«Қауіпсіз үй» профилактикалық шарасы басталды

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция профилактикалық жұмыстарды күшейтті

5 қазаннан 5 қарашаға дейін елімізде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Рудный қаласы мен Қашар кентінде де «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Бір айға жоспарланған шара аясында полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын тексереді. Сонымен қатар тұрғындармен кездесіп, жеке қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан сақтану және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Шараның негізгі мақсаты – азаматтардың тұрғылықты жеріндегі қауіпсіздігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін жағдайларды анықтау», – дейді Рудный қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жомарт Кенебаев.

Профилактикалық жұмыстарға учаскелік полиция инспекторлары мен полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылған. Қызметкерлер бекітілген аумақтар бойынша тұрғын үйлерді аралап, азаматтармен әңгімелеседі. Кездесу барысында отбасындағы балалардың жағдайы, олардың мектепке баруы және тұрмыстық ахуалға қатысты мәселелер анықталады. Қажет болған жағдайда тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

«Қауіпсіз үй – полиция мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында аулаларымыз бен көшелеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», – дейді полиция подполковнигі.

Тұрғындардың күнделікті тіршілігі мен жұмыс кестесін ескеру үшін үйлерді аралау уақыты да соған сәйкес белгіленеді. Демалыс күндері полиция қызметкерлері таңертеңнен бастап жұмыс істесе, жұмыс күндері кешкі уақытта барады. Егер тұрғын үйде ешкім болмаса, қызметкерлер басқа мекенжайларға барып, жоспарланған жұмысты жалғастырады. Шара барысында полицияның есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты жері тексеріліп, олардың өмір сүру жағдайына қатысты мәселелерге де назар аударылады. Мұндай кездесулер ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға және көмекке мұқтаж адамдарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Төтенше жағдай туындаса, 101 нөмірі арқылы өрт сөндіру қызметіне, 102 арқылы полицияға, 103 арқылы жедел медициналық жәрдемге немесе 112 бірыңғай құтқару қызметіне хабарласуға болады.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО