Ішімдік саудасындағы заң талабы

2026 жылы алкоголь өнімдерін таңбалау талабы қалай өзгермек?

Алкоголь өнімдеріне есепке алу-бақылау маркасын (ЕБМ) жапсыру – мемлекет үшін бірнеше маңызды міндетті қатар шешетін талап. Біріншіден, бұл бюджетке түсетін салық түсімдерін бақылауға мүмкіндік береді. Екіншіден, заңсыз өндірілген және жалған өнімдердің саудаға түсуіне тосқауыл қояды. Үшіншіден, халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Осы талаптар мен 2026 жылы қолданылатын бақылау тәртібі туралы Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Марина Лоран брифинг өткізіп, алкоголь өнімдерін таңбалау тәртібін және заң талаптарын бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді.

Қандай өнімдерге марка жапсырылады?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, елімізде өндірілетін және шетелден әкелінетін алкоголь өнімдерінің барлығы есепке алу-бақылау маркасымен міндетті түрде таңбалануы керек. Дегенмен бұл талапқа бағынбайтын өнімдер де бар. Олар – сыра және сыра сусындары, шарап жасауға арналған шарап материалы.

Қазақстан аумағында өндірілген өнімді маркалау үшін отандық өндіруші жауап береді. Ал шетелден әкелінетін өнімнің таңбалануына оны импорттаушы, яғни елге әкелуші немесе тауарды айналымға шығаруға жауапты адам міндетті.

Марканың жапсырылып тұруы жеткілікті ме? Жоқ. Өнімнің сыртында марканың болуы оның заңды түрде сатылып жатқанын бірден білдірмейді.

Тексеру кезінде марканың белгіленген үлгіге сай болуы, ондағы мәліметтердің анық көрінуі және марка туралы ақпараттың құзыретті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіндегі деректермен сәйкес келуі тексеріледі. Сондықтан кәсіпкер үшін марканы жай ғана жапсырып қою жеткіліксіз. Оның шынайы әрі талапқа сай екенін де тексеру қажет.

Нағыз марканы қалай тануға болады?

Марканың түпнұсқалығын оның сыртқы белгілеріне қарап та ажыратуға болады. Есепке алу-бақылау маркасында арнайы нөмірі, штрих-коды және қарапайым көзге бірден байқала бермейтін қорғаныс белгілері болады. Олардың кейбірі ультракүлгін сәуле түскенде көрінсе, енді бірі температура әсерінен түсін өзгертеді. Сондай-ақ маркада «Бәйтерек» бейнесі, «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазу және голограмма орналасқан. Марканы еңкейтіп қарағанда голограммадағы бейненің өзгеруі де оның қорғаныс белгілерінің бірі болып саналады.

Заң талаптарын бұзған кәсіпкерге қандай жаза қарастырылған?

Заңсыз, таңбаланбаған, маркасы жарамсыз немесе оқылмайтын алкоголь өнімдерін сақтауға, тасымалдауға және сатуға болмайды. Мұндай талаптарды бұзған кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 283-бабы бойынша жауапқа тартылады.

Бірінші жағдай – өндіруші немесе импорттаушы таңбалау талаптарын бұзса. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 283-бабының 1-бөлігіне сәйкес қаралады. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ірі кәсіпкерлік субъектісіне қатысты заңсыз өнім тәркіленіп, лицензиясынан айыру шарасы да қолданылады. Екінші жағдай – маркасы жоқ, жарамсыз немесе жалған маркасы бар өнімді айналымға шығарса. Яғни мұндай өнімді сақтаған, тасымалдаған немесе сатқан жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 283-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл ретте жеке тұлғаларға – 50 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК айыппұл салынады. Сонымен бірге заңсыз өнім тәркіленіп, лицензияның қолданылуы тоқтатылады.

Кәсіпкер де, тұтынушы да нені ескеруі керек?

Кәсіпкерлер алкоголь өнімін сөреге шығармас бұрын оның барлық таңбалау талаптарына сәйкес келетінін тексеруі керек. Марка бүлінбеген, ондағы мәліметтер анық көрінетін және арнайы құрылғылар арқылы оқылатын болуы қажет. Ал тұтынушыларға сатып алатын өнімнің маркасына мұқият қараған жөн. Маркасы жоқ, бүлінген немесе күмән тудыратын өнімді сатып алмаған абзал. Талаптардың орындалуы заңсыз өнімнің сауда сөрелеріне жетуіне жол бермейді. Соның нәтижесінде көлеңкелі айналым азайып, мемлекеттік бақылау күшейеді. Бұл талаптардың басты мақсаты – халықтың қауіпсіздігін қорғау.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО