АЭС өндірісі – отандық кәсіпорындарға үлкен мүмкіндік

Еліміз 2029 жылға қарай энергия көзін артығымен өнді­ретіндей деңгейге жету­ді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында осы стра­тегиялық міндетке қол жеткізу үшін жаңарты­латын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішінде күн электр стансаларын кеңінен қол­дануға баса мән беру қажет­тігін атап өтті. Сондай-ақ атом энерге­ти­касын дамытуды маңызды ба­сым­дық ретінде қарастырып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Халықаралық энергети­калық агенттіктің (IEA) хабарлауынша, биыл әлемде жаһандық энергетикалық дағдарыс қатты сезіліп тұр. Қуат көздерін жет­кізу саласында да тапшылық байқалған. Сарапшылардың пікірінше, электр энергиясына деген сұраныс болжамды деңгейден әлдеқайда тез өсіп келеді. Энергияға деген сұра­ныстың артуына әсер еткен фак­торлар көп. Әсіресе әлем елде­рінің цифрлық кеңістікке бет бұруы мен жасанды интеллект дерек орталықтарының көбеюі мәселені ушықтыра түскен.

Жалпы, энергия тапшылы­ғы – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Кез келген экономикалық дағдарыстың соңы энергетикалық дағдарысқа алып келеді. Бұған қоса дәстүрлі қуат көзі – көмір, табиғи газ, мұнай қоры күннен-күнге сарқылып барады. Сондықтан көптеген ел энергияны табиғи көздерден алуға ұмтылып жатыр. Дегенмен де баламалы энергияға көшу біз ойлағандай арзан дүние емес. Әсіресе электр энергиясының басым бөлігін арзан көмірден өндіретін еліміз үшін бұл – айтарлықтай күш-қуат пен техникалық мүм­кіндікті қажет ететін күрделі сала. Әлемнің кейбір елдерімен салыстырғанда жасыл экономиканы дамытуға әлі де дәрменіміз жетпей жатқаны сондықтан.

Елімізде энергия көздерінің жетіспеушілігі қазірден бай­­қа­лады. Президент те Жолдауында Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшы­лығымен бетпе-бет келіп жатқанын атап өтті. Соның салдарынан қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңде көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Мұны шешудің бірден-бір жолы – бірнеше атом электр стансасын салу. Нысандардың нақты салынатыны, қайда салынатыны белгіленді. Енді Мемлекет басшысы атап өткендей, стансаларды елу жылдан кейін, тіпті, одан арғы уақытта уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді қазірден бастап ойластыруымыз керек. АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серік­тестерді Қазақ­станда жоғары техноло­гиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту да – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені атом электр стан­са­сының құрылысы – қомақты инвестиция мен жоғары технологияны қажет ететін ауқымды жоба. Оның экономикалық тиімділігі өндірілетін электр энергиясының көлемімен ғана өлшенбейді. Мұндай жобаның айналасында жаңа өндірістер ашылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қай­та жаңғырып, инженерлік-тех­ни­ка­лық мамандардың жаңа буыны қалыптасуға тиіс.