90 жастың белесіндегі бақыт

«Отбасының беріктігі мен бақыты – екі жастың бір-біріне деген шексіз сыйластығы мен адал еңбегінде»

Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасының, соның ішінде отандық қара металлургия мен тау-кен өндірісінің күретамырына айналған Рудный қаласының шежірелі тарихы – алып өндіріс орындарының қалыптасуымен, сол қаланың іргетасын өз қолдарымен қалаған еңбек адамдарының тағдырымен тікелей өрілген.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – саналы ғұмырын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне (ССКӨБ) қарасты «Байланыс цехы» мекемесіне арнап, Рудный қаласының құрметті азаматы, комбинат ардагері, ақжаулықты киелі шаңырақтың ұйытқысы болып отырған 89 жастағы аяулы әжеміз – Қүнқанша Қазмағанбетова. Біз ақжаулықты анамызбен өткен күннің белгілері, еңбек жолының қалтарыстары мен отбасылық қасиетті құндылықтар төңірегінде сыр-сұхбат өрбіткен едік.

Әңгімемізді әуелден бастасақ. Рудный қаласына ең алғаш қашан көшіп келдіңіздер? Өзіңіз негізі қай өңірдің тумасы боласыз, балалық шағыңыз қай жерде өтті?

– Қостанай облысының Меңдіқара ауданы Көктерек ауылының адамымын, сонда туып-өстім. Жолдасым екеуміз де бір ауылдың, Көктерек ауылының адамдарымыз. Сондықтан біз бір-бірімізді бала кезден, бала шағымыздан жақсы танимыз, білеміз. Жолдасым білім қуып Алматыға барып, сондағы техникалық институтты, байланыс мамандығы бойынша оқуды бітірді. Ол кісі Алматының техникалық институтын 1956 жылы бітіргеннен кейін, бірден осында, Рудныйға жұмысқа келді. Байланыстың оқуын бітіріп маған келді осында, содан кейін біз Рудныйда қосылдық. 1959 жылдың 20 маусымында отау құрдық, үйлендік. Екеуміз де Меңдіқара ауданы Көктерек ауылының адамдары болып, екеуміз қосылып осында келдік. Ол кезде бұл жер қазіргідей үлкен қала емес еді, Соколовка кенті болған. Біз үйленген кезде ең алғаш сол Соколовка кентінен үй берген болатын. Содан кейін уақыт өте келе ол кентті, үйлерді көшіретін болды. Сосын бізді көшіріп, іргелі үйге көштік. Жақсы жұмыс істедік, еңбегіміз еленіп, барлық марапаттарын алдық.

Еңбек жолыңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз. Жұмысты неден бастадыңыз, қандай қызметтер атқардыңыз және зейнетке қай жерден шықтыңыз?

– Еңбек жолымды айтатын болсам, осы Рудныйға келгеннен кейін алғашқы екі жылдай уақыт бойы «Байланыс цехында» телефоншы болып жұмыс істедім. Содан кейін телефоншыдан кадрлар бөліміне көштім. Кейіннен сол жерден жұмыс істеп жүріп, зейнетке шықтым. Мен телефоншыдан бастап, соның кадрлар бөлімінде жұмыс істеп зейнетке шықтым, комбинаттың кадрлар бөлімінен шықтым. Жолдасым да сол «Байланыс цехында» зейнетке шейін, өз мамандығы бойынша үзіліссіз сол жерде жұмыс істеді. Ол кезде зейнет жасы қатаң болатын. 55 жасқа толғанда, ол кезде 55 жас еді, қаласаң да, қаламасаң да 55-те зейнетке жіберетін. Сонымен мен де 55 жасымда комбинаттан зейнетке шықтым. Міне, содан бері 34 жыл бойы зейнеттемін, 34 жыл зейнет демалысында тұрып жатырмын. Комбинаттың өзінде де 34 жыл тапжылмай жұмыс істеген екенмін.

Ол заманда Боровской орта мектебінде қазақ сыныптары болмағандықтан, Қүнқанша апай орысша білім алады. Ұлты басқа әріптестерімен де тез тіл табысып, бір үйдің баласындай тату-тәтті қызмет атқарғанын, олардың көрсеткен құрметі мен көмегін бүгінге досым ризашылықпен айтып отырады.

Бүгінде шетелге шығу таңсық болмаса, өткен ғасырда КСРО аумағын аралаудың өзі үлкен бақыт еді. Комбинат өз жұмыскерлеріне барынша жағдай жасады. Жыл сайын берілетін шипажай жолдамалары арқылы ерлі-зайыптылар балаларын Қостанайдағы ата-аналарына аманаттап, саяхатқа аттанатын. Шаңырақтың берекесі мен адал еңбектің арқасында бұл отбасы комбинат тарапынан тегін автокөлікке де, балабақша мен мектеп жолдамаларына да ие болды. Қүнқанша әже жолдасымен бірге Украина, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты одақтас республикалардың ең көрікті жерлерін аралап, ұмытылмас шақтарды бастан өткергенін мақтанышпен жеткізді.

Перзенттеріңіз, немерешөберелеріңіз туралы айтсаңыз. Ұрпақтарыңыз қазір қайда, қандай қызметтерде жүр?

– Құдайға шүкір, қазіргі таңда менің 6 немерем және 6 шөберем бар. Үлкен бір әулет болып отырмыз. Балаларымның бәрі де өз алдына еңбек етіп, өсті. Үлкен қызым өз саласында жұмыс істеді, содан уақыты келгенде зейнетке шықты. Екінші қызым да сол жерде, фабрикада жұмыс істеп, ол да зейнетке шықты, қазір зейнетте жүргеніне 2 жылдай болып қалды. Күйеу балам Қостанайда стандарттау мекемесінде жұмыс істеді. Ал жалғыз ұлым биыл 60 жасқа толады, қазіргі уақытта Ақтөбеде жұмыс істеп жүр.

Немерелерім де жан-жақта білім алып, еңбек етіп жатыр. Үлкен немерем қазір Германияда жұмыс істеп жатыр, оның келіншегі аспансерік болып істейді. Тағы бір немерем биыл Германиядан магистратурасын бітіріп келеді. Бір немерем Түркияда оқу бітірді. Қалғандары Канададан, қысқасы әр жерден оқып жатыр ғой қазір. Балалардың білім алғанына қуанамын.

Биыл Құдай қаласа 90 жасқа толатын әжеміз әлі де сергек. Өзінің 34 жыл тұрып жатқан құтты шаңырағында, үлкен бау-бақшаның ішінде таза ауамен тыныстап, күнделікті тіршілікпен айналысады. «Аяғым аздап ауырған соң бұрынғыдай қатты жүгірмеймін, бірақ шамама қарай ақырындап қозғаламын» дейді ол. Әженің ең үлкен ермегі мен жанының рахаты – түрлі-түсті гүлдер мен жидектер өсіру.

Әңгіме соңында ақжаулықты анамыз жас отбасыларға өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, бақыттың басты формуласын айтты:

– Отбасының берік болуы, бақытты болуы – ең алдымен ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластығында. Менің жолдасым өте жақсы адам болғасын шығар, біз екеуміз бірге 60 жыл өмір сүрдік, 60 жыл бірге жүрдік. Осы ғұмырымда мен ешқандай қиындық көргенім жоқ. Сыйласып өттік. Ең бастысы — бір-біріңді сыйлай білу керек. Жолдасымның қайтқанына міне 8 жыл болып қалды. Тірі болғанда биыл 93-ке келетін еді. Біз жұмысты да жақсы істедік, сыйластықтың да, жұмыстың да арқасында барлық марапаттарды алдық. Жолдасым Рудный қаласының құрметті азаматы болды, комбинат ардагері атанды. Еңбегіміздің арқасында комбинат бізге машина да берді, балаларға арнап комбинат балабақшасын да, мектебін де берді. Осы жұмыстың арқасы ғой, осы үйді де алдық. Осы үйде тұрып жатқанымызға міне 34 жыл болды. Жастарға айтарым – тек қана сыйластық пен адал еңбек қана отбасын биікке жеткізеді.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО