Әзірбайжан мен Қазақстанды бірдей қадір тұтатын рудныйлық кәсіпкер, меценат Вахид Гашимовтың өмір жолы
Қазан айы Әзірбайжан мен Қазақстан үшін тарихи мәні зор екі айтулы күнмен ерекшеленеді. 18 қазанда әзірбайжандар Тәуелсіздік күнін атап өтсе, 25 қазанда Қазақстан Республика күні тойланады. Бұл мерекелердің Вахид Гашимов үшін орны бөлек. Рудныйда отыз жылға жуық уақыттан бері тұратын кәсіпкер әрі меценаттың өмірі қос елмен тығыз байланысты. Әзірбайжан – ата-бабасының мекені, балалық шағы өткен туған жері. Ал Қазақстанда шаңырақ көтеріп, алғаш әке атанды, кәсіп ашып, еңбегімен елге танылды. Бүгінде оның отбасы мен болашаққа деген үміті осы топырақпен біте қайнасқан. Вахид Гашимовтың өмір жолы туған жерге деген сағыныш пен өзі ғұмыр кешіп жатқан елге деген құрметтің қатар өрілуімен құнды. Ол Рудныйдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, мұқтаж жандарға қол ұшын беруді азаматтық парызы санайды. Оның тағдыры адамның туған жерін жүрегінде сақтай отырып, жаңа мекенін де бар ықыласымен қадірлей алатынын аңғартады.
Вахид Яшилхан оглы Гашимов – «Едоша» кәсіпорнының («Кайралапова» жеке кәсіпкерлігі) директоры, меценат әрі «Қостанай облысы әзірбайжандарының «Бірлік» этномәдени бірлестігі» қоғамдық ұйымының мүшесі. Ол Рудныйға 1996 жылы, жиырма жасында келген. Әуелде Қазақстанда бірнеше жылдан бері тұрып жатқан ағасына қонаққа барып қайтуды ғана ойлаған. Алайда сол сапар оның бүкіл өмір жолына бағыт берді.
«Ағама қонаққа келіп, осында қалып қойдым. Әуелде көп аялдамаймын деп ойлап, бүкіл өмірім осы қаламен байланысатынын кім білген. Рудныйға алғаш келгендегі әсерім әлі есімде. Қала өте таза. Тұрғындары да бауырмал, ашық-жарқын екен. Ол кезде қазақша не орысша мүлде сөйлей алмайтынмын, тек әзірбайжан тілін білетінмін. Осы жылдар ішінде қазақ тілін үйреніп, жақсы түсінемін», – дейді Вахид Гашимов жымиып.
Қазақстанда жоғары заң білімін алған ол кейін кәсіпкерлікке бет бұрды. Уақыт өте келе Әзірбайжаннан болашақ жарын көшіріп әкелді. Үш перзенті де Қазақстанда дүниеге келді. Бүгінде балаларының әрқайсысы өз жолын тауып, өмірден өз орнын айқындап келеді. Үлкен қызы Рудный педагогикалық колледжін тәмамдап, тұрмысқа шыққан. Жақында отбасында қуанышты жаңалық болып, Вахид Яшилхан оглы немере сүйіп, ата атанды. Үлкен ұлы Астанадағы медицина университетінде білім алып жүр. Ол болашақта дәрігер болуды армандайды. Ал кенжесі оныншы сыныпта оқиды.
Отыз жылға жуық уақыт ішінде ол қаланың қалай өзгеріп, көркейгенін өз көзімен көрді. Қаланың тыныс-тіршілігі жанданып, жаңа нысандар бой көтерді, тұрғындарға арналған мүмкіндіктер көбейді. Осындай өзгерістердің куәсі болған кәсіпкер Рудныйдың ең басты байлығы – оның тұрғындары деп біледі.
«Рудныйлықтар өте ақпейілді, қолы ашық, бауырмал. Қала да жыл өткен сайын көркейіп келеді. Біз осында еңбек етіп, өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан қолымыздан келгенше қаланың қоғамдық өміріне араласып, қажет кезде өзгелерге көмек көрсетуіміз керек», – дейді ол.
Вахид Гашимов үшін қайырымдылық – құр ниет емес. Ол басқаратын «Едоша» кәсіпорны қайырымдылық шаралары мен қалалық мерекелерге белсене қатысады. Әсіресе балаларға қамқорлық жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорын жыл сайын бүлдіршіндерге арналған мерекелік шаралар ұйымдастырып, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Әр жылдары Вахид Яшилхан оглы қарттар үйіне де қолғабыс еткен. Перцевка ауылында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге атсалысқан. Сондай-ақ кәсіпорын қала күніне арналған мерекелік шараларды өткізуге қолдау білдіріп келеді.
Рудныйдың қоғамдық өмірінде әзірбайжан этномәдени бірлестігінің де өзіндік орны бар. Қаладағы әзірбайжандар өзара ынтымақты сақтап, ұлттық салт-дәстүрлерін ұлықтап, ортақ істерге белсене араласып келеді. Мұндай бірлік халықтың мәдени мұрасын сақтауға, кейінгі ұрпақтың өз тамырын тануына жол ашады.
Вахид Гашимов үшін Әзірбайжан – балалық және жастық шағы өткен, бауырлары мен қарындастары, басқа да жақын туыстары тұратын қастерлі мекен. Туған жерден жырақта жүрсе де, жақындарымен арадағы байланысын үзген емес. Олар үнемі хабарласып, отбасындағы қуанышты сәттерде бас қосуға тырысады.
Гашимовтар отбасында ұлттық әдет-ғұрыптар айрықша қадірленеді. Халқының салт-санасын сақтау, жөн-жоралғыларын ұмытпау – отбасының ұстанған жолы. Ұлттық дәстүр арқылы балалар ата-бабасының тарихын танып, өз халқының мәдениетін бойына сіңіреді. Әзірбайжандық отандастарымен бірге Наурыз мерекесін атап өту де игі дәстүрге айналған. Бұл басқосуларда жұрт қауышып, ұлттық салттарын жаңғыртады, мерекенің мәнін бірге сезінеді. Сонымен қатар өзге мәдениет өкілдері әзірбайжан халқының әдет-ғұрпымен, жөн-жоралғысымен танысады. Осындай кездесулер халықтар арасындағы сыйластықты арттырып, мәдениеттердің өзара жақындасуына ықпал етеді.
Әзірбайжан тарихында 18 қазанның орны ерекше. 1991 жылы осы күні «Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық акт бірауыздан бекітіліп, ел тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазір бұл күн Тәуелсіздікті қалпына келтіру күні ретінде аталып өтеді.
18 қазаннан бір апта өткен соң, 25 қазанда, Қазақстан Республика күні аталып өтеді. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның егемендігін жариялап, тәуелсіз мемлекет болуға қарай жасаған маңызды қадамы еді. Әзірбайжан мен Қазақстанның тарихындағы осы екі күн Вахид Гашимов үшін айрықша қымбат. Бірі оның туған халқының тарихын, ата-бабасының мекенін еске салса, екіншісі шаңырағы көтерілген, балалары өсіп келе жатқан, өзі еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген елдің мерекесі. Екі елдің де тыныштығы мен өркендеуі оған жақын, өйткені олардың әрқайсысымен байланысты өмірлік естеліктері, туыстық байланыстары мен үміті бар.
Вахид Гашимовтың Қазақстанға деген құрметі күнделікті тіршілігінен көрінеді. Ол осы елде отбасын құрды, балалары дүниеге келіп, білім алды. Кәсібін де осында өрістетті. Сондықтан Қазақстанның амандығы мен келешегі оның отбасының тағдырымен де тығыз байланысты.
«Мен үшін Отан өзім дүниеге келген Әзірбайжаннан басталады. Ал балаларымның Отаны – Қазақстан. Олар осы топырақта дүниеге келді, өсті, білім алды. Жетістіктерінің бәрі осы елмен тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстанды Әзірбайжаннан кем жақсы көрмейміз, бәлкім, кейде одан да артық жақсы көретін шығармыз. Өйткені балаларымыз осында тұрады, олардың болашағы да Қазақстанда», – дейді Вахид Яшилхан оглы.
Бір кездері ағасына қонаққа келген жиырма жастағы жігіттің Рудныйда тұрақтап, шаңырақ көтеріп, кәсіп ашып, бала өсіріп, немере сүйетінін өзі де ойламаған. Алайда өмір жолына бүгінгі күннің биігінен көз жүгірткенде, ол өткеніне өкініш білдірмейді. Керісінше, отбасының амандығына, осы елде қол жеткізген жетістіктеріне ризашылығын айтады.
«Өмірімізге дән ризамыз. Егер жағдай басқаша өрбігенде, басқа жаққа көшу туралы ойлануымыз да мүмкін еді. Бірақ қазір ондай ойымыз жоқ. Балаларым да болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Осы елдің отбасымызға сыйлаған жақсылығы үшін шексіз алғыс айтамын», – дейді ол.
Әңгіме соңында Вахид Гашимов қазақстандықтарға ақ тілегін жолдады: «Аспанымыз әрдайым ашық, еліміз аман болсын! Балалардың үні тек қуаныштан шықсын. Елімізде, бүкіл әлемде, әсіресе өзіміздің Қазақстанымызда тыныштық пен ынтымақ орнасын! Баршаңызға денсаулық, амандық және жақсылық тілеймін!»
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ