«Рудныйды таңдағаныма өкінген емеспін»

Рудныймен біте қайнасқан ғұмыр: Айман Калееваның қала тарихы мен тағдыры жайлы естелігі

Рудныйға 1970 жылы оқуға келген Айман Калеева арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл қаладан кетуді ойламаған. Ол үшін Рудный – жастық шағы, қырық жылдық еңбек жолы, отбасы, достары мен талай жылдардың естелігі тоғысқан қала.

Бір кездері шағын әрі тап-таза болып көрінген қала бүгінде жаңарып, көркейіп келеді. Қала тарихын өз ғұмырынан бөле-жара қарамайтын Айман Калеева Рудныйдың кешегісі мен бүгінін салыстыра отырып, тұрғындардың ортақ жауапкершілігі туралы да ой қозғады.

Айман апа, өзіңіз туралы кеңірек айтып берсеңізші. Рудный қаласына қашан көшіп келдіңіз? Осы мекенге келуіңізге не себеп болды?

– Қостанай облысының Қарабалық ауданында дүниеге келдім. Сонда өстім, 10 жылдық мектепті бітірдім. Ал Рудныйға 1970 жылы 21 жасымда келдім. Ең алғаш оқуға түспекші болып Қостанайға барған едім. Содан кейін Рудныйға жолым түсті. Екі қаланы салыстыра қарағанда, маған Рудный бірден ұнады. Шағын, кіп-кішкентай болғанымен, өте тап-таза, көшелері суреттей сүйкімді қала болып көрінді. Қостанай да әдемі, бірақ дәл сол уақытта маған Рудныйдың жылылығы ерекше баурап алды. Содан осы қалада қалдым. Әр әйелге бұйырған өз бақыты болады ғой, мені де осы қалада өз бақытым, өз тағдырым күтіп тұрған екен.

Содан кейін еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Мен Рудныйдағы училищеде оқыдым. Оқуды аяқтаған соң бізді ССКӨБ комбинатына жұмысқа жолдады. Мен сол комбинатың телефон станциясына жұмысқа орналастым. Содан 2010 жылы зейнетке шыққанша, табаны күректей 40 жыл бойы бір жерде өнімді еңбек еттім.

– 40 жыл бір орында қызмет етуүлкен төзімділік. Жұмыс істеген жылдарыңыз қандай лауазымдарда болдыңыз?

– Ең басында қарапайым оқушы, үйренуші болып қабылдандым. Кейін ақырындап мамандықты толық меңгеріп, сатылап өстім. Телефон станциясында жұмыс істегендіктен, міндетіміз – қаланы байланыспен қамтамасыз ету болды. Мұнда ең бастысы – тіл, жүрек және бас. Түнгі ауысымдарда да жұмыс істейтінбіз. Кішкентай балаларды үйге қалдырып, түнде жұмысқа кету оңай болған жоқ, негізгі қиындығы да сол еді. Бірақ ол кезде жас болдық, бәріне төздік, бәрін еңсердік. Ал қазір ойлап отырсам, ештеңе де қиын болмаған сияқты. Басқа ауыр дене еңбегін істеген жоқпыз, елмен, жұртпен байланыста болдық. Соның арқасында бүкіл қаланы, ондағы мекемелер мен адамдарды жақсы танып білдік.

– Отбасыңыз туралы да айта кетсеңіз. Жұбайыңызбен қалай таныстыңыздар?

– Өмірлік жолдасыммен де осы жұмыстың басында таныстық. Ол кісі де менің әріптесім болды, байланыс саласында істеді. Ол – радист, мен байланысшы болдым. Екеуіміз отау құрып, екі бала сүйдік. Бір ұл, бір қызымыз бар. Қызым өте үлкен қызметте, әкімдікте жауапты жұмыс атқарады. Қазір жанымда тұрады. Балаларымның екеуін де оқытып, қатарға қостым. Абыройлы, елге сыйлы азамат болып өсті, мені ешқашан ұятқа қалдырған емес.

– 90-шы жылдардағы тоқырау кезеңі қала тұрғындарына жеңіл тиген жоқ…

– Иә, 90-шы жылдары қаламыз да қиыншылықты бастан кешірді. Дүкенде ештеңе болмады, тамақ тапшы еді. Бірақ бәріне көндік, бәрін жеңіп шықтық. Ең бастысы – үмітті үзбедік.

– Ал қазіргі Рудныйдың келбеті туралы не айтасыз?

– Қазір қаламыз жайнап, жасарып, көркейіп бара жатыр. Қазіргі күнге мың да бір ризамыз. Әсіресе қаламыздың әкімі Виктор Ионенкоға көп рахмет айтқым келеді. Өте батыл, іскер, жаны ашитын азамат екен. Өзі бәрін аралап, атқарылып жатқан әдемі жұмыстардың басы-қасында жүр. Соның арқасында қаламыз бұрынғыдан да сүйкімді, бұрынғыдан да сұлу болып өзгерді. Тек бір ғана тілегім бар: жастарымыз бен қала тұрғындары тазалықты сақтаса деймін. Мәтел бар ғой: «Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болады» деген. Әрбір адам өз қаласына жанашырлықпен қарап, қоқыс тастамаса, оны жинаудың да қажеті болмас еді. Осыны кішкентай балалардың бойына жастан сіңіруіміз керек. Рудныйды алда тек жақсы, жарқын күндер күтіп тұрғанына сенемін.

– Рудныйдан басқа жаққа көшу ойыңызда болмады ма?

– Мен өзі үлкен отбасыдан шыққанмын, сегіз апалы-сіңліліміз. Мен үйдің үлкенімін, қалғандарының бәрі Алматыда және Қостанайда тұрады. Алматыдағы сіңлілерім: «Апа, жанымызға көшіп кел, бәріміз бір жерде болайық» деп қайта-қайта шақырады. Бірақ мен бара алмаймын, ол жақ маған ұнамайды. Алматы – өте үлкен қала, шулы, көлігі де, адамы да көп, басым айналып кетеді. Мен өз үйіме, Рудныйыма келгенде ғана жаным жай табады. Мынадай шағын, жинақы қала маған өте ыңғайлы. Барлық жер қол созым жерде, бәрі өз орнында. Рудныйды таңдағаныма өкінген емеспін.

– Жас ұрпаққа өнеге боларлықтай, 74 жасыңызға қарамастан, өте белсенді өмір сүреді екенсіз. Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Мен өзім 74 жастамын, 1949 жылы туғанмын. Үйде қарап отырмаймын. Осы қаладағы орталыққа келіп, «Бодипозитив» деген спорттық үйірмесін өзім ұйымдастырдым. Адамдарды жинап, қазір 15-16 әйел аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері жаттығуға қатысады. Одан бөлек, осы орталықта өтетін концерттерге, кездесулерге, сайыстарға белсене қатысып тұрамыз. Өмірге деген құштарлықты жоғалтпау керек!

– Ештен кеш жақсы. Қала күні өтіп кетсе де, Рудныйдың тұрғындарына қандай тілек білдіресіз?

– Рудный – ырысы мен ынтымағы жарасқан мекен. Соңғы жылдары қаламызға шетелден де, еліміздің басқа өңірлерінен де қаншама қандастарымыз, жас отбасылар көшіп келіп жатыр. Қазағымыздың қатары көбейді. Барлығы осы жерде шаңырақ көтеріп, жұмыс істеп, тұрақтап қалса екен деймін. Қаламыз жастармен жасарсын, жайқала берсін! Әрбір шаңыраққа денсаулық, амандық, бейбітшілік тілеймін. Аспанымыз ашық, нанымыз мол болсын! Бір-бірімізге бауырмал, сыпайы болайық. Өсіп келе жатқан кішкентай сәбилеріміздің келешегі жарқын, жастарымыздың еңбегі жемісті болсын. Рудныйымыз гүлдене берсін!

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО