді серік етті.

«Өзім кішкентайымнан қазақтың үрмелі ұлттық аспабы сазсырнайда ойнауды үйрендім. Домбыра тартып, ән айттым. Меңгермеген аспабым кемде-кем. Бала кездегі сол қызығушылық, өнерге деген құштарлық уақыт өте келе асқақ арманға айналды. Балалармен жұмыс істеуден ерекше ләззат алатынымды сезген соң, өмір жолымды ұстаздықпен байланыстыруды ұйғардым», – деп ағынан жарылды педагог.

Білімін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында шыңдаған Гүлсая Калмұханқызы бүгінде жоғары білікті, өз ісінің шебері. Мектепте музыка сабағы 1–6 сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Жас ерекшеліктеріне байланысты балалардың сабаққа деген ықыласын ояту, оларды өнер әлеміне баурау оңай шаруа емес. Алайда Гүлсая Тажина бұл ретте педагогикалық заманауи әдіс-тәсілдерді шебер қолдана біледі.

Музыка пәнін тек ән айту мен әуен тыңдаудан тұратын сабақ деп түсіну – үстірт ұғым. Мұғалімнің сөзінше, бұл пән – тарих, әдебиет, поэзия, бейнелеу өнерімен тығыз астасып жатқан көпсалалы жүйе. Музыкалық шығармалардың, күйлердің шығу тарихын баяндау арқылы оқушылардың тарихи танымы кеңейсе, композиторлардың өмір деректері мен өлең сөздері арқылы әдебиетке деген сүйіспеншілігі артады. Сабақ барысында ойын элементтері мен рөлдік ойындарды, интерактивті видеосабақтарды жиі қолданатын педагог әр баланың жан дүниесіне жол табады. Балалар өздерін сахна төріндегі әртіс немесе актер ретінде сезініп, болашаққа деген армандарымен бөліседі. Мұндай тәсіл оқушылардың бойындағы сенімсіздікті жойып, шығармашылық әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүгінгі цифрлық заманда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – басты мәселелердің бірі. Осы орайда мектептегі домбыра және ән үйірмелерінің маңызы зор. Оқушылар смартфонға телмірмей, ұлттық өнерді бойына сіңіріп, мектепшілік, қалалық, облыстық және республикалық байқауларға үнемі дайын отырады.

Еңбегінің басты жемісі – оның осы жылдар ішінде тәрбиелеп шығарған шәкірттерінің жетістігі. Гүлсая Калмұханқызының алдынан дәріс алып, өнер жолын қуып жүрген өрендер өте көп. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қалалық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарған Айнұр Әсембекова бүгінде ұстазының жолын қуып, арнайы музыкалық білімді аяқтады. Дипломын қолына алып, қаладағы мектептердің бірінде музыка пәнінен сабақ беріп, ұстазының әріптесіне айналып отыр. Айнұрдың ізін басып келе жатқан, 9-сыныпта оқитын Әдемі Бұлысбекова да бірнеше байқаудың жеңімпазы атанған. Нәтижелі жұмыстың артында ұжымдық қолдау мен білім беру ұйымындағы қолайлы жағдай тұрғаны анық. Білім шаңырағының директоры Абзал Ағатай мектептегі музыкалық аспаптар базасын толықтай жаңартып, ұлттық домбырадан бастап үрмелі және ұрмалы аспаптардың барлық түрімен қамтамасыз еткен. Бұл мұғалімге де, оқушыларға да еш алаңсыз шығармашылықпен айналысуға жол ашып отыр.

Мұғалімдік мәртебе мен жауапкершілік туралы Гүлсая Тажина ойын түйіндейді:

«Ұстаз, педагог дегеніміз – тек оқушыға білім беруші емес, бүкіл қоғамға үлгі болатын тұлға. Ал музыка мұғалімі ең алдымен шығармашыл, креативті, жан-жақты ойлайтын және көңілді, бала тілін тез табатын бауырмал жан болуы тиіс».

Ерен еңбек елеусіз қалмайды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы бала тәрбиесіне тер төккен ұстаздың қоржынында марапат аз емес. Жақында ғана қаламызда өткен дәстүрлі 2026 жылғы Тамыз конференциясында Гүлсая Тажина білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін арнайы Қала әкімінің марапатына ие болды. Жаңа оқу жылының қарсаңында берілген мұндай жоғары баға – ұстазға артылған үлкен үміт, жауапкершілік пен құрмет.

Жаңа оқу жылын үлкен дайындықпен, көтеріңкі көңіл-күймен бастағалы отырған мектептің өнерлі ұжымы Білім күніне арнап арнайы мерекелік бағдарлама әзірлеген. Мектептің жас домбырашылары күй шертіп, кішкентай әншілері алғашқы ән шашуларын арнаған. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин текке айтпағаны анық.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО