Қазақстандықтардың 87%-дан астамы еліміздің саяси бағытын қолдайды

DATAmetrics компаниясы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелерін ұсынды.

Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 000 тұрғын қатысып, зерттеу face-to-face (бетпе-бет жеке сұхбат) форматында өткізілді.

Қоғамдық көңіл күйдің негізгі көрсеткіштерінің бірі – азаматтардың елдің жалпы даму бағытына берген бағасы. Бұл көрсеткіш халықтың мемлекеттік саясатқа деген көзқарасын айқындайды.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 87,8%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Бұл мемлекет жүргізіп отырған саяси бағытқа деген жоғары қоғамдық қолдауды көрсетеді.

Азаматтық белсенділіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі – халықтың сайлауға қатысуға дайындығы.

Сауалнама жүргізілген кезде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлау күні әлі белгіленбегендіктен, қатысушыларға: «Егер Құрылтай (Парламент) сайлауы алдағы жексенбіде өтсе, Сіз дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылды.

Нәтижесінде азаматтардың басым бөлігі алдағы сайлауға қатысуға дайын екенін білдірді. Респонденттердің 75,6%-ы сайлау учаскесіне барып дауыс беретінін айтты. Оның ішінде 44,2%-ы міндетті түрде дауыс беретінін, ал 31,4%-ы дауыс беруге қатысуы ықтимал екенін жеткізді.

Партиялық таңдауды анықтау мақсатында қатысушыларға: «Егер Құрылтай сайлауы алдағы жексенбіде өтсе, қай саяси партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.

Сауалнама қорытындысы бойынша:

* «Әділет» партиясын – 54,2% қолдайды;
* «Ауыл» партиясын – 7,3%;
* «Ақ жол» партиясын – 4,6%;
* «Respublica» партиясын – 3,4%;
* Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны – 2,4%;
* Қазақстан Халық партиясын – 2,1%;
* «Байтақ» партиясын – 1,1% қолдайды.

Ал «Барлығына қарсымын» деген нұсқаны респонденттердің 2,3%-ы таңдаған.

Сонымен қатар, саяси партиялар үгіт-насихат кезеңінде қолдауы үшін күресетін сайлаушылардың үлесі де айтарлықтай жоғары. Атап айтқанда, 22,6% азамат, яғни шамамен әрбір бесінші респондент, әзірге қай партияны қолдайтынын нақты анықтамаған.

Зерттеу нәтижелері қоғамның мемлекеттік саяси бағытқа жоғары деңгейде қолдау білдіретінін және азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуға дайын екенін көрсетеді.

Зерттеу іріктемесі Қазақстан Республикасының бас жиынтығын елді мекен түрі (қала/ауыл), жынысы және жасы бойынша толықтай репрезентативті болып табылады. 95% сенімділік деңгейінде статистикалық қателік ±1,1%-дан аспайды.

DATAmetrics компаниясы аталған мәліметтерді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-К-29 жазбаша хабарламасы негізінде жариялап отыр.