Білім саласындағы бәсеке: 5 миллион теңгелік жеңістің сыры неде?

Темірхан Жайлыбаев: «Сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек ете береміз»

Тамыз айының аяғында Қостанай облысында білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтіп, өңірдегі білім беру жүйесінің бір жылдық жұмысы қорытындыланды. Жыл сайынғы бұл алқалы жиын – білім саласының даму бағытын айқындап, оқу-тәрбие процесіне енгізілген реформалар мен инновациялардың тиімділігін сараптайтын негізгі алаң.

Биылғы басқосудың ерекшелігі – өңір мектептері мен колледждерінің, сондай-ақ қалалық және аудандық білім бөлімдерінің рейтингтік бағалау қорытындысы жарияланып, озық шыққан мекемелерге жоғары деңгейде марапаттар табыс етілді.

Кешенді сараптама мен көпкритерийлі бағалаудың нәтижесі бойынша қалалар арасында Рудный қаласының білім бөлімі жеңімпаз атанып, І-орынды иеленді. Осы үздік көрсеткіші үшін мекемеге 5 миллион теңгенің қаржылай сертификаты табыс етілді. Осы орайда, Рудный қаласының білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлыбаевпен сұхбаттастық.

– Осы ауқымды жеңістің сыры неде?

–Бұл қуаныш – бүкіл Рудный қаласының білім беру жүйесінде тер төгіп жүрген үлкен педагогикалық ұжымның, әрбір мектеп пен балабақша қызметкерлерінің ортақ жеңісі.

Рейтингтік бағалау дегеніміз – бір күнде немесе бір айда жасала салатын үстірт бақылау емес. Бұл – жыл бойына созылатын, білім бөліміндегі әрбір методисттің, мектеп директорларының, балабақша меңгерушілерінің, мұғалімдер мен тәрбиешілердің күнделікті тиянақты жұмысын таразылайтын кешенді процесс.

Облысымызда 5 қала бар. Солардың арасынан суырылып шығып, ең үздік деп танылуымыз біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Өйткені бірінші орынды алу бір бөлек те, соны кейінгі жылдары ұстап тұру – одан да қиын міндет. Сондықтан басты мақсатымыз – жеткен биігімізден, белгіленген бұл межеден төмен түспеу.

Соңғы жылдары қаламыздың мектептері мен балабақшалары, сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдары өте жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Осы құрылымдардың бәрі бір жүйеде, бір команда болып жұмыс істегендіктен ғана осындай жеңіске жеттік. Егер бұл тізбектің бір буыны әлсіз болса немесе жұмыс ақсап тұрса, бұл рейтингте бірінші орынға шыға алмас едік. Жетістіктің негізгі сыры – бірлескен, жүйелі әрі мақсатты еңбекте.

– Қаламыз мұндай жоғары көрсеткішке алғаш рет қол жеткізіп отыр ма? Жалпы жыл бойы жүргізілетін бұл бағалаудың ішкі сипаты қандай?

– Осы қызметке тағайындалғаннан кейінгі уақытты алсақ, соңғы бес жыл көлемінде облыстық рейтингте бірінші орынды алғаш рет иеленіп отырмыз.

Бұл бағалаудың өзіндік механизмі бар. Ол 1 қыркүйектен басталып, мамыр айының соңына дейінгі толық бір кезеңді қамтиды. Жыл бойына мектептерде, балабақшаларда, қосымша білім беру орталықтарында атқарылған бүкіл жұмыстар сарапқа салынады. Мысалы, оқушыларымыз бен мұғалімдеріміз қатысқан қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар, ғылыми жобалар жарысы, түрлі шығармашылық және спорттық конкурстар бар. Осы сайыстарда алынған жүлделі орындардың бәрі базаға енгізіліп, есептеледі. Бұл деректерді облыстық білім басқармасы арнайы критерийлер бойынша есептеп, рейтинг жасайды.

– Биылғы тамыз конференциясының басты тақырыптық бағыты қандай болды?

– Заман өте қарқынды дамып жатыр. Биылғы тамыз конференциясының негізгі өзегі – білім саласын одан әрі цифрландыру және жасанды интеллектті оқу-тәрбие процесінде тиімді қолдану мәселесі болды.

Шын мәнінде, технология белгілі бір деңгейде мұғалімнің де, оқулықтың да атқаратын кейбір функцияларын алмастыра бастады. Алайда, тамыз конференциясында баса айтылған басты ой – жасанды интеллект мұғалімді толықтай алмастыра алмайды, ол тек көмекші құрал болуы тиіс. Жиын барысында жасанды интеллектті оқу барысында қалай дұрыс әрі сауатты пайдалану керектігі кеңінен талқыланды. Балалардың оны тек дайын жауапты көшіріп алу үшін емес, өзінің аналитикалық ойлауын дамыту, іздену, жаңа білімді игеру үшін қолдануын қалыптастыру – басты міндет.

– Қаламызда өткен білім беру саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі жайлы айтып өтсеңіз.

Қалалық тамыз конференциясы 20 тамызда «Қалалық білім беру саясаты және адами капитал: конституциялық кепілдіктер мен шынайы білім беру траекториялары» тақырыбында өтті. Жиын барысында өткен оқу жылына қорытынды жасалып, білім сапасы, цифрландыру, педагогтерді қолдау және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері талқыланды.

Айта кететін жайт, кеңес барысында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген үздік педагогтер мен басшылар да марапатталды. Солардың қатарында Темірхан Жайлыбаев та бар. Ол білім саласындағы еңбегі үшін кәсіподақтың «Өрлеу» төсбелгісіне ие болды.

«Бұл жеңіс – жаңа жауапкершіліктің басы. Рудныйдың білім беру жүйесі қашан да өзінің сапасымен, іскерлігімен және жаңашылдығымен танылған. Бұл дәстүрді әрі қарай жалғастырып, өңірдегі білім саласының көшбасшысы ретінде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек ете береміз», – деп қорытындылады сөзін Темірхан Бекбергенұлы.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО