Ашық терезе – жасырын қауіп. Терезе бекіткіштерін орнатып, балаңыздың өмірін қорғаңыз!

Жылдың жылы мезгілі басталған кезде балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғалардың саны артады. Жыл сайын мұндай оқиғалар балалардың ауыр жарақат алуына, өкінішке қарай, кейбір жағдайларда қайғылы жағдайларға әкеліп соғады.

Мұндай оқиғалардың басым бөлігі бір ғана себеппен орын алады – бала бірнеше минутқа болса да ересектердің қарауынсыз қалады. Ал москит торы қауіпсіздік сезімін қалыптастырғанымен, ол баланың салмағын көтеруге арналмаған және құлаудың алдын алмайды.

Балаларды қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – терезе бекіткіштерін (терезенің ашылуын шектейтін құрылғыларды) орнату. Бұл – терезенің толық ашылуына шектеу қоятын, баланың оны өздігінен ашуына жол бермейтін қарапайым әрі сенімді құрылғылар.

Терезе бекіткіштерінің артықшылықтары:

  • баланың терезені өздігінен толық ашуына жол бермейді;
  • бөлмені қауіпсіз желдетуге мүмкіндік береді;
  • пластик және ағаш терезелердің көпшілігіне оңай орнатылады;
  • сенімді құрылымға ие және ұзақ уақыт қызмет етеді;
  • бағасы қолжетімді әрі күрделі күтімді қажет етпейді.

Ең сенімді түрлерінің бірі – кілтпен жабдықталған терезе бекіткіштері. Мұндай құрылғылардың көмегімен терезені толық ашу тек ересек адамның бақылауымен ғана жүзеге асырылады. Бұл тұрғын үйдегі қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады.

Терезе бекіткішін орнату ата-ананың қадағалауын алмастырмайтынын есте ұстаған жөн. Ол – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қосымша қорғаныс құралы.

Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін:

  • кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • баланың терезе алдына шығып кетпеуі үшін терезе маңына жиһаз қоймаңыз;
  • москит торының беріктігіне сенбеңіз;
  • міндетті түрде терезелерге арнайы бекіткіштер немесе блокираторлар орнатыңыз.

Терезе бекіткіштерінің бағасы қолжетімді. Ал оларды орнатуға кететін бірнеше минут балаңыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуы мүмкін.

Есте сақтаңыз! Балалардың қауіпсіздігі – қарапайым, бірақ дер кезінде қабылданған шаралардан басталады. Балаңыздың өмірін қорғау үшін қауіпсіздікке бүгіннен бастап көңіл бөліңіз.