Күй күмбірлеген Ыбырай кеші

Ұлт ұстазының 185 жылдығы танымдық ізденіске арқау болды

Мемлекеттік  тілдегі кітапхананың ұйымдастыруымен «Жастар» ресурстық орталығында көрнекті ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Халық мұрасы – Ыбырай тағылымы» атты әдеби семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты – ұлы ұстаздың бай әдеби, педагогикалық және рухани мұрасын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық сана, адамгершілік, еңбекқорлық пен білімге деген құштарлық қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ қала ұстаздары, кітапханашылары және білім алушылары арасындағы тәжірибе алмасу алаңын кеңейту. Шараға білім беру саласының өкілдері, ұстаздар қауымы, мектеп оқушылары, колледж студенттері, «Кездесу» клубының мүшелері мен кітапханашылар қатысты.

Әдеби кештің шымылдығын «Алтын домбыра» өнерпаздар тобы «Ер Тұран» күйімен түрді. Бұдан соң құттықтау сөз кезегі «Рудный қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» директорының орынбасары Ольга Александровна Осиповаға берілді.

Семинар барысында Ыбырай мұрасын зерттеп-зерделеп жүрген белгілі ақын,  Ыбырайтанушы Серікбай Оспанов, қалалық №8 жалпы білім беретін мектебінің директоры, педагогикалық ғылымдар магистрі Қымбат Бірманова «Ыбырайдан басталған ұлы жол: ұлттық мектептен – болашақ мектебіне» тақырыбында, Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші Зибагүл Жұматаева «Ы. Алтынсарин мұрасы және педагогикалық сабақтастық: Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің тарихи шежіресі мен заманауи дамуы» тақырыбында, сондай-ақ кітапханашы Нұрсәуле Темірханқызы «Ыбырай Алтынсарин мұрасы-ұрпак тәрбиесінің негізі» атты баяндамаларын ортаға салады. Шараның ажарын кіргізіп, сәнін келтірген жас өрендердің өнері болды. М.Дулатов атындағы мектеп оқушылары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін тебірене мәнерлеп оқып, көрермен жүрегінен жол тапса, №8 «Келешек» мектебінің оқушылары «Білімге бастар ақ жол» атты әсерлі сахналық көріністі көрермен назарына ұсынып, жиналған қауымның ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.

Кештің қадірлі қонағы – Ы.Алтынсарин Торғайда ашқан мектептің түлегі, кейін оны басқарған ұлағатты ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Рашила Каленова. Ардагер тағылымды естеліктерін айтып, жиналған қауымға жүрекжарды тілегін арнады.

Іс-шара соңында белсене қатысқан қонақтар мен баяндамашыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар табысталып, қазақы дәстүрге сай «Орамал тон болмайды, жол болады» деп, арнайы келген ақын ағамыз Серікбай Оспанұлының иығына зор құрметпен зерделі шапан жабылды.

Ұлы ағартушының «Келiңiздер, балалар, оқылық!» деген ұраны арада ғасырдан астам уақыт өтсе де өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл салтанатты семинар – ұлт ұстазының өшпес мұрасына көрсетілген зор құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ағартушы салған даңғыл жол – бүгінгі білімді де саналы жастардың келешекке бастар алтын көпірі болып қала бермек.

 

Гулбараш УАЛИЕВА,

«Рудныйдың ОКЖ» ММ Мемлекеттік тілдегі кітапхананың меңгерушісі