«Балқаш» АЭС құрылысының сапасы қалай тексеріледі?

Атом электр станциясының құрылысы әр кезеңде қатаң бақылауды талап етеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында алғашқы атом электр станциясының құрылысын 2027 жылы бастауды ұсынған болатын, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сапаны бақылау жобалық шешімдерді тәуелсіз мамандардың тексеруінен және мемлекеттік сараптамадан өткізуден басталады. Құрылыс барысында ядролық қауіпсіздікті реттеуші орган мен тапсырыс берушінің инженері қауіпсіздік талаптарының сақталуын, жабдықтардың сапасын және құрылыс жұмыстарының орындалуын қадағалайды.

Зауыттарда жабдықтар арнайы сынақтардан өткізіледі. Ал құрылыс алаңында бетон құйылғанға дейін арматураның сапасы, құрылыс материалдарының беріктігі, дәнекерлеу жіктері мен монтаждау жұмыстарының сапасы тексеріледі. Келесі кезеңге өту тек тексеру нәтижелері құжат жүзінде расталғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Қауіпсіздік мәдениеті де маңызды рөл атқарады. Қызметкерлер анықталған кемшіліктер туралы ашық хабарлап, оларды дер кезінде жоюға ықпал етуі тиіс.

Атом электр станциясын іске қосар алдында кешенді сынақтар жүргізіледі. Станцияның жобалық талаптарға толық сәйкес келетіні расталған жағдайда ғана ол қауіпсіз пайдалануға дайын деп танылады.

Дереккөз: Zakon.kz