Қайғылы қателікке қайта жол жоқ

Екі жасар сәби терезеден құлап кетті: Құтқарушылар ата-аналарға сақтық шараларын қайта еске салады

Рудный қаласының аумағында бүлдіршіндердің терезеден құлап кетуінің алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар қарқынды жүргізіліп жатыр. Маңызды бастамаға қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары, жергілікті полиция қызметкерлері және Жастар ресурстық орталығының еріктілері белсене атсалысуда.

Шара барысында мамандар бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын түсіндіріп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратты. Сондай-ақ тұрғындарға терезеге арнайы бұғаттауыштар мен шектегіштерді орнату жөнінде нақты ұсыныстар берілді.

Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, қайғылы жағдайлар азаймай тұр. Мәселен, биыл 30 шілдеде қаладағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатынан екі жасар бала терезеден құлап кеткен. Осы ретте құтқарушылар тұрғындарды аса сақ болуға шақырады.

«Бөбектердің өмірін қауіп-қатерге тікпеу үшін қарапайым, бірақ өте маңызды ережелерді қатаң сақтау қажет. Мысалы, ыстық күндері балаларды үйде қараусыз жалғыз қалдырмау, бала бар үйде терезелерді айқара ашық қалдырмау, балалардың терезе алдында ойнауына жол бермеу, терезе маңына жиһаз немесе бүлдіршіннің үстіне шығуына мүмкіндік беретін заттарды қоймау», – деп түсіндірді Рудный қаласының ТЖБ бас маманы Ермахан Қабыкен.

Төтенше жағдайлар басқармасы түсіндіру жұмыстарымен қатар, қауіптің алдын алуға бағытталған нақты шараларды да жүргізіп жатыр. Рейд барысында мамандар әлеуметтік осал отбасылар мен ерекше қажеттіліктері бар балалары бар үйлерге терезелерге арналған арнайы бұғаттауыш құрылғыларды тегін орнатып берді.

«Балалардың терезеден құлауын болдырмау – әрбір ата-ананың тікелей жауапкершілігі. Кішкентай азаматтардың амандығы үшін сақтық шараларын күшейту қажет», – деп атап өтті Рудный қаласы ТЖБ бас маманы.

Құтқарушылар тұрғындарды балаларының қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, үйдегі қауіпті аймақтарды алдын ала оқшаулауға шақырады

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО