Наиб имам: «Әйел – мұхит түбіндегі маржандай асыл»
Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Ол – бір әулеттің берекесін кіргізетін жар, ұрпақ тәрбиелейтін ана, қоғамның ажырамас бөлігі. Дін әйелді құрметтеуді ғана емес, оның алдындағы жауапкершілікті де ер адамның міндеті ретінде қарастырады. Ал отбасындағы татулықтың негізі – өзара түсіністік, сабыр мен сыйластық. Рудный қалалық «НҰР» мешітінің наиб имамы Ақтан Төлтаевтың сөзінше, ислам дүниетанымында әйелдің қадір-қасиеті баға жетпес асыл таспен теңестіріледі.
«Мұхиттың тереңінде жатқан маржан сыртқы әсерден қорғалып, өз құндылығын сақтайтыны секілді, әйел заты да құрмет пен қамқорлыққа лайық. Бұл – әйелді қоғамнан оқшаулау емес, оның ар-намысы мен қадірін бағалауға үндейтін ұстаным», – дейді діни қызметкер.
Наиб имам әйелге деген құрмет оның нәзік болмысын түсінуден басталатынын атап өтті. Әсіресе жүктілік, бала тәрбиесі мен тұрмыстық қиындықтар кезінде әйелдің мойнына түсетін салмақты ескеріп, оған қолдау көрсету қажет. Исламда анаға көрсетілетін құрметтің жоғары болуы да осы жауапкершіліктің мәнін аңғартады. Хадистерде жұмақтың ананың аяғының астында екені айтылуы – ана еңбегін бағалап, оған ізет көрсетудің айқын көрінісі. Сонымен бірге әйелдің қадірін тек ана немесе жар ретіндегі міндеттерімен шектеуге болмайды. Діннің негізгі қағидаларының бірі – адамға оның әлсіздігіне, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан құрметпен қарау. Сондықтан әйелдің де, баланың да, жасы үлкен адамның да жағдайына түсіністікпен қарап, қажет кезінде көмек қолын созу – адамгершіліктің белгісі.
«Исламда ер адамға отбасын асырау, баспанамен қамтамасыз ету, күнделікті қажеттіліктерін өтеу және жақындарының амандығына қамқор болу міндеттелген. Бұл жауапкершілік тек материалдық жағдай жасаумен шектелмейді! Ер адам отбасы мүшелерінің көңіл күйін, жан дүниесін түсініп, олардың мұң-мұқтажына да назар аударуы керек», – деп толықтырды наиб имам.
Ол тағы ер мен әйелдің бір-бірін түсінуі үшін олардың мінезі мен болмысын танып-білуі маңызды екенін жеткізді:
«Кейде отбасындағы келіспеушіліктердің туындауына бір-бірінің ішкі жағдайына мән бермеу, көңіл күйін ескермеу себеп болады. Мұндайда мәселені ашумен шешуге тырысу жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Сондықтан дініміз адамды ашуын тежеп, сабыр сақтауға және қандай да бір шешім қабылдамас бұрын ойланып әрекет етуге шақырады.
Бұл ретте Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) отбасындағы қарым-қатынасы мұсылмандар үшін өнеге саналады. Айша анамыздан Пайғамбарымыздың мінезі туралы сұралғанда, ол кісі: «Оның мінезі Құран еді», – деп жауап берген, яғни Пайғамбарымыздың күнделікті өмірдегі іс-әрекеті Құранда баяндалған ізгілік, мейірім, сабыр мен әділдік қағидаларына сай болған».
Ақтан Төлтаев осы өнегенің бүгінгі отбасылар үшін де мәні зор екенін атап өтті. Адамның шынайы болмысы оның үй ішіндегі қарым-қатынасынан да көрінеді. Жұбайына, балаларына және ата-анасына қалай қарайтыны – оның адамгершілік қасиеттерінің көрінісі. Сондықтан сырт көзге ғана емес, отбасында да ізеттілік танытып, жақындарына мейіріммен қарау қажет. Бірінің кемшілігін екіншісі түсіністікпен қабылдап, қиындықты бірге еңсеруі де отбасылық байланысты бекемдейді. Наиб имам исламда әлсізге қамқорлық жасау, мұқтажға қолдау көрсету және адамды жағдайына қарай кемсітпеу қағидаларына да тоқталды. Қолынан іс келетін адамның көмекке мұқтаж жанға жәрдемдесуі – ізгі амалдың бірі. Бұл ұстаным кішкентай баладан бастап, жасы ұлғайған қарияға дейін әр адамның қадірін түсінуге үндейді.
Ақтан Төлтаев әңгімесін Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір жолынан үлгі алып, оның өнегелі іс-әрекеттерін күнделікті тұрмыста басшылыққа алуға шақырумен түйіндеді. Өйткені жақынға құрмет көрсетіп, әлсізге қолдау білдіру, сабыр сақтап, айналаңа мейіріммен қарау – күллі адамды адам ететін қасиеттер.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО