Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі сыналған қалалық байқау өтті
Рудныйда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мен Қазақстан халқының Тілдері күніне орай мектеп мұғалімдері арасында «Инновациялық сабақ» атты қалалық кәсіби байқау өтті.
Ана тілінің абыройын арттырып, ұлттық болмысты ұлықтау – ұрпақ тәрбиесімен қатар жүретін маңызды міндет. Осы мақсатты көздеген шараны Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды. Байқау «Тіл – ұлттың жаны» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өткізіліп, оған «Саналы ұрпақ – 2050» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Кәсіби сайыстың негізгі мақсаты – тіл үйретуде қолданылатын заманауи әдістемелердің аясын кеңейтіп, сабақ үдерісіне жаңашыл тәсілдерді енгізудің тиімді жолдарын көрсету.

Байқаудың өзгеше сипаты мұғалімдердің дайын әдістемені қайталаумен шектелмей, өздерінің авторлық ізденістері мен педагогикалық шешімдерін ұсынуынан көрінді. Қатысушылар сабақ барысында оқыту тәсілдерінің тиімділігін іс жүзінде көрсетіп, әр тақырыпқа өзіндік тұрғыдан келді. Ұстаздардың жұмыстарынан Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған білім беру қағидаттарын бүгінгі оқыту талаптарымен сабақтастыра қолдануға деген ұмтылыс та аңғарылды. Қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева байқаудың өту тәртібі мен маңызына тоқталды.
«Сайысымыз екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерінің сабақ жоспарлары мен құрылымдық жұмыстарын әділ-қазылар алқасының сараптауына ұсынды. Ал екінші кезеңде олар 20–30 минуттық сабақ процесін тікелей көрсетіп, өз әдістемелерін іс жүзінде дәлелдеді. Жалпы Рудный қаласы бойынша барлық мектептерге хабарландыру жіберіліп, білім ошақтарынан түскен өтініштер негізінде он қатысушы іріктеліп алынды. Бұл «Тіл – ұлттың жаны» ауқымды жобасының аясында жүзеге асып жатқан кешенді жұмыстардың бірі», – деді орталық басшысы.
Сайыс кезінде әділ-қазылар сабақтың мақсаты мен құрылымының жүйелілігіне, таңдалған педагогикалық әдіс-тәсілдердің орынды қолданылуына басымдық берді. Сонымен қатар мұғалімдердің инновациялық технологияларды меңгеруі, жасанды интеллект құралдарын оқу мақсатына сай пайдалана білуі де бағаланды. Өзара тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлігін ортаға салған ұстаздар арасындағы тартысты бәсекенің нәтижесінде үздік үштіктің есімі анықталды. Бірінші орынды Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Қасқырбаева иеленді. Екінші орын №8 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шамшира Кулжановаға бұйырса, үшінші орын №3 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Динара Искаковаға берілді. Сайыс қорытындысында жеңімпаздар ғана емес, тәжірибесін ортаға салып, жаңа ізденістерін көрсеткен барлық қатысушының еңбегі ескерілді. Ұстаздарға арнайы дипломдар, алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО