Тоғызқұмалақтан өңірдің үздіктері анықталды

Жеті турға созылған тартысты бәсекеде Қостанай облысының үздік тоғызқұмалақшылары анықталып, бірқатар спортшы ел намысын халықаралық аренада қорғауға мүмкіндік алды

Рудный қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледж базасында тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасындағы Қостанай облысының командалық чемпионаты мәресіне жетті.

Ұлттық мұрамызды дәріптеп, зияткерлік қабілет пен шеберлікті ұштастыратын тоғызқұмалақ бәсекесіне облыстың қалалары мен аудандарынан 85 ойыншы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Чемпионатқа Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаковск қалаларының, сондай-ақ Қостанай, Қарабалық, Жангелді, Фёдоров, Меңдіқара және Бейімбет Майлин аудандарының құрамалары қатысты. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша жеті турдан өткізіліп, спортшылар классика және рапид бағыттарында бақ сынады.

Жарыстың ұйымдастырылуы мен тоғызқұмалақтың өңірдегі дамуы туралы Қостанай облысының тоғызқұмалақтан бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырхан Әбілбеков айтып берді.

«Бұл чемпионатты Қостанай облысының спорт басқармасы мен облыстық тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Жыл сайын тоғызқұмалақтан жас ерекшеліктері мен командалық есепке байланысты тоғыз облыстық чемпионат өткізіледі. Әр жарысты облыстың әр өңірінде ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Биыл Рудный қаласы алғаш рет осындай жауапты турнирді қабылдап отыр», – деді бас бапкер.

Оның сөзінше, чемпионатқа ел біріншіліктерінің жеңімпаздары, спорт шеберлері және облыстың үздік ойыншылары жиналған. Негізгі бәсекеде Қостанай қаласының ерлер командасы мен Рудный қаласының жергілікті спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, көш бастады. Фёдоров және Қостанай аудандарының құрамалары да тартысты ойын көрсетіп, бәсекенің көрігін қыздырды.

Қостанай облысында тоғызқұмалақтың даму қарқыны жыл санап артып келеді. Спортшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталған тұрақты жарыстар ұлттық ойынды кеңінен насихаттап қана қоймай, үздіктерді республикалық және халықаралық додаларға іріктеуге мүмкіндік беріп отыр.

Облыстың бірқатар мықты ойыншысы қазіргі уақытта Алматы қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Ал Қостанай облысының өкілі Айдын Жакиев Қырғызстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғайды.

Облыстық чемпионат қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған үздік құрамалар алдағы ірі жарыстарда Қостанай облысының намысын қорғайды. Атап айтқанда, чемпионатта топ жарған командалар Ақтау қаласында өтетін ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Ал жас спортшылар Ақтөбе қаласында ұйымдастырылатын ауыл спортшыларының ойындарына қатысады. Қостанай облысының тағы бір өкілі Ерсұлтан Жалғасбай Түркияда өтетін әлем чемпионатында 19 жастан жоғары жас санатында бақ сынайды. Мұның өзі өңірдегі тоғызқұмалақ мектебінің қарқынды дамып келе жатқанын аңғартады.

Рудныйда өткен чемпионат өңірдің үздік ойыншыларын анықтап, оларды жаңа белестерге бағыттады. Енді тоғызқұмалақшылар республикалық және халықаралық додаларда бақ сынасады.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО